Мұхиттың ірі өзендерін картадан табыңдар

Сабақтың мақсаты мен міндеттері

Бұл сабақта Евразия материгінің ішкі суларына қатысты географиялық заңдылықтар зерттеледі: өзен алаптары, көлдер, мұз басу аймақтары, көпжылдық тоң және жер асты сулары.

Негізгі оқу мақсаты

  • Евразияның ішкі суларының алаптары мен таралу заңдылықтарын түсіндіру.
  • Өзендер мен көлдердің ерекшеліктерін анықтап, сипаттай білу.

Тұлғалық және дағдылық мақсаттар

  • Мәтінді оқып, есте сақтау, салыстыру және ойды жүйелеу дағдыларын дамыту.
  • Шығармашылық және ізденушілік қабілеттерді жетілдіру.
  • Суды таза сақтауға, үнемдеуге және қорғауға тәрбиелеу.

Сабақ форматы

Түрі

Жаңа сабақ

Әдістері

Интерактивті жұмыс, сөйлесу, дәлелдеу, көрсету, картамен жұмыс

Көрнекіліктер

Слайдтар, дүниежүзілік физикалық карта, электронды оқулық

Күтілетін нәтижелер

  1. 1 Оқушылар сабақ мазмұнын меңгере алады.
  2. 2 Өзендерді алаптар бойынша сипаттайды.
  3. 3 Көлдер туралы мәліметтерді талдап, толықтыра алады.
  4. 4 Картадан мұз басу, көпжылдық тоң және жер асты суларының таралу шекараларын анықтайды.
  5. 5 Тақырыптағы проблемалық мәселелерді айқындайды.
  6. 6 Өз ойларын жүйелі түрде жеткізе алады.

Сабақтың құрылымы

1) Кіріспе бөлім

Сабақ мазмұнына қатысты слайдтар ұсынылады. Мұғалім кіріспе сөз сөйлейді.

Жедел ой қозғау

«Балалар, су дегенде көз алдарыңа не елестейді? Ойларыңды тақтаға жазыңдар».

Оқушылар дәптерлеріне күн датасын және сабақ тақырыбын жазып, сабақтың барысымен танысады.

2) Негізгі бөлім

Оқу тапсырмасы

Оқушыларға оқулықтың 84–88-беттерін оқуға 6 минут беріледі. Кейін оқу нәтижесі сұрақтар арқылы тексеріледі.

Негізгі сұрақ

Евразия материгінің ішкі суларының таралуы мен орналасуына байланысты қандай заңдылықтарды білеміз?

Проблемалық сұрақтар

  • Көпжылдық тоң мен батпақтардың зиянды жақтары қандай?
  • Муссондық жаңбырлардың шаруашылыққа кері әсері болуы мүмкін бе?

Оқу сұрақтары (жылдам жауап)

  1. 1.Солтүстік Мұзды мұхит алабына жататын өзендерді атап, картадан көрсетіңдер.
  2. 2.Бұл өзендер қалай қоректенеді?
  3. 3.Жазықтағы ірі өзендерді қалай пайдалануға болады?
  4. 4.Атлант мұхиты алабына жататын өзендердің қоректенуі неліктен әркелкі?
  5. 5.Атлант мұхиты алабындағы өзендер не себепті қатты ластанған?
  6. 6.Тынық мұхит алабының өзендері бастауын қайдан алады?
  7. 7.Мұхитқа құятын ірі өзендерді картадан табыңдар.
  8. 8.Евразия материгі көлдерінің пайда болуы және кәсіптік маңызы қандай?
  9. 9.Үнді, Ганг, Тигр, Евфрат өзендерінің өзіндік ерекшеліктерін атаңдар.
  10. 10.Қазіргі мұз басу, көпжылдық тоң және жер асты суларының таралу аймақтарын атаңдар. Олардың шаруашылықтағы маңызы қандай?

Тақырыпты тереңдету тапсырмалары

1) «Артық нысандарды» табыңдар

Кестедегі әр алапқа сәйкес келмейтін өзен атауларын анықтаңдар.

Өзен алаптары Өзендер
1 Солтүстік Мұзды мұхит Енисей, Елек, Есіл, Дунай, Обь, Ертіс, Іле
2 Атлант мұхиты Үнді, Сена, Жем, Днепр, Хуанхэ, Висла, Тигр
3 Тынық мұхит Амур, Жайық, Ертіс, Меконг, Сырдария, Хуанхэ
4 Үнді мұхиты Евфрат, Амудария, Ганг, Брахмапутра, Еділ, Іле, Обь
5 Ішкі тұйық алап Еділ, Сена, Ырғыз, Ойыл, Тобыл, Днестр, Прут

2) Топтық жұмыс

Оқушылар екі түрлі көк қағаздың түсі бойынша (ақшыл көк және көгілдір) топқа бөлінеді. 4 минут дайындалып, ұсыныстарын айтып, слайд арқылы қорғайды.

Назар аудару

Жұмыс барысында дәлел келтіру, картаға сүйену және ойды жүйелі жеткізу талап етіледі.

№1 топ: Болжау тапсырмасы

Егер Парсы шығанағында мұнай өндіру толық тоқтатылса, не болуы мүмкін?

  • Араб елдерінде экономикалық дағдарыс туындауы мүмкін.
  • Жұмыссыздық артуы ықтимал.
  • Халықтың әлеуметтік жағдайы нашарлауы мүмкін.
  • Туристер саны азаюы ықтимал.
  • Наразылық шараларының көбеюі мүмкін.

№2 топ: Шешім ұсыну тапсырмасы

Арал теңізі суының деңгейін қалпына келтіру жолдары (мысалдар).

  • Қар суын жинақтап, су айдындарына бағыттау.
  • Суды улы химикаттардан тазарту шараларын күшейту.
  • Мұздық ресурстарын зерттеп, тасымалдау мүмкіндігін қарастыру үшін қаржы бөлу.
  • Каспий маңындағы жер асты сулары ресурстарын ғылыми негізде бағалап, бағыттау мүмкіндігін қарастыру.
  • Мойынқұм аймағындағы жер асты су қорларын пайдалану үшін канал жүргізу нұсқаларын талдау.

3) Оқулықпен жұмыс (ауызша)

Оқулықтың 88-бетіндегі 3-тапсырма орындалады: «Материктегі қандай өзендер мен көлдер қатты ластануға ұшыраған деп ойлайсыңдар? Себебі неде?»

Қорытынды бөлім

Жинақтау тапсырмасы

Оқушылар карта мен оқулық соңындағы жоспарды пайдаланып, материктегі бір өзенді өз таңдауы бойынша дәптерге сипаттап жазады.

Сабақты түйіндеу

Су жүргізер тіршіліктің тамырын,

Су жоқ болса, тіршілік тамам, бауырым.

Судың біз біле тұра маңызын,

Көп болған соң ұмытамыз қадірін.

Т. Есімжанов

Бағалау және үй тапсырмасы

Бағалау

Оқушылардың жауаптары, картадағы жұмысы және топтық қорғауы негізінде бағаланады.

Үй тапсырмасы

Тақырыпты оқу; кескін картаға өзендер мен көлдерді түсіру.