Раушан гүл

Білім беру саласы: «Шығармашылық»

Бөлім: «Сурет»

Тақырып: «Әдемі гүлдер»

Мақсаты

  • Дәстүрден тыс тәсілді жетілдіру: поролон (паралон) әдісімен сурет салу.
  • Гүлдің бейнесін жеткізе білуге үйрету, түстерді бекіту.
  • Ойлау қабілетін дамыту, табиғатқа деген сезімді ояту.
  • Ұқыптылыққа, тазалыққа және ұжыммен жұмыс жасауға тәрбиелеу.

Әдіс-тәсілдер

көрсету түсіндіру таныстыру әңгімелеу сұрақ-жауап ұжымдық жұмыс

Қажетті құрал-жабдықтар

  • Ақ қағаз (A3 формат)
  • Гуашь: жасыл, қызыл, сары
  • Поролон (әртүрлі пішін)
  • Қылқалам
  • Сүлгі
  • Су
  • Тәрелкелер (бояуға)
  • Үнтаспа
  • Интерактивті тақта
  • Слайд, бейнетаспа

Қостілділік компонент

ара
пчела
гүлдер
цветы

Сабақ барысы

1) Қызығушылықты ояту кезеңі

— Балалар, бүгін бізде ерекше күн.

— Біздің оқу іс-әрекетімізді көруге қонақтар келді. Келген қонақтарға сәлем жолдайық.

— Әрбір арайлап атқан таңымызға, келген жаңа күнімізге қуанып, қонақтарға жақсы көңіл-күйімізді білдірейік.

2) Ұйымдастырушылық-ізденіс: «Таңғажайып сәт»

— Балалар, бізге бүгін ара ұшып келді. Кәне, бәріміз арамен амандасайық.

Диалог

Ара: — Сәлеметсіңдер ме, балалар! Мен сендерге жай ұшып келген жоқпын. Маған көмектерің керек.

Балалар: — Қандай көмек? Не болып қалды?

Ара: — Біреу гүлдерімді басып кетті. Енді біз бал жинай алмаймыз. Не істерімізді білмей отырмыз.

Тәрбиеші: — Балалар, араға көмектесеміз бе?

Балалар: — Мұңайма, ара, біз саған көмектесеміз!

Тәрбиеші балалардың назарын интерактивті тақтаға аударады: слайд арқылы гүлдердің түрлерімен таныстырады және суретте не бейнеленгенін сұрайды.

Гүлдермен таныстыру (өлең жолдары арқылы)

Бәйшешек

Бәйшешектен білеміз, Көктем келіп қалғанын. Мәз боламыз, күлеміз, Көрсек гүлін жарғанын.

Раушан гүл

Әдемімін, менен қай гүл аса алған, Әуелден-ақ «гүл патшасы» атанғам. Әсемдік пен хош иістен нәр алдым, Әлемнің көп жерлеріне таралдым.

Қызғалдақ

Қырқалардың төрінен, Қаулап көзге шалынар. Қызғалдақтар өскен қыр, Қызыл көрпе жамылар.

Поролон әдісі: салу тәсілін көрсету

Тәрбиеші гүлді салу жолын кезең-кезеңімен көрсетеді және қолданылатын материалмен таныстырады: поролонның екі пішіні болады — дөңгелек және сопақша.

  • Дөңгелек поролонды сары бояуға батырамыз.
  • Сопақша поролонды қызыл бояуға батырамыз.
  • Боялған поролонды қағазға бастырып, гүлдің пішінін шығарамыз.

— Мұқият қарап отырыңдар. Енді түсінгендеріңді ойын арқылы тексеремін.

3) Дидактикалық ойын: «Гүлдің формасын құрайық»

Мақсаты: ойлау қабілетін дамыту, үлгі бойынша гүлдің формасын құрастыру.

4) Бой сергіту: «Бойымызды жазайық!»

Қимыл-қозғалыс жаттығулары интерактивті тақта арқылы орындалады.

— Балалар, өте керемет! Ендеше сурет салуға кірісейік.

5) Саусақ ойыны: «Біздің гүлдер»

Біздің күлтелер ашылады, (бір-бірімен қосылған саусақтар ашылады) Баяу жел үрледі. (саусақтарды оң және сол жаққа еңкейтеміз) Әдемі гүлдің күлтелері жабылады, (саусақтарды бастапқы қалпына жабамыз) Бастарын қозғалтады, тәтті ұйқыға кетеді. (алға–артқа, оңға–солға қозғалтады)

Ойын бірнеше рет қайталанады.

— Саусақтарымыз демалды, енді суреттерімізді аяқтайық.

Жұмыстарды көрсету және жағдаятты шешу

Балалардың жұмыстары ілінеді де, араға көрсетіледі.

— Ара, көрдіңіз бе? Балалар сіздерге өте әдемі гүлдердің суретін салып берді. Енді сіздер қайтадан бал жинай аласыздар!

Ара: — Иә, суреттер өте керемет! Енді біз бал жинай аламыз. Мен басқа араларға да осы жақсы жаңалықты айтайын. Рахмет сендерге, балалар! Сау болыңдар!

— Балалар, ара сендерге өте риза болды.

Қиялға шому (қысқа релаксация)

— Балалар, бәріміз көзімізді жұмайық.

— Аралардың гүлдердің үстінен бал жинап жүргенін елестетейік. Көбелектер гүлдердің айналасында қуана ұшып жүр. Барлығы риза.

— Енді көзімізді ашайық. Елестеткен бейнелеріміз шындыққа айналғандай. Тақтаға қарайық!

6) Іс-әрекетті бағалау және қорытынды

  • Бүгін бізге қонаққа не ұшып келді?
  • Біз ненің суретін құрастырдық және не салдық?
  • Суретті немен салдық?
  • Қандай түстерді қолдандық?
  • Бізге кім риза болды?

— Балалар, бүгінгі сабағымызға рахмет!

Автор туралы мәлімет

Қала: Атырау

Мекеме: МКҚК №29 «Нұрсая» бөбекжай-балабақшасы

Лауазымы: әдіскер

Автор: Байбулатова Гулбаршын Жолдығалиевна