Дана ата
Сабақтың мақсаты
Негізгі бағыт
- Табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыру.
- Экологиялық тәрбиенің негізін бекіту.
- Шаруашылық әрекеттерден туындайтын экологиялық мәселелерді талқылап, шешу жолдарын іздеуге ынталандыру.
Көрнекіліктер
• Слайдтар
• Нақыл сөздер
Нақыл сөздер
- 1) Экология — тағдыр.
- 2) Табиғатсыз адамдардың күні жоқ, мұны айтуға табиғаттың тілі жоқ.
- 3) Жер байлығы — ел байлығы.
Мұғалімнің сөзі
Құрметті ұстаздар мен оқушылар! Бүгін 7 «А» сынып оқушылары дайындаған «Табиғаттың тарылтпайық мөлдір, кәусар тынысын» атты ашық тәрбие сағатымызды ашық деп жариялаймыз.
Жүргізушілер сөзі
1-жүргізуші
Табиғаттың тарылтпайық
Мөлдір, кәусар тынысын.
Пәк табиғат! Жүрегімнің
Тамылжыған жырысың!
Ей, адамдар! Қалай ғана
Қатігездік жасайсың?
Ол — анаң ғой, ал сен оның
Кенже ұлысың.
2-жүргізуші
Ей, адамдар! Күн мен гүлден жаралған,
От сезім мен мейірім содан таралған.
Тіршілік иесі — Жер анаға қараңдар!
Зор қайғыдан күрсінгенде, ах, ұрады дүние.
Жаратылыс заңдылығы бұзылса,
Сонда болар кім ие?
Табиғатқа үндеу
1-жүргізуші
Пәк ауаға кешегі кім налады?
Түтін, тұман аспанды тұмшалады.
Кір шалады аққулардың қанатын,
Соны ойласаң, көңілді кір шалады.
2-жүргізуші
Сексеуілдің орнында көмір қалып,
Аман ба, өзі тұрған өңір налып?
Ақ мамықтай ақша қар шаһарларға
Енді жауса жауады қоңырланып.
1-жүргізуші
Бар дейсің бе өмірде азап ондай?
Дүние озса, ол енді азады оңбай.
Адам таза болмайды ешқашанда,
Айналайын, табиғат таза болмай.
Оқушылардың өлеңдері
1-оқушы
Экология! Бөтен сөз — бір туғаның, бірақ та.
Білгенге бұл көсем сөз, мәңгі қалар құлақта.
«Эко» — «үй», «Отан» — ежелден-ақ грекше,
Сөз патшасын ұнатам, жүрегіме гүл ексе.
Бізге ғылым — «логия», тұтқасы бар әлемнің:
Онсыз мекен жоқ ұя, жоқ киесі өлеңнің.
Өз үйің — өлең төсегің, табиғат боп қалады.
Оған атқан кесегің — өз басыңды жарады.
2-оқушы
Экология — өмірдің соғып тұрған жүрегі.
Ей, табиғат, балаңмын, ертеңіңе алаңмын.
Денсаулығы ғаламның — денсаулығы адамның!
3-оқушы
Арал қашып алысқа, сағындырды,
Көбікті іздеп, кезеді сағым мұңды.
Сортаң жердің сораңын дауыл жұлқып,
Өртейді күн аптабы, шағыл құмды.
Көрініс: «Экологиялық әліппе»
Тақырыбы: сарқылмайтын шексіз байлықтар — жер, су, ауа, сондай-ақ жан-жануарлар мен өсімдіктер әлемі. Дана ата мен қос бала — Жайлау мен Суаттың мұңды да сырлы әңгімесі.
Дана ата
Айналаға қарасаңдар, адамзат қоғамының қазір экологиялық тоқырау босағасында тұрғанын байқау қиын емес. Адам баласы бұған тиісті дәрежеде көңіл бөліп, күн ұзартпай сол табалдырықты алыстатуға әрекет етпесе, жер бетіндегі тіршілік атаулыға апат қаупі төнері анық.
Адамзат — халықтардан, халықтар — жеке адамдардан тұрады. Сондықтан әрбір адам экологияның жақсаруы жолында күресуі керек. Теңіздер тамшылардан құралады… Мысалы: Арал, Балқаш.
Жайлау
Е-е, енді бірдеңе түсіне бастаған сияқтымын. Ал фотосинтез дегеніміз не?
Сұрақ: Фотосинтез деген не?
Суат
Фотосинтез — Жерге түскен Күн сәулесінің энергияға айналуы.
Фотосинтездің маңызы
Дана ата: Балалар, әлемдегі жан-жануар, адамзат пен өсімдіктер дүниесінің тіршілігі фотосинтезге тәуелді. Басқаша айтсақ, фотосинтез — органикалық заттардың түзілуі және оттегінің бөлінуі. Ал жер бетіндегі тіршілік оттегісіз күн кеше алмайды.
Суат: Орман-тоғай мен жасыл алқаптардың жойылуы фотосинтез қорын кемітіп қана қоймай, топырақ эрозиясын күшейтіп, ауа райын өзгертеді дегенді естігем.
Ауа туралы ой
Дана ата: Иә. Адамзат баласының ұзақ жылдар бойы Жер-Ананы аяусыз пайдалануынан туған экологиялық апат — алып айдаһардай өзіне қайта шапқалы тұр. Сол «жеті басты айдаһардың» бір басы — ауа.
Дерек: Адам тамақсыз 30–35 күн, сусыз 5 күн шыдаса, ауасыз бар болғаны 5-ақ минут өмір сүре алады.
Жайлау: Мұны бір жерден оқыған сияқтымын.
Суат: Ауа негізінен оттегіден тұратынын білеміз, ата.
Дана ата: Жақсы. Енді ойлап көріңдер: республикамыздан күніне ұшып жатқан ұшақтардың әрқайсысы шамамен 50 тонна оттегін жұтады. Жер бетіндегі миллиондаған көлік пен әуедегі сансыз ұшақтардың қанша оттегіні «жұтып» жатқанын өздерің есептеп көріңдер.
Суат: Ата, ол сұмдық көп сан болады ғой. Есептеуіш құрал керек шығар.
Дана ата: Бұдан жиырма шақты жыл бұрын мектептерде дүниедегі таусылмайтын шексіз байлықтар — ауа мен су, орман-тоғай деп оқытылатын. Ал қазір ауаның да азайып, тоғайдың да жойылып, теңіздердің де тартылатынына көзіміз жетті.
Жайлау: Иә, қазір солай, ата. Мысалы, Қарабұғаз мүлде жойылып барады.
Суат: Ал Арал, Каспий теңіздері мен Балқаш көліне кім араша болады?
От пен оттегі
Жайлау: Ата, оттегісіз от жағуға бола ма?
Суат: Меніңше, оттегісіз от жанбайды.
Дана ата: Жер бетіндегі миллиардтаған адам отсыз тамақ іше алмайды. Демек, әлемдік ауа бассейнінің бүлінуіне көкке ұшып жатқан зымырандардан бастап, күнделікті тұрмыстағы әрбір ас үйге дейін үлес қосып отыр. Ал пайдасыз, орынсыз жанып жатқан от қаншама…
Жайлау: Апырай! Сонда орынсыз от жақсақ, ол да табиғатқа зиянды екен ғой.
Суат: Әрине. Ол азайып бара жатқан оттегіні одан әрі төмендетуге әсер етеді.
Дана ата: От тек оттегіні азайтып қана қоймайды, көмірқышқыл газын да көбейтеді. Мұны ұмытпаңдар.
Дереккөз
Мекеме
Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Жарлы селосы, Байғанин орта мектебі
Дайындаған
Қаратаева Гүлбану