Кітап емханасы көрініс
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Қазалы ауылы
№100 орта мектебі
Авторы: Саулебаева Ләззат Шакиқызы
Сабақтың тақырыбы: Кітап – сарқылмас рухани қазына
Кітап — білімнің көзі ғана емес, адамды тәрбиелейтін, ой-өрісін кеңейтетін, ұлттың мәдени жадын сақтайтын құдірет. Ғылым мен техника, жоғары технология дамыған XXI ғасырда да кез келген жетістіктің түп-тамыры — кітапта.
Сабақтың мақсаты
- «Кітап – сарқылмас рухани қазына» екенін түсіндіру, білімнің кітап арқылы берілетінін ұғындыру.
- Кітаптың адам өміріндегі маңызы мен ғылым-білімнің пайдасын таныту.
- Оқушылардың кітапқа қызығушылығын арттыру, оқулықты құрметтеп, күтіп ұстауға үйрету.
Сабақтың құрал-жабдықтары
Рухани білім мен мәдениеттің қажеттілігі ешқашан мәнін жоймайды: адам баласы сол байлықтың көзін кітап деген құдіреттен тапты.
Сабақтың барысы
- 1. Ұйымдастыру
- 2. Кіріспе
- 3. Әдеби-монтаж
- 4. Монолог
- 5. «Кітап қалай жасалады?» көрінісі
- 6. «Кітап – рухани қазынамыз» (кітапханашы сөзі)
- 7. «Кітаптар мұңы» көрінісі
- 8. Кітап ұстау ережесі
- 9. «Оқушы мен кітап» көрінісі
- 10. «Кітап емханасы» көрінісі
- 11. «Қожанасыр қоржыны» (тапсырмалар)
- 12. Қорытынды
Кіріспе: Мұғалім сөзі
Бүгін — мереке, үлкен думан. Кітапты жыр етіп, оның қадір-қасиетін дәріптейтін күн. Ақын жырлағандай, әдеби кітаптар мен оқулықтар — білімнің көзі, рухани қазына.
Кітап — теңдессіз байлық: өткен замандардың тереңінен сыр шертетін тарих та, әдебиет те, ғылымның сан қыры да осы кітапта тоғысқан. Ол — талай оқиғаның куәсі, талай жаңалықтың бастауы.
Сондықтан «кітап — рухани қазынамыз» дей отырып, келесі бөлімге — әдеби-монтажға кезек береміз.
Әдеби-монтаж
Адамның досы — кітап, өмір кілті,
Тең келмес оған жиған дүние мүлкі.
Ақылшы, жанға серік, жол бастаушы,
Асыл ой қазынасы, өмір көркі.
Тұрады басын құрап әріп неден,
Басталған білім басы әліппеден.
Қарасаң — шалқар теңіз, түпсіз мұхит,
Оқысаң — кітап сырын ашып берер.
Кітапты оқымайды сыйламаған,
Білімге жанын салып ұмтылмаған.
Өсірер кімнің болсын ой-өрісін,
Сол кітап — бек ақылшы күнде маған.
Түлекті тәрбиелер кітап — мектеп,
Өседі сол кітаптан бұлақ көктеп.
Молайтып ақылыңды сан еселеп,
Береді білім нәрін кітап көптеп.
Кітаптар — бейне жапырақ,
Жырлайтын сырын өмірдің.
Оқисың кейде жаттап ап,
Көтеріп күйін көңілдің.
Айдын шалқар кейде бір,
Кітапты тұнған көл дерсің.
Ауадай қажет бейне бір,
Татпасаң нәрін — шөлдерсің.
Кетпейді ешбір жадымнан,
Мектепке бардық күз айы.
Тастамай сені жанымнан,
Қолтықтап жүрдім ұдайы.
Достарға толы маңайым,
Татулық тәтті бәрінен.
Ерекше сені санаймын,
Құшақтап жүрдім әлі мен.
Елімізде атақты
Ғалым ата не тапты?
Бәрін, бәрін білесің,
Оқи берсең кітапты.
Бөбектерім, оқы, ойна —
Оқу-білім саған пайда.
Кітабыңның шетін жыртып,
Сияменен бояп қойма.
Мұғалім сөзі: «Оқы талмай, түй санаңа. Сыр құямын, нұр құямын бойыңа. Таза ұстап, оқы мені қастерлеп — бар білімді мен егемін санаңа».
Келесі бөлім: «Кітап» монологы (Назерке).
Көріністер мен бөлімдер
«Кітап қалай жасалады?» көрінісі
Орындайтындар: Ислам, Динара, Перизат, Назерке, Ғарифулла.
«Кітап – рухани қазынамыз» (кітапханашы сөзі)
Мұғалім: «Кітаптарды таза сақтап, оқырманға бар білгенін аянбай ұсынатын кітапханашы — ел үмітін ақтайтын жан».
Қазіргі балалар әдебиетіне библиографиялық шолу жасау үшін мектеп кітапханашысы Алтынай апайға сөз беріледі.
«Кітаптар мұңы» көрінісі
Кейбір оқулықтар қыркүйекте әдемі күйінде күлімдеп келсе, мамырдың соңында ренішпен, мұңмен кітапханаға қайтады. Сол әсерлі көрініс арқылы оқулыққа жауапкершілікпен қарау тақырыбы ашылады.
Орындайтындар: Ғарифулла (автор), Ислам (ана тілі оқулығы), Айдос (қазақ тілі оқулығы), Нұржан (математика), Оңталап (дүниетану).
Кітап ұстау ережесі
(Слайд арқылы түсіндіріледі.) Мұғалім: «Кітап жинап, түптеймін, жыртылмасын. Мұқабасын бүкпеймін, қырқылмасын. Таза болсын беттері, кірлемесін — көрген кісі кітабың кір демесін».
Ұқыптылық
Кітапты таза ұстау, беттерін былғамау, жыртпау.
Қорғау
Мұқабасын бүкпеу, белгі салғанда парақша қолдану.
«Кітап емханасы» көрінісі
Көрініс арқылы жыртылған, бүлінген оқулықты қалпына келтіру, оны жөндеу мәдениеті дәріптеледі.
Рөлдер: Автор — Жайнагүл, Мұғалім — Назерке, Дәрігер — Перизат, Кітапханашы — Сәнім.
«Қожанасыр қоржыны»
Қоржындағы сұрақтарға жауап беру арқылы оқушылар кітап туралы білімін бекітеді, ойлау мен тіл мәдениетін дамытады.
Қорытынды
Мұғалім: «Кітапхана — кітаптардың ордасы, кітап — нағыз жолбасшы. Біздің ғасыр — білімділер ғасыры».
Ел дамуы үшін мәдениет пен ғылымды, білім мен білікті, рухани байлықты әлемге таныта білу маңызды. Бұл мақсатқа жетудің берік жолы — оқу мәдениетін қалыптастыру, кітапқа құрметті күшейту.
Үндеу
Құрметті қонақтар мен ұстаздар, бала тәрбиесінде кітап оқуға ынтаны бірге арттырайық. Кітаппен дос болайық, кітапхана оқырмандары көбейе берсін!