Бала құқығы
Сабақтан тыс іс-шара: дөңгелек үстел
Тақырыбы: Бала және оның құқығы
Мақсаты: оқушыларға құқықтық білім негіздері туралы мағлұмат беру; өз құқықтарын терең түсінуге, салыстырып талдауға және күнделікті өмірде қолдана білуге үйрету; құқықтық сауаттылығын толықтыру. Адамгершілікке, адалдыққа, әділдік пен мейірімділікке баулу арқылы саяси сананы және танымдық белсенділікті арттыру. Қазақстан Республикасының Ата заңын құрметтеуге тәрбиелеу және патриоттық тәрбие беру.
Көрнекілігі: Қазақстан Республикасының Конституциясы, «Бала құқықтары туралы конвенция», заңдар жинағы, слайд-презентация.
Іс-шараның құрылымы
- I Ұйымдастыру бөлімі. Қатысушыларды таныстыру, мақсат-міндеттерді айқындау.
- II Негізгі бөлім. Дәйексөздер, кіріспе әңгіме, құқықтық ұғымдар және талқылау.
- III Балалар құқығына қатысты баптар. Конвенция мазмұны бойынша таныстыру.
- IV «Жылдар сөйлейді». Құқықтық құжаттардың қабылдану кезеңдері.
- V «Тәртіп орнат» тапсырмасы. Ұғымдарды сәйкестендіру арқылы бекіту.
- VI «Жалғасын тап». Мақал-мәтелдер арқылы ой түю.
- VII Қорытынды. Негізгі ойды жинақтау және оқушы міндеттері.
Қанатты сөздер
«Ата заң әркімнің бойтұмары болып, оның әрбір қағидасы мүлтіксіз орындалғанда ғана ортақ мақсатқа қол жеткіземіз».
«Бала бол, басқа бол — бәріне заң біреу-ақ».
«Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ».
Мұғалімнің кіріспе сөзі
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген аталы сөз тегін айтылмаған. Әр адам мемлекеттік заңдарды құрметтеп, ата-бабамыздың тәжірибесін үнемі назарда ұстап отыруы тиіс.
Халқымыз 13 жастағы баланы «отау иесі» деп атаған. Ал Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, қылмыс жасаған бала 14 жастан бастап жауапқа тартылады. 16 жастан бастап әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік толық көлемде қарастырылады, азамат жеке куәлік алады.
Заңды білу — заман талабы. Қазақстанда демократиялық, құқықтық мемлекет құру бағыты іске асуда. Бұл бағытта әр азамат өз құқықтарын жақсы біліп, соған сай құқықтық сана-сезім қалыптастыруы қажет.
Азаматтың басты міндеті: заң талаптарын бұзбау және өзіне жүктелген міндеттерді орындау. Өйткені заң — өмірдің тірегі. Заңның қуаты атауында емес, адалдығы мен әділдігінде.
Заңның маңызды мақсаттарының бірі — қоғамдағы әртүрлі мінез-құлықтағы адамдарды салауатты өмір салтына тәрбиелеу.
Бала құқықтары туралы конвенция: қысқаша шолу
1979 жылы Халықаралық балалар жылына орай «Балалар құқықтары туралы халықаралық конвенцияны» дайындау мақсатында арнайы топ құрылды. 1989 жылғы 20 қарашада Конвенцияны БҰҰ бірауыздан қабылдады.
Конвенция — әлем балаларының құқықтарын қорғау және оларды тәрбиелеу жөніндегі маңызды халықаралық құжат. Онда қатысушы мемлекеттер әрбір баланың өсіп-жетілуіне қажетті тұрмыс деңгейін қамтамасыз етуге және оның құқықтарын мойындауға міндетті екені көрсетілген.
Ой-толқы: бала және оның құқықтары
Талқылау сұрақтары
- Бала деп кімді айтамыз?
- Баланың қандай құқықтары бар?
Баланың негізгі құқықтары
- Еңбек етуге
- Өз пікірін білдіруге
- Өз аты-жөнін және әкесінің атын алуға
- Мүлікке ие болуға
- Қорғалуға
- Отбасында өмір сүруге және тәрбиеленуге
- Ұлтын таңдауға
- Демалуға
- Денсаулығын сақтауға
Конвенция баптарынан үзінділер
1-бап. Бала ұғымы
18 жасқа толмаған әрбір адам бала деп есептеледі. Кейбір жағдайларда жергілікті заңнама кәмелеттік жас шегін ертерек белгілеуі мүмкін.
2-бап. Кемсітушілікке жол бермеу
Барлық құқық барлық балаға бірдей қолданылады. Мемлекет баланы зорлық-зомбылықтың кез келген түрінен қорғауға және оның құқықтарын сақтау үшін тиісті шаралар қабылдауға міндетті.
3-бап. Баланың мүддесін басым қою
Балаға қатысты кез келген іс-әрекетте оның мүддесі толық ескерілуі тиіс. Егер ата-ана немесе басқа тұлғалар қажетті қамқорлық көрсете алмаса, бұл жауапкершілікті мемлекет өз мойнына алады.
4-бап. Құқықтарды іске асыру
Мемлекет осы Конвенцияда көрсетілген құқықтарды жүзеге асыру үшін барлық мүмкіндіктерін пайдалануы керек.
5-бап. Отбасындағы тәрбие және қабілетті дамыту
Мемлекет баланың дамып келе жатқан қабілетін ескере отырып, оны тәрбиелеуде ата-аналардың және кеңейтілген отбасының құқықтары мен жауапкершілігін құрметтеуі тиіс.
6-бап. Өмір сүру, өсу және даму
Әрбір бала өмір сүру құқығына ие, ал мемлекет оның өсуі мен дамуын қамтамасыз етуге міндетті.
7-бап. Есім және азаматтық
Бала дүниеге келгеннен кейін есім алуға құқылы. Сондай-ақ азаматтық алуға, мүмкіндігінше өз ата-анасын танып-білуге және олардың қамқорлығын көруге құқылы.
8-бап. Жеке тұлғалықты сақтау
Мемлекет баланың жеке тұлғалық ерекшеліктерін сақтауға, қажет болған жағдайда есімі, азаматтығы және отбасылық байланыстарын қалпына келтіруге көмектесуге міндетті.
9-бап. Ата-анадан ажырамау
Баланың мүддесіне қайшы келмейтін жағдайда ол ата-анасымен бірге тұруға құқылы. Ата-анасының біреуінен немесе екеуінен ажыраған жағдайда да олармен байланыста болуға құқылы.
10-бап. Отбасының бірігуі
Бала мен ата-ана отбасын біріктіру немесе қарым-қатынасты нығайту мақсатында кез келген елден шығып, өз еліне қайтып келуге құқылы.
11-бап. Заңсыз әкету және оралмау
Мемлекет ата-ананың немесе үшінші тұлғаның баланы шетелде заңсыз ұстап тұруына немесе ұрлауына жол бермеуге және мұндай жағдайда тиісті шаралар қабылдауға міндетті.
12-бап. Баланың көзқарасын ескеру
Бала өз ойын еркін айтуға құқылы. Балаға қатысты шешім қабылданғанда оның пікірі ескерілуі тиіс.
13-бап. Пікір айту және ақпарат алу еркіндігі
Бала шекараға қарамастан өз ойларын ашық жеткізуге, ақпарат алуға, идеяларды таратуға және беруге құқылы.
14-бап. Ой, ар-ождан және дін бостандығы
Ата-ананың лайықты жетекшілігі жағдайында мемлекет баланың ой еркіндігін, ар-ожданын және діни сенімін құрметтеуге міндетті.
15-бап. Бірлесу бостандығы
Бала басқа адамдармен кездесуге, бірлестіктерге кіруге немесе оларды құруға құқылы.
16-бап. Жеке өмірге қол сұқпаушылық
Бала өзінің жеке және отбасылық өміріне заңсыз араласудан қорғалуға құқылы. Мемлекет баланың ар-намысы мен беделіне қол сұғудан қорғауға міндетті.
Жылдар сөйлейді
- 1948, 10 желтоқсан: БҰҰ-да Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясы қабылданды.
- 1959, 20 қараша: БҰҰ Бас Ассамблеясы Балалар құқықтары декларациясын қабылдады.
- 1989: Бала құқықтары туралы конвенция қабылданды.
- 1993, 28 қаңтар: Егемен Қазақстанның алғашқы Конституциясы қабылданды.
- 1995, 30 тамыз: Референдум арқылы екінші Конституция қабылданды.
- 2002, 8 тамыз: «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» заң қабылданды.
Тапсырма: «Тәртіп орнат» (сәйкестендіру)
Ұғымдар
- 1. Құқық
- 2. Конституция
- 3. Мемлекет
- 4. Азамат
- 5. Құқық бұзушылық
- 6. Президент
- 7. Парламент
- 8. Егемендік
Анықтамалар
- A. Еліміздің негізгі заңы
- Б. Мемлекет басшысы
- В. Негізгі саяси қоғамдық ұйым
- Г. Тәуелсіздік
- Д. Заңдар жинағы
- Е. Заң шығарушы орган
- Ж. Заң жүйесін бұзу
- З. Құқығы бар ел тұрғыны
Дұрыс сәйкестік
1—Д, 2—А, 3—В, 4—З, 5—Ж, 6—Б, 7—Е, 8—Г
«Жалғасын тап»: мақал-мәтелдер
«Балаңды беске дейін ештеңеден тыйма,
бестен он үшке дейін құлындай қина,
он үштен әрі сырласыңдай сыйла».
«Жақсы бала — сүйініш, жаман бала — күйініш».
Толықтыр
- Ананың көңілі — балада, баланың көңілі — далада.
- Балалы үй — базар, баласыз үй — қу мазар.
- Әкеңнің қадірін — балалы болғанда білерсің.
Мұғалімнің қорытынды сөзі
Конвенцияда адам құқығын құрметтеу, баланы ата-анасына, өз мәдениетіне, тіліне, өзі тұратын елдің ұлттық құндылықтарына, қоршаған ортаға және табиғатқа ізетпен қарауға тәрбиелеу туралы айтылады.
Біз — тәуелсіз, егеменді елміз. Елтаңбамыз, Әнұранымыз, Туымыз бар. Тәуелсіздігіміздің маңызды тіректерінің бірі — 1995 жылғы 30 тамызда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы. Конституция 9 бөлімнен және 98 баптан тұрады. Онда адамның құқықтары, бостандықтары және міндеттері нақты көрсетілген.
Негізгі түйін: әр адам өз құқықтары мен міндеттерін білуі керек. Заңды білу — заман талабы. Заңға бағыну — адамзат міндеті.
Мен міндеттімін
- Білім алуға
- Тәртіп сақтауға
- Мектеп мүлкін сақтауға
- Үлкендерді сыйлауға
- Ана тілінің тазалығын сақтауға
- Әрдайым таза, ұқыпты жүруге
- Темекі шекпеуге, спирттік ішімдік ішпеуге
Заңды аяққа баспайық, ағайын. Сау болыңыздар!