Бір уақытта мінбеге Қожанасыр шығып

Алдар көсе

Халық әңгімелерінен

Бидай мен салам

Алдар көсе мен шайтан бірігіп бидай егеді. Егін піскен соң орып, бастырып, бидайын бір бөлек, саламын бір бөлек қояды. Сонда Алдар көсе шайтанға: «Көбін аласың ба, азын аласың ба?» — деп сұрайды.

Шайтан: «Көбін аламын!» — дейді. Алдар көсе: «Көбі — мынау» — деп саламды шайтанға береді де, бидайдың бәрін өзі алып қалады.

Түлкі дауы

Бір күні Алдар көсе мен шайтан түлкі қуып, ұстап алады да, «қайсымыз жасы үлкен — түлкіні сол алсын» деп келіседі. Алдар көсе шайтаннан: «Жасың нешеде? Айтшы» — дейді.

Шайтан: «Мен туғанымда көк табақтай ғана, жер кеседей ғана едім» — дейді. Мұны естіген Алдар көсе еңіреп жылай жөнеледі.

Шайтан: «Неге жылайсың?» — дейді.

Алдар көсе: «Менің үлкен балам дәл сол жылы туған еді, құрдас екен-ау» — деп жауап береді.

Сөйтіп, Алдар көсе «үлкен» болып шығып, түлкіні өзі алады.


Қожанасыр

Халық әңгімелерінен

Үш ауыз «қасиетті» сөз

Қожанасыр кедей адам екен. Бір күні жаяу кіреші болып, нәпақа табайын деп базарға келеді. Жаяу кірешілердің қасында тұрып, сандық, кесе, шыны-аяқ, тас табақ секілді сынғыш заттарды алып баруға жалданбақ болады.

Заттың иесі: «Ақыңа ақша бермеймін, орнына үш ауыз мағыналы, қасиетті сөз үйретемін» — дейді. Ақша табылар, ал «қасиетті сөзді» естіп көрейін деген оймен Қожанасыр келіседі.

Үйретілген сөздер

Жол жүріп келе жатып, Қожанасыр: «Қасиетті сөздеріңізді айтыңыз» — дейді.

Бірінші сөз

«Егер біреу аштық тоқтықтан жақсы десе — еш уақытта нанба.»

Қожанасыр: «Мынау бек мағыналы сөз екен» — дейді.

Екінші сөз

«Егер біреу аттылыдан жаяу жүру жанға тыныш десе — еш уақытта нанба.»

Қожанасыр: «Бұл да зор мағыналы сөз екен» — дейді.

Үшінші сөз

«Егер біреу жаяу кірешіден сенен де ақылсызырақ бар десе — әсте нанба.»

Үйдің жанына келіп, қақпадан кірер алдында үшінші сөзді естіген Қожанасыр сандықты төбесінен түсіріп, жерге сарт еткізіп ұрады да: «Егер біреу бұл сандықтың ішінде сынбай қалған нәрсе бар десе — сен де еш уақытта нанба» — дейді.


Қожанасырдың ақылы

Жиында айтылған мысқыл

Бір жиында жұрт жиналып, әркім мінбеге шығып, білген ақылын, үгітін айтып жатады. Бір кезде мінбеге Қожанасыр шығып: «Жамағат, менің айтпақ болғаным не туралы екенін білесіңдер ме?» — дейді.

Жұрт: «Жоқ, білмейміз» — дейді.

Қожа: «Білмесеңдер, білмейтін нәрселерің жайынан қалай сөйлеймін?» — деп мінбеден түсіп кетеді.

Жұрт өзара кеңесіп: «Білмейміз деп қате айтыппыз. Енді сұраса, білеміз дейік», — деседі.

Аздан соң Қожанасыр қайта шығып: «Жамағат, мен не туралы сөйлейтінімді білесіңдер ме?» — деп сұрайды. Жұрттың бәрі ду етіп: «Білеміз, білеміз!» — дейді.

Сонда Қожа: «Өздерің біліп тұрсаңдар, мен несін айтайын?» — деп тағы да сөйлемей, мінбеден түседі.

Жиындағы адамдар: «Енді сұраса, білетініміз де бар, білмейтініміз де бар дейік. Сонда не дер екен?» — деп келіседі.

Қожанасыр үшінші рет мінбеге шығып, тағы сұрайды: «Жамағат, мен нені айтқалы тұрғанымды білесіңдер ме?» Жұрт: «Білетініміз де бар, білмейтініміз де бар» — дейді.

Қожанасыр: «Онда білетіндерің білмейтіндеріңді үйретсін, білмейтіндерің білетіндеріңнен үйренсін» — деп мінбеден түседі.

А. Байтұрсынұлы, «Ел-шежіре»