Оқушының міндеттерін ата
3-сынып. Дүниетану
Сабақ тақырыбы: «Отбасы берекесі»
Негізгі идея
Отбасы — әр адамның шағын Отаны, қоғамның ең маңызды бөлшегі.
Құндылық
Сүйіспеншілік, әдеп, инабат, қамқорлық, бірлік — отбасы берекесінің өзегі.
Нәтиже
Оқушылар ата-анаға құрмет, бауырға жанашырлық, Отанға сүйіспеншілік сезімін тереңдетеді.
Сабақ мақсаты
-
1
Отбасының қоғамдағы орны туралы түсінік қалыптастыру: отбасы — келешек ұрпақты жалғастыратын қасиетті орта. Әке-шеше мен бауырдың қадірін ұғындыру.
-
2
Ұл мен қызды ата-ананың қамқорлығы мен сүйіспеншілігін бағалауға, отбасыдан адамгершілік пен әдеп-инабат тәлімін алуға, жақсы қасиеттерді бойына сіңіруге баулу.
-
3
Ата-анаға, туған жерге, Отанға сүйіспеншілікті ояту. Сыйластыққа, мейірімділікке, татулыққа және қамқорлыққа тәрбиелеу; адал да парасатты ұл мен қыз қалыптастыру.
Сабақ барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі: психологиялық дайындық
Баяу әуен ойнап тұрады, интерактивті тақтада әсем гүл шоқтары көрсетіледі. «Шырақ» атты өлең жолдары арқылы оқушылардың көңіл күйі көтеріліп, бір-біріне жылы сөз айтуға бағытталады.
Өлең жолдары
Сен бақытты ұлансың!
Анаң — күнің, жүрегің,
Әкең — өмір тірегің.
Сен бақытты ұлансың,
Бәрі саған қуансын!
Әжең — асыл ардағың,
Атаң — дана қорғаның.
Бәрі саған қуансын.
Сен бақытты ұлансың!
2) Үй тапсырмасы
«Қонақжай» тақырыбы бойынша 2–3 оқушының жауабы тыңдалады.
3) Әңгімелесу (бейнеролик бойынша)
Сұрақ 1
Отбасы дегенді қалай түсінесіңдер?
Сұрақ 2
Отбасының сыйластығына қалай қол жеткізуге болады?
Сұрақ 3
Отбасының татулығы қандай табыстарға жеткізеді?
Түйін ой
- Отбасы сүйіспеншілікті сезінуге үйретеді.
- Жақсылыққа жетелейді.
- Еңбектенуге, білім алуға көмектеседі.
- Үлкендерді құрметтеуге, кішілерге қамқор болуға тәрбиелейді.
4) Мәтінмен жұмыс
Балалар, байқадыңдар ма, әңгіме не туралы? Иә, отбасы мен туыстық байланыс туралы. Бүгінгі тақырыбымыз: «Отбасы берекесі».
Отбасы мүшелері
Ата, әже, әке, ана, әпке, аға, іні, қарындас — барлығы отбасы мүшелері. Әрқайсысының орны мен міндеті бар.
Басшылық пен жауапкершілік
Отбасының басшысы шаруаны ұйымдастырады, қамқорлық көрсетеді, мүшелердің бірлігін нығайтады.
Ортақ еңбек пен ортақ табыс
Отбасы мүшелері өз мүмкіндігінше еңбек етеді: оқиды, жұмыс істейді, үй шаруасына атсалысады. Табыс та ортақ игілікке жұмсалады.
Құқықтық негіз
ҚР Конституциясының 27-бабында неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында екені көрсетілген.
Негізгі ой
Адамға өмірде ең қымбат — отбасы. Отбасында сүйіспеншілік, сыйластық, татулық, бауырмалдық орнаса, бірлік күшейеді. Бір-бірін аялап, кешіріп, түсіне білген шаңырақтың берекесі артады.
5) Құндылықты сезіну тапсырмасы
Төмендегі жолдарды оқушы өз отбасына сүйене отырып толықтырады:
Отбасымда ең сыйлы — _____________________
Ең қымбатты — _____________________
Ең ақылды — _____________________
Ең сүйкімді — _____________________
Ең құрметті — _____________________
Ең құнды — _____________________
Ең бағалы — _____________________
Ең қажетті — _____________________
6) Ойын: «Таңғажайып алаң»
Отбасы құндылықтарын мақал-мәтел мен нақыл сөз арқылы бекіту.
1) Отбасының қорғаны кім?
Жауабы: Әке
2) «Бір шаңырақ астында» тіркесін қалай түсінесің?
Ортақ үй, ортақ жауапкершілік, бірлік пен өзара қолдау.
3) «Ұрлық түбі — қорлық»
4) «Тәрбие отбасынан басталады»
5) «Ата — бәйтерек, бала — жапырақ»
6) «Сыйласаң, сыйлы боласың»
7) «Өнер алды — бірлік, ырыс алды — тірлік»
8) Оқушының міндеттері
Білім алу, кішіге көмектесу, мектеп формасын сақтау, мектеп мүлкін дұрыс қолдану.
9) Оқушының құқықтары
Білім алуға, демалуға, денсаулықты сақтауға, қоғамдық жұмыстарға қатысуға құқылы.
7) Сергіту сәті
Ән мәтінінен үзінді
Ұшырдың баптап ұядан,
Кетпейсің ойдан, қиялдан.
Арманға биік қол созсам,
Тұрасың демеп жиі алдан.
Көңілім бүгін алаңды,
Күттің бе, әке, балаңды?
Шаттықпен жарқын тойыңа,
Сыйлаймын сазды бұл әнді.
8) Дәптермен жұмыс: ой қозғау
Қазыбек бидің нақылын талдау арқылы туыстық қатынастағы жақындықтың мәні ашылады.
Қазыбек би
Тату болса — ағайын жақын,
Ақылды болса — апайың жақын,
Бауырмал болса — інің жақын,
Инабатты болса — келінің жақын.
Алтын ұяң — әйелің қымбат,
Құт-береке — атаң қымбат,
Айналайын — анаң қымбат,
Мейірімді — ағаң қымбат.
9) Ата мұра: салт-дәстүрді танып-білу
Тапсырмалар сұрақ-жауап түрінде орындалады. Әр дәстүрдің тәрбиелік мәні талқыланады.
1) Байғазы
Байғазы — балалардың немесе жастардың жаңа киімі не жаңа бұйымы үшін (мысалы, қамшы, шана, ер-тоқым) берілетін ақшалай немесе заттай сыйлық.
2) Көрімдік
Көрімдік — жаңа туған балаға, жас келінге, құдаға немесе күйеуге берілетін сый. Бұл дәстүр адамның ниетін, кеңпейілдігін, адамгершілігін танытады.
3) Бастаңғы
Бастаңғы — үйдің үлкендері жолға кеткенде ауыл жастары сол үйге жиналып, ойын-сауық жасап бас қосатын дәстүр. Негізгі ниет — жолаушылардың аман келуін тілеу.
4) Иткөйлек
Иткөйлек — бала қырқынан шыққаннан кейін оның көйлегіне тәтті түйіп, иттің мойнына байлап жіберу ырымы. Балалар қуып жетіп, тәттіні бөліседі. Кей өңірде көйлегін бала сүйгісі келген келіншектер ырымдап алады немесе жолға шыққанда жол амандығына тілектес ретінде сақтайды.
5) Жасау
Жасау — ұзатылған қызға берілетін дүние-мүлік. Жақсы бұйым, кілем, текемет, ыдыс-аяқ, төсек-орын, киім-кешек, әшекей заттар беріледі. Жасау — қыздың еншісі іспетті.
6) Енші
Енші — балалары ер жетіп, жеке шаңырақ көтергенде ата-ананың отау тігіп, мал-мүлік, дүние беруі. Бұл — дербес өмірге қадам басқан жас отбасыға қолдау көрсету дәстүрі.
Қорытынды сөз
Отбасы: тату, бауырмал, инабатты, мейірімді болуға үндейтін орта.
10) Мақал-мәтел: жасырын сөзді тап
Бір сөзі түсіп қалған мақал-мәтелдерді толықтырыңыздар.
1) Жақсы адам елдің ырысы, жақсы сөз жанның несі?
Жауабы: тынысы
2) Тозар елдің жанжалы бітпес, озар елдің несі бітпес?
Жауабы: арманы
3) Елдің ерлігі ерінен танылар, елдің байлығы несінен танылар?
Жауабы: жерінен
4) Ел қалаған ұл-қыздар — ел көгіндегі нелер?
Жауабы: жұлдыздар
5) Ынтымақты елге ешкім жетпес, ынтымақсыз елдің несі бітпес?
Жауабы: өкініші
6) Анаңа ауыр сөз айтпа, атаңа ауыр не артпа?
Жауабы: жүк
7) Адам болатын бала қандай? Бай болатын бала айырбасшыл.
Жауабы: ағайыншыл
8) Қатты не көрсе бала күнінде, өнерімен қуантады түбінде.
Жауабы: тәртіп
9) Қарағайға қарап тал өсер, несіне қарап бала өсер?
Жауабы: қатарына
Қорытынды
Отбасы — мүшелері туыстық қатынаста болып, бір-біріне қамқорлық көрсетіп, ортақ мақсатқа ұйысатын шағын қоғам.
Қоғам — ортақ мақсат-міндеттері, өмір жағдайлары мен қарым-қатынастары арқылы біріккен адамдар тобы.
ҚР Конституциясы, 27-бап
Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады.
Еске салу
Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандары: Әнұран, Ту, Елтаңба, сондай-ақ ұлттық валюта — теңге.
Сабақ соңында бағалау жүргізіледі.