Ғ дыбысы және әрпіСабақтың мақсатыБілімділігі
Сабақтың мақсаты
Білімділігі
Ғ дыбысы және оның әріп таңбасымен таныстыру, дыбыстың дұрыс айтылу артикуляциясын меңгерту.
Дамытушылығы
Сөздерге дыбыстық талдау жасату, буындап оқуға жаттықтыру, жаттығулар арқылы қол моторикасын дамыту.
Тәрбиелілігі
Ойлау мен еске сақтау қабілеттерін дамыта отырып, шығармашылыққа тәрбиелеу.
Психологиялық ахуал қалыптастыру
«Бүгінгі күнге ізгі тілек» (Күн бейнесі)
Табиғатқа жан бітіріп, жерге сәуле төгіп, айналаға шуақты нұрын шашатын не? (Күн.)
Ендеше тіршілік нәрі, өмір мәні, көңіл сәні, табиғат жаны — күнмен сәлемдесіп алайық.
Жарқырап күн де ашылды,
Айналаға нұр шашылды.
Қайырлы күн! Біз көңілді баламыз!
Қайырлы күн! Біз сүйкімді баламыз!
Ұйымдастыру және жаңа сабақ
«Күн тапсырмасы»
Күн бейнесіндегі қалташаларға өтілген дыбыстардың әріп таңбалары және бүгінгі жаңа әріп Ғ салынған. Балалар өтілген әріптерді танып, атап шығады.
Тәрбиеші: «Әріптердің ішінде бізге таныс емес бір әріп бар екен. Бұл — бүгінгі жаңа дыбысымыз Ғ дыбысының әріп таңбасы. Ғ дыбысы туралы білгілерің келе ме? Ендеше орнымызға отырайық».
Мағынаны тану: Ғ дыбысының артикуляциясы
Тәрбиеші: «Мынау не, балалар?» (Компьютер.) «Ал “компьютер” дегенде сендердің естеріңе қандай сөз түседі?» (Интернет.)
Интернет арқылы біз бүкіл жер шарындағы жаңалықтардан хабардар боламыз. Сондықтан интернеттің қазақша атауы «ғаламтор» деп аталады. «Ғаламтор» деп айтайық: бірінші қандай дыбыс естіліп тұр? Ғ.
- Ғ дыбысы кедергімен айтылады.
- Ғ — дауыссыз дыбыс.
- Көк текшемен белгіленеді.
Ертегі арқылы жаңа сөздермен таныстыру
«Ғажайып түс» ертегісі
Ертегі желісі бойынша тақтаға мына суреттер ілінеді: Ғани, балға, таға, шалғы, торғай, қарға, ғарышкер, ғарыш, ағаш, сағат.
Ерте, ерте, ертеде бір атай мен әжей өмір сүріпті. Олардың Ғани деген баласы болыпты. Атайы шебер ұста екен: темірден балға, таға, шалғы жасапты. Ғани үнемі атасына көмектеседі екен. Күзде орақпен шөп шабады.
Бір күні шөп шауып жүріп Ғани шаршап, аспанға қарап жата кетіпті. Сол кезде көкте ұшып жүрген торғай мен қарғаны көріп, «Менің де қанатым болып, көкке самғасам ғой» деп армандап, ұйықтап кетіпті.
Түсінде ол ғарышкер болып, ғарышта самғап жүр екен. Қуанышты сезіммен жүргенде, ағаштардың желмен ырғалған дыбысына оянып кетеді. Сағатына қараса, кеш батып бара жатыр екен. Ғани бұл түсін жақсылыққа жорып, атасына айту үшін үйіне қуана жүгіре жөнеліпті.
Ойындар және бекіту
«Ұқсас затты тап» ойыны
Ғ дыбысы бар сөздердің суреттерімен жұмыс жасалады. Оқушылар суреттерден Ғ дыбысының сөздегі орнын анықтайды.
Сұрақтар: «Ертегі ұнады ма? Баланың аты кім? “Ғани” сөзінде бірінші қандай дыбыс естіледі?»
Қорытынды: «Күн тапсырмасындағы жаңа әріп — Ғ дыбысының әріп таңбасы». (Тақтаға Ғ ғ әріптері қойылады.)
Тақтадағы суреттерге қарап, Ғ әрпі неге ұқсайды? Салыстыру арқылы оқушылар оның шалғыға ұқсайтынын табады.
«Буынға буын қос» ойыны
Ертегі желісі бойынша берілген сурет атауларын буынға бөліп айту арқылы Ғ дыбысының сөздегі орны талданады.
Ғ дыбысы бірінші буында
Ға-ни, ға-рыш-кер, ға-рыш
Ғ дыбысы екінші буында
бал-ға, та-ға, шал-ғы, тор-ғай, қар-ға, а-ғаш, са-ғат
Қорытынды: Ғ дыбысы сөздің басында да, ортасында да келе алады. Оқушылар өздеріне ұнаған сурет атауын текшелермен жазып көреді, дыбыстардың дауысты және дауыссыз екенін ажыратады.
Қорытынды
Бұл сабақта оқушылар Ғ дыбысы мен Ғ ғ әріптерін танып, дыбыстың артикуляциясын меңгереді, сөздерді буынға бөліп оқуға жаттығады және Ғ дыбысының сөздегі орнын анықтауды үйренеді.
Материалды бекіту ойындар, суреттер және дыбыстық талдау арқылы жүргізіледі.