Түсініп оқып, мәтіннен синоним сөздерді табу
Сабақ тақырыбы: Синонимдер (5-сынып)
Мақсаты
Оқушылардың синонимдер туралы лингвистикалық білімін кеңейту.
Күтілетін нәтиже
- Синонимдер туралы білім алады.
- Сөздердің сипатына қарай күнделікті өмірде қолдана алады.
- Синонимдердің ерекшеліктерін түсіндіріп айта алады.
Қажетті жабдықтар
- Проектор
- Ресурстар
- Түрлі түсті стикерлер
I. Ұйымдастыру кезеңі
Сергіту сәті: «Тату сөздер»
Мұғалім оқушылармен амандасып, шағын әңгіме арқылы синонимдердің мәнін түсіндіреді: ерте-ерте, ертеде Лексика деген ауыл болыпты. Сол ауылда Синоним деген бай өмір сүріпті. Оның балалары өте көп болыпты, әрі бәрі бір-бірімен тату екен.
Бай балаларына мынадай ат қойыпты: күшті, мықты, қайратты, қажырлы, әлді, қарулы, сондай-ақ сұлу, әдемі, әсем, көркем. Бұл сөздердің мағынасы бір-біріне жақын болғандықтан, олар татулықта өмір сүріпті.
Олай болса, сергіту сәтін «Тату сөздер» деп атап, біз де бір ұғымды білдіретін тату сөздерге айналайық. «Шаттық шеңбері» арқылы оқушылар бір-біріне мінезі, түр-сипаты, мықтылығы туралы синоним сөздер айтады.
II. Үй тапсырмасын тексеру
Әдіс: «Доп лақтыру»
69-жаттығу: омонимдерге мысалдар жазу. Доп лақтыру әдісі арқылы оқушылар бір-біріне сұрақ қойып, жауап береді.
III. Жаңа тақырып: Синонимдер
Суретпен жұмыс
III топқа екі сурет беріледі. Оқушылар суреттерге қарап, сол ұғымға сәйкес синонимдерді табады.
Бұл кім?
Ұстаз, мұғалім, оқытушы
Адам
Кісі, жан, пенде
Сәби
Нәресте, шақалақ, бөпе, бөбек, бала, перзент
Тамақ
Ас, тағам, дәм
Қуану
Шаттану, мәз болу
Өкіну
Опық жеу, бармағын тістеу
Топтық тапсырма
I топ — Зат есім
Ас, өң сөздерінің синонимін тауып, сөйлем құрау.
Ас
тамақ, дәм, тағам, ауқат
Сөйлем: Қонақтарға арналған ас өте дәмді болды.
Өң
түр, түс, келбет, пішін, ажар, көрік, кескін, рең, дидар, шырай
Сөйлем: Асанға қарасам, көркіне көз тоймайды.
II топ — Сын есім
Салмақты, әдемі сөздерінің синонимін тауып, сөйлем құрау.
Салмақты
сабырлы, байыпты, ұстамды
Сөйлем: Асанның мінезі салмақты.
Әдемі
көрікті, сұлу, керім, көркем, шырайлы
Сөйлем: Айжан өте әдемі қыз.
III топ — Етістік және үстеу
Амандасу, тез сөздерінің синонимін тауып, сөйлем құрау.
Амандасу
сәлемдесу, есендесу, хал-жағдай сұрасу
Сөйлем: Оқушылар апаймен сәлемдесті.
Тез
жылдам, шапшаң, лезде
Сөйлем: Асан үйіне лезде барып келді.
Оқулықпен жұмыс
I топ — 70-жаттығу
Қазақ тілінің синонимдер сөздігін пайдаланып, әр синоним сыңарын бір вагон деп есептеп, синоним қатарларынан «пойыз» құрастырыңдар. Соңында пойызда неше вагон болғанын айтыңдар.
Қатар 1
Бағалы — құнды — қымбат
Қатар 2
Семіру — жуандау — майлану — тою — қоңдану
Қатар 3
Халық — жұрт — көпшілік
II топ — 71-жаттығу
«Ғажап, шақ, қараулық, уәде, айла, жан» сөздерінің синонимін табу.
- Ғажап: ғажайып, керемет, керім, таңғажайып
- Шақ: кезінде, уақытында
- Қараулық: әділетсіздік
- Уәде: уағда, серт, ант
- Айла: амал, тәсіл
- Жан: адам, кісі, пенде
III топ — 72–73-жаттығулар
72-жаттығу (ауызша): мәтінді түсініп оқып, ішінен синоним сөздерді табу.
«Жеті атасын білмеген – жетесіз» деген сөздің мағынасын мәтінге сүйене отырып түсіндіру.
73-жаттығу (жазбаша): көшіріп жазып, мәтіннен синоним сөздерді табу.
Үлгі: Алла, тәңір, құдай, жаратқан ие, жаратушы; адам, жан, пенде, кісі, т.б.
Жинақтау
Топтастыру әдісі: «Синонимдер»
- Сөздер бір ғана ұғымды білдіруі керек.
- Мағыналары бір-біріне жақын, бірақ дыбысталуы әртүрлі болады.
- Бір ғана сөз табына қатысты болуы керек.
- Дыбысталуында (айтылуында) өзгешелік болуы керек.
Үй тапсырмасы және рефлексия
Үйге тапсырма
- 1 Синоним туралы түсінікті қайталау.
- 2 «Ар-намыс» туралы білетін қанатты сөздер мен мақал-мәтелдерді жазу.
Рефлексия
Әр топ өздерінің білім деңгейін айтып, өзін-өзі бағалау (нысана бойынша) арқылы қорытынды жасайды.