Кітап баспасы
Кітапты таңдай білесің бе?
Мақсат
Оқушылардың кітапқа деген сүйіспеншілігін арттыру.
Тәрбие өзегі
Кітап арқылы мейірімділікке, ізгілікке баулу.
Отбасы құндылығы
Ата-ана мен баланы жақындастыратын сенімді серік — кітап оқу дағдысын қалыптастыру.
Көрнекіліктер
- Кітап көрмесі: «Кітап — өлмейтін дүние»
- Кітап туралы қанатты сөздер, мақал-мәтелдер
Кітап тарихы: адамзат жадының жолы
Қайырлы күн, құрметті оқушылар! Бүгінгі әңгімеміз ақыл айтатын адал досымыз — кітап туралы. Қазіргі кітаптардың түп атасы қашан және қайда жасалғанын білесіңдер ме?
Балшық кітаптар: Вавилон мен Ассирия
Алғашқы кітаптарды бұдан мыңдаған жыл бұрын вавилондықтар, ассириялықтар және басқа да көне халықтар жасаған. Ол кезеңде кітап бүгінгідей қағаздан емес, балшықтан жасалған. Жұмсақ балшықтан тақташалар құйып, бетіне үшкір таяқшамен таңбалар түсірген. Кейін кептіріп, отқа күйдірген — дәл кірпіш секілді берік болған. Осылайша кітапханалар да жасақталған.
Қытай тәжірибесі: бамбук, жібек, қағаз
Қытайда жұқа бамбук таяқшалары әзірленіп, соған жазылған. Таяқшалар жіпке тізіліп, бір-бірімен байланыстырылған. Уақыт өте келе жазуға жібек мата қолданылды. Ал біздің заманымыздың ІІ ғасырында қағаз дүниеге келді.
Ежелгі Египет: тасқа қашалған сөз және папирус
Ежелгі Египетте мәтіндерді тасқа қашап жазған. Мұндай жазуларды өздерің де жартастағы таңбалардан көрген боларсыңдар — ата-бабаларымыз да осы тәсілді қолданған. Кейін папирусқа көшті: қамыс тәрізді өсімдіктің жапырағын нығыздап, бір-біріне желімдеп, соған жазған. Мұндай «кітаптар» ондаған метрге дейін созылған. Оларды шиыршықтап орап, түтікке салып сақтаған. Грекия мен Рим екі мың жыл бойы осы үлгідегі кітаптарды қолданды.
Пергамент: жануар терісінен жасалған парақ
Біздің заманымыздың ІІ ғасырында Пергам патшалығында кітап жазуға арналған жаңа материал пайда болды — пергамент. Ол жануарлардың терісінен әзірленген. (Бұрын Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың өлеңдері жазылған пергамент табылғанын естіген боларсыңдар.) Пергам патшалығы б.з.д. 283–133 жылдары Кіші Азияның солтүстік-батысында өмір сүріп, Рим ықпалында болған.
Қағаздың үстемдігі
Уақыт өте келе, ХІІІ ғасырда Еуропада кітап шығарудың негізгі материалы ретінде қағаз кең қолданысқа енді. Кітаптың бүгінгі күйге жетуі үшін адамзат қаншама заманды, қаншама ғасырды артқа тастады.
Кітап баспасының қалыптасуы
«Кітап» сөзі араб тілінде «жазу» ұғымымен байланысты. Кітап — рухани қазына, өмір айнасы, заманның сыры, тарихтың шежіресі әрі оқу-тәрбие құралы.
Алғашқы мәтіндер
Ертеде кітап жазу құпиясын көбіне дін қызметкерлері мен монахтар ғана меңгерген. Сондықтан әлемдегі ең көне кітаптар ретінде Таурат, Конфуций еңбектері, Авеста, Інжіл және Құран аталады.
Баспаның дамуы
Алғашқы басылымдар ағаш қалыппен жасалды. ХІ ғасырда каллиграфиялық қалыптар пайда болды. 1045 жылы қытай өнерпазы Би Шэн құймалы әріптерді (литер) жасады. Еуропада ХV ғасырда неміс өнертапқышы И. Гутенберг баспа станогын құрастырды. Русьте 1564 жылы Мәскеуде Иван Федоров пен Петр Мстиславец тұңғыш басылымды шығарды.
Қазақ кітап баспасының бастаулары
Қазақ кітап баспасы жүйелі түрде Ресей құрамына қосылғаннан кейін қалыптасты. Дегенмен араб тілінде ІХ ғасырда жазылған «Оғызнама», Махмуд Қашқаридың «Диуани лұғати-т-түрік» сияқты мұралар бұрыннан бар. 1800 жылдан бастап тұңғыш қазақша кітаптар жарық көре бастады. Төңкерістен кейін баспа ісі өз жерімізде дамыды. ҚазАССР құрылған соң, 1920 жылғы 3 қарашада Орынборда Қазақ мемлекеттік баспасы туралы ереже бекітілді. Қазақ тіліндегі кітап шығару ісіне Татарстан мен Өзбекстанның прогресшіл зиялылары да едәуір үлес қосты.
Кітап туралы не білеміз?
Адамзат қоғамы білім мен мәдениетке қол жеткізіп, ғылым мен техниканы игеріп, алысты жақын еткен сайын — мұның бәрі кітап өнерімен тікелей байланысты екенін ұмытпау керек. Кітап — білім бұлағы, даналықтың қазынасы.
Құнды кітаптың бағасы
1998 жылы Лондонда өткен Christie’s аукционында Джеффри Чосердің «Кентербери әңгімелері» кітабы 7 394 000 долларға сатылған. Бұл — 1477 жылы алғаш басылған сирек даналардың бірі. Кітаптың шын бағасын білетіндер оны аямайды.
Әлемдегі ең үлкен сөздіктердің бірі
Көлемі жағынан әйгілі еңбектердің қатарына «Неміс сөздігі» жатады: 33 том, 34 519 бет. Бұл — тіл байлығы мен ғылыми еңбектің ауқымын көрсететін ерекше мысал.
Кітап туралы толғау
Бабаларымыз «Кітап — көп ақылдың құйылған көлі», «Кітап — білім бұлағы», «Кітап — ғажап дос» деп бекер айтпаған. Біз білімді кітаптан аламыз: ол бізді қайырымдылыққа, адалдыққа, әділетке тәрбиелейді, зұлымдықпен күресуге үйретеді. Кітап арқылы өткенге көз жібереміз, жақсысынан тағылым алып, қымбат мұра ретінде қадірлейміз.
«Мен одан артық қайырымды көршіні, одан әділ досты, одан асқан елгезек жолсерікті, одан артық көнбіс ұстазды, одан асқан дарынды ақылшыны білмеймін».
Нақыл сөздер мен тұжырымдар
«Кітап аяулы досың бола бастаған шақтан былай ғана әрбір жан өзін интеллигент бола бастадым деп санауына болады».
М. Әуезов
«Кітапсыз өткен бір күн — орны толмай бос кеткен күн».
Халық даналығы
«Кітап — адамзат ақыл-ойының інжу-маржанын бойына жинап, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізеді».
М. Айбек
«Кітап — мидың миуасы».
М. Әлімбаев
Кітаптың мәнін ашатын қысқа тұжырымдар
-
Кітаптың қасиеті — мәңгілік.
-
Кітап — өмір ұстазы.
-
Кітап — рухани құндылық.
-
Кітап — білім бұлағы, білім — өмір шырағы.
-
Кітап — тұрақты әрі мәңгілік серік.
-
Кітап ел мен жерді сүюге, талаптылыққа, кішіпейілдікке, төзімділікке баулиды.
Қорытынды
Өркениетті елдің дамуында білім, ғылым, мәдениет басты орын алады. Осы құндылықтарды алға сүйрейтін күштің бірі — кітап оқуға деген құштарлық. Кітаптан асқан қазына жоқ: ешқандай байлық та, дүние-мүлік те оның орнын баса алмайды.