Гидраның сыртқы құрылысымен танысу

Сабақтың тақырыбы

§41. Ішекқуыстылар типіне жататын жәндіктердің негізгі ерекшеліктері

Сабақтың мақсаты

  • Білімділік: ішекқуыстылар типін түсіндіру, білімді тереңдету, өкілдерімен таныстыру.
  • Дамытушылық: ойлау қабілетін дамыту, ой-өрісті кеңейту, ізденімпаздықты арттыру.
  • Тәрбиелік: оқушының ойын еркін жеткізуіне, пікірін дәлелдеп айтуына, сөз мәдениетін сақтауға тәрбиелеу.

Ұйымдастыру және формат

Сабақ түрі
Аралас
Әдістер
СТО, ауызша сұрақ-жауап, баяндау
Көрнекілік
Интерактивті тақта, кестелер, суреттер

Нәтиже

Оқушылар ішекқуыстылардың негізгі белгілерін, тіршілік формаларын (полип, медуза), негізгі кластары мен өкілдерін ажыратып, гидраның құрылысы мен мінез-құлқын бақылау арқылы қорытынды жасайды.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Сәлемдесу, оқушыларды түгендеу.
  • Оқушы назарын сабаққа аудару, сыныпты жұмысқа дайындау.

II. Үй тапсырмасын сұрау

Тапсырма: «Ғажайып ондық»

  1. 1. Инфузория деген не?
  2. 2. Бодо неліктен жануартекті қарапайымдарға жатады?
  3. 3. Бодо қалай қозғалады?
  4. 4. Қантышқақ амебасының зияны қандай?
  5. 5. Ұйқы ауруының қоздырғышы қандай?
  6. 6. «Хроматофор» сөзі грек тілінен аударғанда қандай мағына береді?
  7. 7. Лямблияның дене тұрқы қандай?
  8. 8. Безгекпен ауырған адамның дене қызуы қанша градусқа дейін көтеріледі?
  9. 9. Кірпікшелі жәндіктерде ядро қандай қызмет атқарады?
  10. 10. Споралылар типіне қандай жәндіктер жатады?

Қосымша: кестені толтыру.

III. Өткен сабақты пысықтау

Біржасушалы жәндіктер Споралылар Кірпікшелілер Талшықтылар

IV. Жаңа сабақты түсіндіру: Ішекқуыстылар типі

Негізгі кластары

  • Гидроидтар класы
  • Сцифоидтар класы
  • Маржан полиптері класы

Жалпы сипаттама

Ішекқуыстылардың басты белгілерінің бірі — онтогенез барысында екі ұрық жапырақшасының (эктодерма және энтодерма) түзілуі. Бұл қабаттар ересек дарақта да айқын сақталады және олардың арасында мезоглея қабаты орналасады. Осыған байланысты ішекқуыстылар екі қабатты жануарлар тобына жатады.

Екінші белгі — энтодерма қабатындағы жасушалар асқорыту сөлін бөліп, қоректі гастральды қуыстың ішінде қорытады. Сондықтан бұл қуыс ішек қуысы деп те аталады.

Тағы бір маңызды ерекшелік — сәулелі симметрия. Морфологиясы мен тіршілік етуіне қарай олар полиптер (тіркелмелі) және медузалар (еркін жүзетін) болып бөлінеді.

Полиптер

  • Денесі көбіне цилиндр тәрізді.
  • Табаншасымен субстратқа бекиді.
  • Қарсы жағында ауыз тесігі болады, ол қармалауыштармен қоршалған.
  • Көп жағдайда колония түзіп тіршілік етеді.
  • Колония мүшелері әртүрлі қызмет атқарса — полиморфты, бірдей болса — мономорфты колония.

Медузалар

  • Жеке тіршілік етеді, колония құрмайды.
  • Еркін жүзіп қозғалады.
  • Дене пішіні шатыр, табақша немесе қоңырау тәрізді.

Арнайы жасушалар

Ішекқуыстыларда атқыш (күйдіргіш) және жүйке жасушалары болады. Жүйке жасушалары тор түзеді.

Таралуы

Негізінен теңіздерде таралған, аз бөлігі тұщы суларда мекендейді. Шамамен 9000-ға жуық түрі белгілі.

Өлшемі және даму жолдары

Ұзындығы 1 мм-ден бірнеше сантиметрге дейін; ірі түрлері де кездеседі. Мысалы, алып медузаның көлденеңі 2 м, ал қармалауыштары 30 м-ге дейін жетуі мүмкін. Даму жолдары: жыныссыз, жынысты және ұрпақ алмасу (метагенез).

Ескерту: тақырыпты бекіту үшін гидроидтар, сцифоидтар және маржан полиптері бойынша иллюстрациялар мен сызбалар қолданылады.

V. Сабақты бекіту: №14 зертханалық жұмыс

Тақырыбы: Тұщы су гидрасының сыртқы құрылысы мен тіршілігімен танысу.

Құрал-жабдықтар

  • Ұлғайтқыш әйнек (2–3 оқушыға біреу).
  • Сапты инелер.
  • Ішінде гидрасы бар сынауық (2–3 оқушыға біреу).

Жұмыс барысы

  1. 1. Гидраны таза тоқтау судан тауып, зертханалық жұмысқа дайындау. Қажет болса, гидраны үлкен шыны ыдыста ұстап сақтауға болады.
  2. 2. Сынауықтағы су өсімдігіне жабысып тұрған гидраны ұлғайтқыш әйнекпен қарап, сыртқы құрылысын сипаттау: қалай бекінгенін анықтау, дәптерге суретін салу. Қармалауыштарының созылуы және бүрісіп домалануы мүмкін екенін байқап, екі күйін де бейнелеу.
  3. 3. Шыны ыдыстағы өсімдікке жабысып тұрған гидраны тітіркендіріп, нәтижесін бақылау: денесі созылған кезде ине тигізіп, гидраның жауап реакциясын жазып алу.

    Оқушылар тітіркенуге берілетін жауапты ұлғайтқыш әйнек арқылы нақты көре алады.

  4. 4. Сабақтан тыс қосымша тәжірибелер:
    • Гидраның қорегін қалай аулайтынын бақылау.
    • Гидраның «адымдап жүруін» қадағалау.

    Бұл бақылаулар үшін гидраны 1–2 күн қоректендірмей, ашықтырған дұрыс: сонда ол қорекке тез ұмтылады және қозғалысы айқынырақ байқалады.

Мағынаны тану

«Лотерея» ойыны: Алтын таға

ойын
  • Обелияның суретін құрастыру.
  • Берілген сурет бойынша: «Бұл қандай ішекқуысты?»
  • Қызыл маржанды сипаттау.
  • Гидраның ішкі және сыртқы құрылысын сәйкестендіру.
  • Ішекқуыстылардың өкілдерінің аттарын жазу.
  • «Артық сөзді» табу.

Сұрақ-жауап

«Білгенге маржан»

талқылау
  • Маржан деген не?
  • Риф деген не? Оның қандай түрлері бар?
  • Актинияның гидрадан айырмашылығы неде?
  • Гидра қандай жолмен көбейеді?
  • Құлақты медузаның диаметрі неше сантиметрге дейін жетеді?

VI. Қорытынды

Денесі көптеген жасушалардан тұратын жануарлар көпжасушалылар деп аталады.

Ішекқуыстыларда жүйке жасушалары жүйке торын түзеді және барлығында дерлік атпа жасушалары болады.

Олар су ортасында, көбінесе теңіздерде тіршілік ететін жыртқыш жануарлар.

VII. Оқушы білімін бағалау

Бағалау: сабаққа қатысуы, сұрақтарға жауап беруі, зертханалық жұмыстағы бақылауы мен қорытындысы, дәптердегі сызбалардың нақтылығы бойынша.

VIII. Үйге тапсырма

§41 оқып келу. Қосымша: кестені толтыру.

Кесте: салыстыру

Белгілері Актиния Тамырауыз медуза
1. Мекен ортасы
2. Жемі және ұстау әдісі
3. Астың қорытылатын орны
4. Қозғалуы
5. Дене пішіні
6. Денесінің реңі
7. Дене симметриясы