Сөз құрау

Интеллектуалды ойын: «Тапқыр достар»

Мақсаты

Бастауыш сынып оқушыларында білім негізін қалыптастыру; теория мен практиканы ұштастыра отырып пәндерге деген қызығушылықты арттыру; сөздік қорын дамыту; ауызша әрі логикалық ойлауға баулу.

Өту форматы

Оқушылар екі топқа бөлінеді: «Алғырлар» және «Зеректер». Әр кезең бойынша тапсырмалар орындалып, ұпай жиналады.

І. Ұйымдастыру кезеңі

Оқушылар топтарға бөлінеді: «Алғырлар», «Зеректер».

Мұғалімнің кіріспе сөзі

Армандарым көп менің,
Атқарамын деп келдім.
Оқып білім, ғылымды,
Өнер табам деп келдім.

Үйренген соң білімді,
Сайысамыз деп келдік, —
дей отырып, бүгінгі «Тапқыр достар» сайысына қош келдіңіздер!

ІІ. Топтардың таныстыруы

Әр топ өз атауын, ұранын немесе қысқаша таныстыруын ұсынады.

І кезең. «Кім көп біледі?»

Әр топқа кезекпен сұрақтар қойылады. Дұрыс жауап үшін ұпай беріледі.

І топ — «Алғырлар»

  1. Қыс айларын ата.

    Желтоқсан, қаңтар, ақпан.

  2. Сөз таптарын ата.

    Зат есім, сын есім, етістік және т.б.

  3. Зат есім дегеніміз не? Сұрақтары қандай?

  4. Көкжиектің неше тұсы бар?

    Төрт.

  5. Ы. Алтынсарин кім?

    Қазақ мектебін ашқан ағартушы.

  6. Шаршы дегеніміз не?

    Барлық қабырғасы тең төртбұрыш.

  7. Тірі табиғатқа не жатады?

    Адам (сонымен бірге жануарлар, өсімдіктер).

ІІ топ — «Зеректер»

  1. Көктем айларын ата.

    Наурыз, сәуір, мамыр.

  2. Сөйлем мүшелерін ата.

    Тұрлаулы, тұрлаусыз мүшелер.

  3. Сын есім дегеніміз не?

  4. Өлі табиғатқа не жатады?

    Тау, тас және т.б.

  5. Абай Құнанбайұлы кім?

    Ақын.

  6. Табиғат деген не?

    Айналаны қоршап тұрған дүние.

  7. Түбір дегеніміз не?

    Сөздің әрі қарай бөлшектеуге келмейтін негізгі бөлігі.

ІІ кезең. «Кім жылдам?»

Оқушыларға әріптер таратылады. Берілген әріпке байланысты сұрақтарға тез әрі нақты жауап беру қажет.

І топ — «Алғырлар»

  • Ертегі оқисың ба?
  • Сөмкеңде не бар?
  • Бөлме қандай?
  • Досың кім?
  • Анаңа еркелейсің бе?
  • Сабағың жақсы ма?
  • Аспанда не бар?

ІІ топ — «Зеректер»

  • Жасың нешеде?
  • Алма берсе жейсің бе?
  • Нені жақсы көресің?
  • Түнде түс көрдің бе?
  • Кімге сәлем жолдайсың?
  • Күн түнде бола ма?
  • Әріп пен дыбыс бір ме?

ІІІ кезең. «Сөз құрау»

Тапсырма: «Жолдастар» сөзінен мүмкіндігінше көп сөз құрау.

Ереже: Жаңа сөздер қазақ тілінің нормасына сай болуы керек.

IV кезең. «Сен білесің бе?»

Оқушылар қалауы бойынша 8 ұяшықтың бірін таңдайды. Әр ұяшықтың артында сұрақтар жасырылған.

І топ — «Алғырлар»

  1. Ауданның өлшем бірліктері қандай?

    Кв. см, кв. дм, кв. м.

  2. Қазақ халқының қолөнер түрлерін ата.

    Киіз үй, текемет, шаңырақ және т.б.

  3. Айтыстың түрлерін ата.

    Қыз бен жігіт айтысы, жұмбақ айтыс, ақындар айтысы.

  4. Қазақтың ұлттық аспаптарын ата.

    Домбыра, қобыз, сыбызғы, сырнай және т.б.

ІІ топ — «Зеректер»

  1. Ұзындықтың өлшем бірліктерін ата.

    Км, м, дм, см, мм.

  2. Біржылдық өсімдіктерге нелер жатады?

    Бидай, күріш, жүгері, тары, арпа, қызанақ, қияр, асқабақ, қарбыз, баклажан және т.б.

  3. Ауыз әдебиетінің түрлерін ата.

    Ертегілер, аңыз-әңгімелер, жұмбақтар, мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар және т.б.

  4. Көктемгі жұмысқа қажетті еңбек құралдарын ата.

    Күрек, кетпен, тырма, сыпырғыш, шелек, қалақ, сенек, соқа және т.б.

V кезең. Үй жұмысы

Оқушылар үйден дайындап келген сұрақтары (сұрақтар, жұмбақтар) бойынша білімдерін көрсетеді. Топтар бір-біріне кезекпен сұрақ қояды.

VI кезең. «Кім тапқыр?»

Тапсырма: сурет бойынша қимыл-қозғалыс жасап, мағынасын түсіндіру (ым-ишара арқылы көрсету).

Қорытынды

Білімнің мініп алып тұлпарына,
Қиналмай шықты білім шыңдарына.
«Тапқыр достар» сайысы аяқталды,
Сөз кезегі әділқазы алқасына.

«Алғырлар» тобы

Ұпай: _____

«Зеректер» тобы

Ұпай: _____