Ана мен баланың арасындағы қандай махаббат
Махаббат – өмір нәрі
Бұл сабақ махаббат ұғымын тереңірек танып, оны өзімізге, өзгеге және әлемге деген құрмет пен мейірім арқылы нығайтуға бағытталады.
Сабақтың мақсаты
Адам бойындағы махаббат сезімін танып, өзіне және өзгеге деген сүйіспеншілікті құрметтеуге баулу.
Міндеттері
- Махаббаттың барша адамға ортақ, көпқырлы сезім екенін, оның адамға тән іңкәрлік екенін ұғындыру.
- Адамды, табиғатты, өмірді сүйе білуге және оларды құрметтеп, қадір тұтуға тәрбиелеу.
- Адамгершілікке, сенімділікке, сезімталдыққа, нәзіктікке баулу.
Сабақ барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі — «Тыныштық сәті»
Баяу әуен қосылады. Ыңғайланып отырыңыз, көзіңізді жұмып, денеңізді босатыңыз да тынышталыңыз. Көз алдыңызға енді ғана атып келе жатқан шуақты таңды елестетіңіз.
Сіз тауға алып баратын жалғыз аяқ жолмен келе жатырсыз. Таза ауа, салдырлаған мөлдір бұлақ, құстардың сайраған үні… Сіз жеңіл дем алып келесіз, өзіңізді күш-қуатқа толы сезінесіз.
Жер Анаға, табиғатқа деген махаббат пен сүйіспеншілік — өзіңізге деген махаббатпен тығыз байланысты. Күн шуағы сізге сәуле шашады, самал жел шашыңызды тербетіп, бойыңызға жайлылық береді. Табиғат сізді таң нұрымен қарсы алып, мейірімін сыйлайды.
Енді осы күштің бүкіл денеңізге сіңіп, қуат беріп тұрғанын сезініңіз. Сол қуатты өзіңізге жақын адамдармен, достарыңызбен бөлісіп жатқаныңызды елестетіңіз. Бұл қуат — өміріңізбен тығыз байланысты. Сіз — әлемдегі ең бақытты жансыз.
2) Үй тапсырмасын тексеру (сұрақтар)
- Сендерді жақсы көретін адамдарға қалай жауап беріп жүрсіңдер?
- Ана мен бала арасындағы махаббаттың ерекшелігі қандай?
- Қыз бен жігіт арасындағы сезім туралы не айтар едіңдер?
- Туған жер мен табиғат сендерде қандай сезім тудырады?
- «Мөлдір махаббат», «шынайы махаббат» ұғымдарына анықтама беріңдер.
3) Әңгімелесу
Ой-толғау
Ей, перзентім, адамның табиғи сұлулығы (сыпайылығы, биязы мінезі) болмаса, ғашық болу қиын. Себебі махаббаттың өзі табиғи сұлулықпен байланысты. Табиғи сұлулық — адамның ұнамдылығы. Ұнамды мінез-құлық пен жарасымды көріктен әдемілік туады.
Егер ғашықтықты көңілдің еркіне ғана берсең, құмарлықтың құлы болып қалу қаупі бар.
«Абай жолы» (үзінді) бойынша
- Тоғжанның сұлулығын айқындап тұрған қандай күш?
- Махаббаттың адам өміріне және айналасындағыларға әсері қандай?
4) Дәйексөз
«Өзіңе деген махаббат — тамаша нәрсе, өйткені ол адамның өз қабілетін сезінгенінің белгісі».
Т. Гоббс
Талқылау
Осы дәйексөздің мағынасын қалай түсіндіресіңдер?
Ойлану
«Өзіңе деген махаббат» дегенді сен қалай ұғасың?
5) Шығармашылық және топтық жұмыс
Оқушылар 3 топқа бөлінеді. Әр топ берілген тақырыпты пікірлерімен ашып, қорғайды.
1-топ
Туған жер мен табиғатқа деген махаббат
Табиғатқа сүйіспеншілік пен оны қорғаудың құндылығын талқылау.
2-топ
Өзіңе деген махаббат
Өзін құрметтеу, өзін қабылдау, өз мүмкіндігін тану жайлы ой бөлісу.
3-топ
Алғашқы махаббат
Сезімнің тазалығы, жауапкершілік және сыйластық туралы әңгімелеу.
6) Топпен ән айту
Ән: «Алғашқы махаббат»
7) Үй тапсырмасы
- 1 Әрқайсымыз «тілек кемесі» тәсілі арқылы өз жүрегімізге хат жазамыз (шағын эссе).
- 2 «Ғашықтық ғаламаты» мәтінін оқып келу.
8) Позитивті күйге келу
Баяу әуен қойылады. Махаббат — үлкен, құдіретті күш. Махаббат — сенімді дос. Махаббат — шексіз бақыт.
Көзімізді жұмып, еркін жайғасайық. Бүгінгі сабақтан нені түсіндік, қандай жақсы нәрселерді үйрендік, өзімізге нені алдық — осының бәрін ой елегінен өткізейік. Жүрегімізге түйіп, санамызда сақтайық.
Жайлап, көзіңізді ашуға болады.
Бүгінгі тамаша сабақ үшін көп рақмет!