Ана тілі бейнежазбасы

Кіріспе: ана тілінің мәні

Бауыржан Момышұлы: «Тіл дегеніміз – қай халықтың болмасын кешегі, бүгінгі тағдыры ғана емес, ертеңгі тағдыры» деген. Адам сияқты, ұлттың да жаны бар. Ұлттың тілі мен жаны өзара ажырамас байланыста. Тілінен айырылған халық ұлттық болмысынан айырылып, ақырында жоғалуға бет алады.

1) Тіл — қатынас құралы

Халық өкілдері бір-бірінің ойын ең алдымен ана тілі арқылы түсінеді, өзара тілдеседі, пікір алмасады.

2) Тіл — тәрбие мен білімнің өзегі

Адам ана тілінде оқып-білім алады, өнер үйренеді, тарих пен салт-дәстүрді таниды, қоғамның өмір салтын түсінеді.

Бала дүниеге келіп, есі кіре бастағаннан-ақ әдептілік пен ізгілікке бастайтын асыл сөзді, тілдің әсерлі әуезін ана тілінде ұғып-үйренеді.

«Ана тілім менің, сен маған разысың ба – білмеймін, бірақ менің тілегім – сенсің, сені мақтан етемін».

Расул Ғамзатов

«Уа, туған тіл… ата-анамның тілі. Ең әуелі осы тілмен шешем бесікті тербеген, ұзақ түнде әжем хикаялар сөйлеген…».

Ғабдолла Тоқай

Сабақ барысы: кезеңдер мен әрекеттер

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Студенттермен амандасу.
  • Кезекшімен қысқаша сұхбат.
  • Топты екі командаға бөлу: «Аманат» және «Мұрагер».

II. Өткен тақырыпты қайталау (үй тапсырмасы)

1-топ тапсырмалары

  • ҚР «Тіл туралы» Заңы туралы айтып беру.
  • ҚР мемлекеттік елтаңбасы туралы қысқаша мәлімет беру.

2-топ тапсырмалары

  • Әнұран авторларын атау.
  • ҚР мемлекеттік туы туралы қысқаша мәлімет беру.

III. Жаңа тақырыпты меңгеру

1-кезең. «Ана тілім – ардағым» ойтолғау

Студенттер өздері жазған ойтолғауларын оқып, пікір алмасады.

2-кезең. «Ана тілі» бейнематериалы

Тақырыпты ашатын қысқа бейнежазба көрсетіледі.

3-кезең. Түсіндіру (фонда «Ана тілім» әні)

Ана тілінің қоғамдағы рөлі, тұлға тәрбиесіндегі орны талқыланады.

4-кезең. Мәтінмен жұмыс

Мәтін оқылып, мазмұны түсіндіріледі; студенттер сұрақтар дайындайды.

5-кезең. Жаңа сөздер

Сөздер буынға бөлініп, буын түрі анықталады.

Жаңа сөздер: қысқа сөздік

Қазақша → Орысша

  • Ана тіліродной язык
  • Тағдырсудьба
  • Ұлтнация
  • Қатынас құралысредство общения
  • Адамдық қасиеттерчеловеческие качества
  • Уақытвремя

Тапсырма

  • Әр сөзді буынға бөліңіз.
  • Әр сөздің буын түрін (ашық, тұйық, бітеу) анықтаңыз.
  • Сөздерді сөйлем ішінде қолданып көріңіз.

Теория: буын және тасымал

Буын

Буын — сөздегі дауысты және дауыссыз дыбыстардың дауыс толқынымен бөлшектеніп айтылатын тобы. Сөз ішінде қанша дауысты дыбыс болса, сонша буын болады.

Ашық буын

Дауыссыздан басталып, дауыстыға бітеді немесе тек дауыстыдан тұрады. Мысал: а-та.

Тұйық буын

Дауыстыдан басталып, дауыссызға бітеді (көбіне бірінші буында). Мысал: ет, ұл-ан.

Бітеу буын

Дауысты дыбыс екі жағынан дауыссыздармен қоршалады. Мысал: жер, қас-қыр.

Тасымал

Тасымал — жазу барысында бір жолға сыймаған сөзді буын жігі арқылы келесі жолға көшіру.

Тасымалданбайтын жағдайлар

  1. 1.Бір буынды сөздер: нан, көл, ор, ел, күрт, жұрт.
  2. 2.Жалғыз әріпті бірінші жолда қалдыруға не келесі жолға шығаруға болмайды: ана, ата, ұлы, екі, ұя, үю, тыю, қия.
  3. 3.Қысқартылған инициалды тектен бөлуге болмайды: А. Құнанбаев, М. Әуезов.
  4. 4.Өлшем/мерзім қысқартулары саннан бөлінбейді: 11-сынып, ХХІ ғасыр, 2012 жыл, 70 км, 52 кг, 120 г.
  5. 5.Қысқарған атаулар тасымалданбайды: ҚР, БҰҰ, ҚазҰУ, ҚБТУ.

Практика: ойындар мен сайыстар

7-кезең. «Кім жылдам?»

Міндет: сөздерді буынға бөліп, буын түрін анықтау.

1-топ

табыс, өрік, оймақ, жапырақ, әнұран, табақ, үй

2-топ

ата, қамал, жүйрік, от, белбеу, дұрыс, аманат

8-кезең. «Тапқырлық» (мақал-мәтелді жалғастыр)

Берілген мақалда жасырын тұрған сөзді тауып, ойды толықтырыңыз.

1. Тіл тас жарады, тас жармаса — бас жарады.

2. Бал тамған тілден — у тамған.

3. Тауды, тасты жел бұзар, адамзатты — сөз бұзар.

4. Жақсы сөз — жарым ырыс.

5. Сөз тапқанға — қолқа жоқ.

6. Шебердің қолы ортақ, шешеннің — тілі ортақ.

7. Жақсы байқап сөйлер, жаман — шайқап сөйлер.

8. Бас кеспек болса да — тіл кеспек жоқ.

9. Дәлелсіз сөз — желмен тең.

10. Тіл қылыштан — өткір.

11. Піл көтермегенді — тіл көтереді.

12. Тілден артық — қазына жоқ.

13. Ана сүті бой өсіреді, ана тілі — ой өсіреді.

14. Жыланның уы тісінде, адамның уы — тілінде.

15. Ең ащы да — тіл, ең тәтті де — тіл.

16. Өнер алды — қызыл тіл.

17. Айтылған сөз — атылған оқ.

18. Жылы-жылы сөйлесең, жылан да — інінен шығады.

19. Басқа пәле — тілден.

20. Білім кілті — тіл.

9–11-кезеңдер. Шығармашылық бөлім

  • Поэзиялық үзіліс: студенттер өлең оқиды.
  • «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін…»: берілген сөздермен өлең құрастыру.
  • «Бұл кімнің сөзі?» ойыны.

1-топқа сөздер

Ана тілім, дана, құдіретті, мақтаныш

2-топқа сөздер

Тіл, қазына, білім, сыйлау

12-кезең. Қорытындылау

«Ана тілім – ардағым» тақырыбына дайындалған бейнежазбалар мен слайдтар көрсетіледі.

Кластер әдісі арқылы негізгі ұғымдар жинақталып, сабақ пысықталады.

Үй тапсырмасы

«Ана тілім – ардағым» тақырыбына шығарма жазу.

Бағалау

Сабақтағы белсенділік, тапсырмаларды орындау сапасы және шығармашылық жұмыс нәтижесі бойынша.

Қорытынды сөз

Ана тіліміз бүгін де кең өріске жол тартты. Енді «Ана тілі – қазақ тілі» деген ұғымды қағазға ғана емес, көкірегімізге жазатын уақыт келді. Біздің мақсатымыз — ана тілімізді қадірлеу, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру.

Қымбатты шәкірттер! Байлығы, сұлулығы және икемділігі жағынан әлемнің озық тілдерімен теңдесе алатын ана тілің бар екенін ұмытпа. Ана тіліңнің көсегесін көгерту, мәртебесін өсіру, баянды ету — ендігі жерде өз қолыңда. Оқу-білім мен еңбек жолында ана тіліңнің қамқоршысы бола біл!