Оқытудың нәтижелері

Қысқа мерзімдік жоспар (3-сынып)

Пән
Ана тілі
Сабақ тақырыбы
Сәкен Сейфуллин — «Ақсақ киік»
Сынып
3

Сабақтың мақсаты

Оқушыларды Отанын, халқын сүюге, табиғатты танып-білуге және қорғауға тәрбиелеу; әсемдікті сезіне білуге баули отырып, эстетикалық талғамын арттыру.

Міндеттері

  • Білімділігі: деңгейіне қарай тапсырмалар беру арқылы шығармашылық ізденіске баулу; оқу техникасын (дауыстап, іштей түсініп, шапшаң әрі мәнерлеп оқу) жетілдіру.
  • Дамытушылығы: сөздік қорын молайту; ауызша сөйлеу дағдысы мен жазба тілін дамыту.
  • Тәрбиелілігі: жақсы мен жаманды ажырата білуге, үлкеннің ақылын тыңдауға үйрету; туған жерді, табиғатты сүюге және қорғауға тәрбиелеу; экологиялық мәдениетті қалыптастыру.

Оқытудың күтілетін нәтижелері

  1. Жаңа тақырып бойынша түсінік қалыптастырады.
  2. Тақырыптың мағынасы мен мазмұнын түсіндіреді.
  3. Өз пікірін жеткізу арқылы берілген тапсырманы орындайды.
  4. Өз ойын еркін жеткізіп, сыни тұрғыдан ойлап, талдай алады.

Қамтылатын модульдер

  • 1-модуль: Оқыту мен оқытудағы жаңа тәсілдер (топтық жұмыс).
  • 2-модуль: Сыни тұрғыдан ойлауға үйрету (ассоциация, INSERT — түртіп алу).
  • 3-модуль: Бағалау.
  • 4-модуль: АКТ қолдану.
  • 7-модуль: Көшбасшылық (топты басқару, сабақта белсенді қатысу).

Сабақ қадамдары

  1. Үй тапсырмасын тексеру
  2. Интерактивті тақтамен жұмыс
  3. Топтық жұмыс
  4. Кері байланыс
  5. Бағалау

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Шаттық шеңбері

Мұғалім оқушылармен бірге шеңбер құрып, сәлемдеседі, жағымды психологиялық ахуал қалыптастырады.

Хормен:
Әрбір адам? — Туысым, досым, жұрағатым.
Әрбір сабақ? — Үйрену, ұғу, ұлағат.
Әрбір ісің? — Тірлік, тірек, адамдық.
Әрбір сөзің? — Шындық, бірлік, адалдық.

Бөліммен байланыс

Оқушылар «Табиғат — менің өз үйім» бөлімімен танысады. Мұғалім табиғаттың адам өміріндегі орны туралы ой тастайды:

  • Табиғатсыз адамның күні жоқ.
  • Мұны айтуға табиғаттың тілі жоқ.

Топқа бөлу (табиғатпен байланысты)

Оқушылар үш топқа бөлінеді: Ауа, Су, Жер. Мұғалім қысқаша мәнін бекітеді: ауа — дем алу үшін, су — ішу үшін, жер — өмір сүру үшін қажет.

1-топ: Ауа

«Ауаны тазартудың ең тиімді жолы — көгалдандыру»

2-топ: Су

«Сусыз жер — нусыз жер»

3-топ: Жер

«Жері байдың — елі бай»

Оқушының әрекеті

  • Ережені сақтайды.
  • Тапсырмаларды орындайды.
  • Өзін-өзі және өзара бағалауға қатысады.

II. Үй тапсырмасын тексеру

1-тапсырма: Диалогтік оқыту

1-топ

Жазушы Көкшенің көркін қалай суреттеген?

2-топ

Неліктен Көкшені гауһар тастан жасалған күмбезге, аспанға теңейді?

3-топ

Көкшенің көркін ерекше көркем етіп көрсетіп тұрған не?

2-тапсырма: АКТ

Интерактивті тақта арқылы тапсырмалар орындалады.

III. Жаңа сабақ: «Ақсақ киік»

Автор туралы

Сәкен Сейфуллин (1894–1938) — қазіргі Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданында, Нілді станциясы маңында туған. Қазақтың көрнекті ақыны, жазушысы, қоғам қайраткері, ағартушы, зерттеуші, композитор. Халқына адал қызмет еткен.

Шығармашылық мұрасы

  • «Тар жол, тайғақ кешу» романы
  • Өлеңдеріне жазылған әндер: «Сарыарқа», «Көкшетау», «Тау ішінде», «Ақсақ киік»

Ой қозғау (СТО, INSERT)

Мәтінмен жұмыс барысында оқушылар INSERT жүйесін қолданады:

v

Білемін

+

Жаңалық

?

Түсіндіріңіз

Өлең түсіндіріле отырып оқылады, түртіп алу арқылы сөздік жұмысы жүргізіледі.

Сөздік жұмысы

Арқа

Кең дала, жазық өңір.

Бетпақдала

Жері құрғақ, шөбі сирек шөлді аймақ.

«Ел жоқ, күн жоқ»

Шөлде тіршілік атаулының аздығын, иен даланы меңзейді.

Географиялық ұғымды нақтылау үшін картадан Арқа мен Бетпақдала көрсетіліп, Қазақстан аумағындағы орналасуы таныстырылады.

Киік туралы түсінік

Сұрақ-жауап:
Біздің халқымызда киік туралы қандай ұғым бар? — Киелі жануар.
Киіктің лағын қалай атаймыз? — Құралай.

Ақбөкен (киік) — жұптұяқты, тұлғасы ірі, қойға ұқсас, дөңес тұмсықты дала жануары.

  • Текесінің мүйізі қайқылау келеді, ешкісінде мүйіз болмайды.
  • Жазда түсі сарғыш, қыста ақшыл тартады.
  • Көбіне егіз, кейде үш лақ табады.
  • Қорегі — шөп, таза су ішеді.

4-тапсырма: Топтық жұмыс (постер қорғау)

Өлең мәнерлеп оқылады. Әр топқа мазмұнды бөліктер бойынша тапсырма беріліп, постер арқылы қорғалады. Оқушылар киік туралы өз ойларын ортаға салады.

1-топ

Бетпақ шөлін суреттеу (1–2 шумақ); мергендердің сол кездегі кәсібі.

2-топ

Бөкен-киіктің сұлулығы (3–4 шумақ).

3-топ

Келе жатқан ақсақ киіктің халі (5–6 шумақ).

Қосымша жұмыс: Кәкімбек Салықовтың сөзіне жазылған, Жақсыкелді Сейіловтің «Жез киік» әнін тыңдау. Сергіту сәті өткізіледі.

Бекіту сұрақтары

  1. Бетпақдаланы неге шөл деп атайды?
  2. Киік қандай жерді мекендейді?
  3. Киікті басқаша қалай атайды?
  4. Киік мүйізінен не жасалады?
  5. Өлең сендерге несімен әсерлі болды?
  6. Өлең қалай аяқталады деп болжам жасайсыңдар?

Оқушы пікірі (үлгі)

Өлеңдегі ақынның табиғатты суреттеуі мен жанашырлығы ұнады. Ең әсер еткені — адамдардың табиғатты қорғамауы, мергендердің жазықсыз аңды атуы. Өйткені қазіргі таңда түз жануарының саны азайып барады.

Болжам (үлгі)

Ақын киіктің өлген-өлмегенін нақты айтпайды. Сондықтан киік қансырап өлуі мүмкін; мейірімді жандарға кезігіп, жарақатынан жазылуы мүмкін; ит-құсқа жем болуы ықтимал.

Бағалау және үй тапсырмасы

  • Топтық жұмысты бағалау, мадақтау.
  • Әр оқушыға жеке баға қою.
  • Үй тапсырмасы беріледі.

Мұғалімнің рефлексиясы

1-әрекет: Әлеуметтік-сындарлылық тәсіл

Сабақты оқушылармен шеңберге тұрып амандасудан бастадым. «Табиғат — менің өз үйім» тақырыбымен байланыстыра отырып, оқушыларды «Ауа», «Су», «Жер» топтарына бөліп, бірлескен орта қалыптастырдым. Топ басшылары сайланды. Топқа бөлу кезеңі оқушыларды сыни тұрғыдан ойландыруға бағытталды.

2-әрекет: Қызығушылықты ояту

Үйрену процесі — бұрынғы білім мен жаңа білімді ұштастыру. Тақырып мағынасын ашу үшін СТО технологиясының «миға шабуыл» әдісі арқылы сұрақтар қойылып, кіріспе әңгіме жүргізілді. Өлеңді INSERT жүйесімен оқыту (v, +, ?) және сөздік жұмысы оқушылардың түсінуіне көмектесті.

3-әрекет: Топ жұмысын құрылымдау

Кейс-стади элементтері арқылы топтық жұмысты постермен қорғауға бағыттадым. Нәтижесінде топ ішінде қозғалыс, жаңа ойлар пайда болып, оқушылардың белсенділігі артты. Әр топтың жауабы қанағаттанарлық деңгейде болып, тақырыпты меңгеруге жол ашылды.

4-әрекет: Бағалау және кері байланыс

Тапсырмалар барысында топ басшылары өз тобының жауаптарын тыңдап, мадақтап бағалады. Оқушылардың оқу үдерісін талдау үшін смайликтерге стикер жапсыру тәсілі қолданылды.

Автор туралы мәлімет

Мектеп

Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, Ақжігіт ауылы, Мәди Бегенов атындағы жалпы білім беретін орта мектеп

Мұғалім

Алпанова Ақкүміс, бастауыш сынып мұғалімі