Киелі әрі өте көне мамандық

Қазіргі заман мұғалімі

«Ұстаз болу – жүректің батырлығы, ұстаз болу – сезімнің ақылдығы. Ұстаз болу – мінездің күн шуағы, ұстаз болу – адамның асылдығы», – деген Ғафу Қайырбековтың өлең жолдарын оқығанда, мен өзімді бақытты сезінемін. Ұстаз болғаныма мақтанамын. Өйткені ұстаздық – мақтан тұтар, киелі әрі көне мамандық.

Адамзат баласын ертеден ойландырып, толғандырып келе жатқан, қоғам өзгерсе де маңызын жоймайтын үлкен міндет – шыр етіп дүниеге келген нәрестені өмір сүруге дайындау. Бұл – қиынның қиыны. Себебі әр адам – қайталанбас тұлға, оның жан дүниесі – өзінше бір әлем. Ал ұстаз сол әлемді танып, баланы алға жетелеуші.

Ұстаз – бала болмысына әсер етуші, бағыт-бағдар беруші, ата-ананың сенімді серіктесі. Көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты және мейірімділікті талап ететін кәсіп – ұстаздық.

Ұстаздың миссиясы: білім беру және тағдырға жетекшілік

Мұғалім еңбегі, біріншіден, адамзат тарихында жинақталған ғылым негіздерінен білім беруге бағытталса, екіншіден, шәкіртпен күнделікті қарым-қатынаста болып, «білсем, үйренсем» деген бала арманына тірек болуды талап етеді. Мұғалім баланың сырлы тағдырына жауапкершілікпен қарап, оның дамуына басшылық етеді.

ХХІ ғасыр ұстазы қандай болуы керек?

Кәсібінің майталманы

Рухани күш-жігері мен парасат-қуатын кәсібіне арнайтын, бай қиял мен ерекше талантты қажет ететін қызметтің иесі.

Алдын ала сезе білетін

Күнделікті еңбекте туындайтын түрлі жағдайларды болжап, тиімді шешім табуға әрдайым дайын тұлға.

Жеке тұлғаны қалыптастырушы

Әр баланың жан дүниесін танып, оны дербес, жауапты, саналы азамат етіп тәрбиелеуге ықпал ететін ұстаз.

Ел болашағының мүсіншісі

Қоғамның ертеңін бүгінгі оқушы арқылы қалыптастыратын, адамгершілік құндылықтарды дарытатын жетекші.

Ұстаз сөзінің мәні және мектептегі мұғалімнің орны

«Ұстаз» сөзінің екі қыры бар: бірі – белгілі бір пәннен сабақ беретін оқытушы, екіншісі – беделі жоғары, ықпал етуші дана тұлға. Мектептегі ұстаз – баланың екінші ата-анасы, болашаққа айқын жол сілтер ақылшысы.

Мейірімге толы жүрек шәкірт бойындағы талай ағаттықты кешіре біледі. Ал білім мен парасат кейде тентекті жуасытып, еркені сабасына түсіріп, тәртіпке баулиды. Сондықтан әрбір шәкірт өзіне үлгі болған сүйікті мұғалімін «ұстазым» деп қадірлейді.

Осы тұста Абайдың:

Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға, –

деген өлең жолдары еріксіз ойға оралады.

Қоғам талабы және мұғалімнің үздіксіз дамуы

Педагог әрқашан өзін қоғам талабына сай үздіксіз тәрбиелеп отыруы керек. Ол адамдармен, әсіресе оқушылармен, тез тіл табыса білетін, ұйымдастырушылық қабілеті бар, өз пәнін жетік меңгерген, тәжірибесі мен таланты үйлескен тұлға болғаны абзал. Сонымен қатар қоғамдық өмірге белсенді араласып, елі мен жеріне сүйіспеншілігі арқылы оқушыларға үлгі болуы тиіс.

Ұстазға жүктелер міндеттің салмағы

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары. Мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелер міндет ауыр», – деген болатын.

Қазіргі заман мұғалімінен тек өз пәнінің терең білгірі болу ғана емес, тарихи-танымдық көзқарас, педагогикалық-психологиялық сауаттылық, саяси-экономикалық білімділік және ақпараттық сауаттылық та талап етіледі. Заман талабына сай білім беруде жаңалыққа құмар, шығармашылықпен жұмыс істейтін, оқу мен тәрбие ісін ұштастырып, оқытудың жаңа технологияларын шебер меңгерген мұғалім ғана білігі мен білімі жоғары жетекші тұлға ретінде құрметке лайық.

Автор туралы

Жамбыл облысы, Меркі ауданы.

Информатика пәні мұғалімі: Дамира Алимқұлова.

Қысқа түйін

Ұстаздық – білім беру ғана емес, адам қалыптастыру. Ол үшін жүрек жылуы, кәсіби шеберлік және үздіксіз ізденіс қажет.