Түркі халықтарының нанымдары мен сенімдері
Қазақ мәдениетінің орта ғасырлық мәдениеті
Бұл сабақ орта ғасырлардағы түркі және қазақ даласындағы материалдық әрі рухани мәдениеттің өзара байланысын түсіндіруге, ұлттық мұраның уақыт сынынан өткен құндылық екенін дәлелдеуге бағытталады.
Сабақтың мақсаттары
- Оқушыларды халқымыздың материалдық мәдениет түрлерімен таныстырып, материалдық мәдениет туралы жүйелі мәлімет беру және қазақ мәдениетінің өшпес құндылық екенін ұғындыру.
- Материалдық мәдениет туралы түсінікті кеңейтіп, мәдениетті жан-жақты қырынан тануға көмектесу; әлемдік және ұлттық мәдениетті байланыстыра отырып, жеке көзқарас қалыптастыруға жетелеу.
- Қазақ халқының бай мәдениетіне құрмет сезімін дамыту, қызығушылықты арттыру және материалдық мәдениеттің озық үлгілері арқылы эстетикалық тәрбие беру.
Сабақтың түрі
Жаңа сабақты меңгерту
Сабақтың әдістері
Әңгімелеу, сұрақ-жауап, талдау, жинақтау
Пәнаралық байланыс
География
Көрнекіліктер
Киіз үй, ұлттық киім, қолөнер бұйымдарының суреттері, интербелсенді тақта, слайдтар
Сабақ барысы
Ұйымдастыру кезеңі
Мұғалім: «Сәлеметсіздер ме, студенттер?»
Студенттер: «Сәлеметсіз бе!»
Мұғалім: «Отырыңыздар.»
Үй тапсырмасын тексеру
Мұғалім оқушылардан үйге берілген тапсырманы сұрап, мазмұнын еске түсіреді. Одан кейін өткен сабақ бойынша сұрақтар қойылады. Үй тапсырмасына берілген сөзжұмбақтар тексеріліп, бағаланады. Оқушылардың жауаптары тыңдалған соң, үй жұмысы қысқаша қорытындыланып, жаңа тақырыпқа кірісу жүзеге асырылады.
Жаңа сабақ
Жаңа сабақтың тақырыбы мен жоспары алдын ала тақтаға жазылады. Студенттерге сабақтың мақсаты түсіндіріледі.
Сабақ жоспары
- 1. Түркі халықтарының нанымдары мен сенімдері
- 2. Түркі халықтарының жазуы мен тілі
- 3. Орта ғасырдағы кәсіп түрлері
- 4. Ортағасырлық түркі ғалымдары мен жазушылары
Діни нанымдар (VI–XII ғасырлар)
VI–XII ғасырлар аралығында Қазақстан аумағында өмір сүрген халықтар арасында әртүрлі діндер, нанымдар мен сенімдер қатар орнықты. Түркілердің зираттарынан табылған заттай деректер ата-баба әруағына табыну мен о дүниелік өмірге сенім болғанын көрсетеді.
Отқа табыну және жерлеу ғұрпы
Түркілердегі негізгі нанымдардың бірі — отқа табыну. Археологиялық деректер жерленген адамның кей заттары мен мініс атының бірге өртелуі сияқты ғұрыптарды айғақтайды. Бұл, шамасы, адамның денесін отпен аластауға байланысты рәсім болған.
Кейбір дәстүрлерде өлген адамның денесі өртеліп, күл мен көмірі ғана жерленгені айтылады. Мұндай түсініктер табиғаттың құдіретімен байланыстырылған.
Табиғаттың төрт кезеңіне құрмет
Жыл мезгіліне қарай жерлеу уақыты өзгеріп отырған: адам көктемде немесе жазда қайтыс болса, туыстары бір төбеге жиналып киіз үй тігіп, малды құрбандыққа шалып, мәйітті, атын және кей заттарын өртеп, күзде шөп сарғайғанда ғана жерлеуі мүмкін болған. Ал күзде не қыста қайтыс болған адамды көктемде жер көгеріп, табиғат қайта түлеген кезде жерлеу дәстүрі кездеседі.
Бұл ғұрыптар табиғаттың төрт маусымын ерекше қастерлеудің белгісі ретінде түсіндіріледі.
Көк Тәңірі және Ұмай ана
Түркілердің көкке, аспан әлеміне сиынуы Күлтегін жазуындағы жолдардан да аңғарылады:
«Көкке түркі тәңірісі,
Тәңірі қуат берген соң,
Тәңірі жарылқағандықтан.»
Сондай-ақ түркі дүниетанымында отбасының, ошақтың, тіршіліктің тірегі саналатын ана бейнесі Ұмай ана атауымен қастерленген. Жетісу қазақтарының Ұмай анаға қатысты нанымдары туралы Ш. Уәлиханов та жазған.
Әртүрлі діндер және исламның таралуы
Жазба деректерде қимақтар мен қыпшақтардың күнге, жұлдыздарға табынғаны айтылады. Археологиялық зерттеулер түркілер арасында христиан, манихей және будда діндерінің болғанын да көрсетеді.
Түркі тайпалары IX ғасырдан бастап жаппай ислам дініне ене бастады. Исламды мемлекеттік дін ретінде алғаш қабылдаған мемлекет — Қарахан мемлекеті. Бұл үдеріс Сатұқ Бұғраханның ұлы Муса ханның билігі тұсында (960 ж.) айқын көрініс тапты. X ғасырдан бастап Оңтүстік-Шығыс Қазақстанда ислам кеңінен тарала бастады.
Тіл және жазу (VI–XII ғасырлар)
Түркі дәуірінде (VI–XII ғғ.) Қазақстан аумағында өмір сүрген ру-тайпалардың түркі тілдерінде сөйлегені түркология ғылымында толық дәлелденген.
Сонымен қатар тілтанымдық зерттеулер қарлұқ, қимақ-қыпшақ, оғыз, ұйғыр, қырғыз және басқа да тайпалардың әрқайсысына тән диалектілік ерекшеліктер болғанын көрсетеді. Бұл айырмашылықтар ортақ түркі тілдік негіз сақталғанымен, аймақтық және тайпалық ортаға байланысты тілдік дамудың сан қырлы болғанын аңғартады.