Қазақ халқының ұлттық қолөнерінің шығу тарихымен таныстыру
Сабақтың тақырыбы
Ұлағат болсын ұлыма, ғибрат болсын қызыма.
Сабақтың мақсаты
- Ата-әжелерімізден ұмыт болып бара жатқан ұлттық қолөнер түрлерін танып, олардың мәні мен ерекшеліктерін үйрену.
- Қазақ халқының ұлттық қолөнерінің шығу тарихымен танысу.
- Ұлттық ою-өрнектердің түрлері, қасиеттері және ырым-тыйымдарымен танысу.
- Ұлттық ою-өрнектерді жаңғыртып, жаңа технологиялар арқылы бастырып тігу тәсілдерін меңгерту.
Сабақтың көрнекілігі
Көрнекі материалдар
- Тақтадағы ұлттық қолөнер туралы ұлағатты сөздер.
- Ұлттық ою-өрнектердің түрлері.
- Матадан ойылған ою-өрнектер панносы және өрнек үлгілері.
Құрал-жабдықтар
- Ою оюға арналған шаблондар, түрлі-түсті қағаздар, қайшы, желім.
- Тігуге арналған ине, түрлі жіптер, бастырып тігуге арналған ширатпа жіптер және т.б.
- Музыкалық әуен.
Сабақтың барысы
Жүргізуші
Кіріспе сөз
Сәлеметсіздер ме, құрметті қонақтар, ата-аналар мен оқушылар! Бүгінгі ашық есік күні ата-аналар қоғамымен бірлескен жұмыс аясында өтетін «Ұлағат болсын ұлыма, ғибрат болсын қызыма» атты іс-шарамызды бастамас бұрын, сіздерді келе жатқан Ұлыстың ұлы күнімен құттықтаймын!
Келе жатқан жаңа жылымыз елімізге құт-береке әкелсін, молшылық пен тыныштық болсын!
Бүгінгі шарамызға ата-аналарымыз бен ата-әжелеріміз қатысып отыр.
Қамшы өру: дәстүр, технология, ырым
Сыныбымызда өнерлі оқушылар көп. Солардың бірі — Әбіпбек Ғасыр. Ол атасынан қамшы өруді үйреніп, қамшының қасиеттері мен мағынасын тереңірек білгісі келеді.
Ғасыр атасымен бірге ортаға шығып, қамшының шығу тарихына тоқталып, қамшыны алты өрім етіп өру технологиясын көрсетті. Ал атасы қамшының ырымдық қасиеттерін түсіндіріп берді.
Жүргізуші
Рахмет сіздерге! Ата, сізге де үлкен рахмет! Оқушылар қамшының шығу тарихын, қасиеттері мен ырымдарын жан-жақты түсініп, қамшы өруге қызығушылық танытып отыр.
Құрақ құрау және ою-өрнек: ұрпаққа аманат өнер
Енді ұлттық қолөнер туралы Ақмаралдың әжесі — Ақтүймеш әже өз тәжірибесімен бөліседі.
Ақтүймеш әже
«Өнер — таусылмас қазына, жұтамас байлық», — дейді дана халқымыз. Қазақ қолөнері — өзіне тән бітімі мен көркемдік мән-мағынасы бар, ғасырлар талғамынан өткен асыл қазына. Соның бірі — құрақ құрау.
Халық өнері ғасырлар бойы өзгеріп, күнделікті тұрмыс-тіршілікпен тығыз байланыста дамып келеді. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасуының арқасында әр өңірдің шеберлері тігудің сан түрлі әдіс-тәсілдерін тұрмыстық бұйымдарға қолданып, оны көркемдеудің жолдарын жетілдірді.
Ал ою-өрнек — халық өнерінің ежелден келе жатқан бір саласы. Оның тарихы тереңде жатыр. Өрнектің мазмұны мен атаулары дәуірдің тыныс-тіршілігіне, тұрмыс салтына қарай өзгеріп, толығып, дамып отырған.
Бүгінде ою-өрнек өнері қайта түлеп, бай мазмұнымен жаңаша сипат алып, материалдық та, рухани да қазынамызға айналып отыр.
Тәжірибелік бөлім: «Сегіз бұрыш» ою-өрнегін ою
Енді бірге ұлттық ою-өрнектердің бір түрін ойып көреміз. «Сегіз бұрыш» ою-өрнегін қағазды бүктеу әдісі арқылы оямыз.
Алдарыңызда түрлі-түсті қағаздар мен оюдың шаблондары бар. Сол шаблондарды пайдаланып, оюды дәл әрі ұқыпты етіп ойып шығамыз.
1) Дайындау
Қағазды таңдаңыз, шаблонды әзірлеңіз, қауіпсіздік ережесін еске түсіріңіз.
2) Бүктеу және белгілеу
Қағазды бүктеп, «сегіз бұрыш» үлгісін шаблон арқылы түсіріңіз.
3) Ою
Қайшымен сызық бойымен ұқыпты ойып, өрнектің симметриясын сақтаңыз.