Әкелерге сөз беру
Іс-шараның тақырыбы: «Әке — асқар тау»
Бұл ашық тәрбие сағаты — әкенің отбасындағы орнын айқындап, әке мен бала арасындағы байланысты нығайтуға арналған тәрбиелік кездесу. Әр шаңырақта әкенің орны бөлек: ол — отбасының асыраушысы, тірегі, қамқоршысы. Әкенің мінезі, білімі, адамдармен қарым-қатынасы баланың көз алдындағы өмірлік үлгі.
Халық даналығында: «Әке — асқар тау, ана — қайнар бұлақ, бала — жағасындағы құрақ» делінеді. Әке сөзі — әр балаға жақын әрі ыстық ұғым. «Әке — бәйтерек» деуіміздің мәні де осында.
Құзыреттілікке жеткізетін мақсат-міндеттер
Ақпараттық
Жанұядағы әке мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайту; ұлттық салт-дәстүрдегі әке орнының ерекше екенін ұғындыру; бала бойындағы әкеге деген махаббат пен құрметті ояту.
Коммуникативтік
Оқушыларды шығармашылық жұмыстарға баулу; өз өнерін еркін көрсетіп, ойын мәдениетті түрде жеткізе білу дағдыларын қалыптастыру.
Проблеманы шешу
Әкені құрметтеу, сыйлай білу мәдениетін нығайту; отбасындағы жауапкершілік пен өзара сыйластықтың мәнін түсіндіру.
Әдістер, технологиялар және ұйымдастыру
Іс-шара әдістері
- Түсіндіру
- Сұрақ-жауап
Педагогикалық технологиялар
- Дамыта оқыту
- СТО (Сын тұрғысынан ойлау)
Көрнекіліктер
Тақырып жазылған қағаздар, нақыл сөздер, «Бәйтерек» ағашы (символ).
Пәнаралық байланыс
Қазақ әдебиеті.
Ұйымдастыру бөлімі
Құрметті әкелер! Сіздерге арналған «Әке — асқар тау» атты ашық тәрбие сағатымызды ашық деп жариялаймыз. Оқушылар мұғалімдермен және ата-аналармен амандасады.
Топқа бөліну (суретпен жұмыс)
Қатысушыларға «Бәйтерек» ағашынан ұнаған түсті «қар» таңдау ұсынылады. Таңдалған түстердің артында жасырылған ән атаулары бойынша екі топқа бөлінеді:
1-топ
«Атамекен» әні.
2-топ
«Арыс жағасында» әні.
Тәрбие сағатының барысы
Әке — әркімнің сүйенер тіреуі. Әке — отбасының басты мүшесі, отағасы. «Әкеге қарап ұл өсер» дегендей, әкенің балаға үйретері көп. Ендеше, құрметті әкелер, балаларыңыздың өнерін тамашалаңыздар.
Мұғалімнің кіріспе сөзі: «Әке көрген оқ жонар» — әкеге қатысты айтылған өнегелі сөз. Әке бойынан күш-жігерді, батырлықты, қайсарлықты, білімділікті және сан алуан асыл қасиеттерді көруге болады. Әкелердің әрқайсысы әртүрлі мінезімен, ұстанымымен дара: бірі ақылды, бірі білімді, бірі жігерлі, енді бірі батыл әрі қайсар. Кейбір әкелердің бойынан осы қасиеттердің бәрі табылады.
Әкелермен жұмыс: тапсырмалар мен кезеңдер
-
1
Таныстыру
«Кімнің әкесісіз?» — әр әке өзін қысқаша таныстырады.
-
2
Сұрақ-жауап
Балаңыздың туған күні, айы, жылы.
-
3
Үй тапсырмасы
Қолөнер немесе сәндік бұйым: үйден жасап әкелген жұмыстарын таныстырып, тапсырады.
-
4
Ойын
«Әскердегі қызықты сәттер…» — еркін форматтағы әңгіме/ойын кезеңі.
-
5
Мақал-мәтел сыйлау
Әкелер балаға арнап бір мақал-мәтел немесе нақыл сөз жазады. Жазылған парақша гүлге бекітіліп, әкесі гүлді баласына ұсынады. Бала гүлді алып, «Бәйтерек» ағашына іледі.
Өнер кезеңі
Топтық орындау
1-топ — «Атамекен» әнін орындайды.
Топтық орындау
2-топ — «Арыс жағасында» әнін орындайды.
Ән
«Анашым — әкем»
Би
Өзбек биі «Шайхана»
«Шаттық шеңбері» (тәрбиелік өлең)
Бір құрмет — әке қатал болса да,
Сыйлау оны — бір құрмет.
Әке қандай болса да,
Қорқу одан — бір құрмет.
Әкенің бір сөзіне
Ешқандай тыйым жетпейді.
Әке қатты сөз айтса,
Есіңнен еш кетпейді.
Әкесін сыйлай білгендер
Көгереді, көктейді.
Оқушылардың арнауы
1-оқушы:
Нағыз әке — ақылгөй де асқар жан,
Барлық ұрпақ әкелерден басталған.
Ал, әкелер, өздеріңізге арналған
Бүгінгі той — қуаныш пен мереке.
2-оқушы:
Жүздеріңнен көрем шаттық арайын,
Болсын солай әрбір күнің, әр айың.
Тойларыңыз құтты болсын, әкелер,
Балаларың төге берсін мерейін.
3-оқушы:
Сізсіз, әке — ең ақылды, ең шыншыл,
Сізсіз, әке — ең жақыным, ең сыршыл.
Шуақ шашқан қашанда асыл жүрегің —
Жанымдасың, қамқорымсың, білемін.
Қабыл алғын бала жүрек тілегін.
4-оқушы:
Қамқорсың, әке, өмірде,
Қуатым сенсің көңілге.
Әлпештеп мені өсірдің,
Ұшармын ертең көгіңде.
5-оқушы:
Өмірдің көрген талай жол торабын,
Әкеден кім аяйды қолда барын?
Әкенің ақ тілегін өтеу — парыз,
Мен бүгін әкемді айтып толғанамын.
6-оқушы (Әкеме):
Көмегімен біздерді мәпелеген,
Ардақты жан өмірде әке деген.
Бақыттымын өмірде әкем барда,
Сол бастаушым — биікке жетелеген.
Асқар тауым аман жүр, аяулы әкем,
Жақсы өнеге бердіңіз, мақтан етем.
Кіп-кішкентай жүрегім сендіреді,
Мен өзіңді, әкетай, бақытты етем!
Қорытынды
Мұғалім: Құрметті ата-аналар мен оқушылар! Біздің сыныбымыздың символы — осы «Бәйтерек» ағашы болсын. Ағаш басындағы «қарларды» әкелеріміздің мейірімі мен жылы сөзі еріткендей, бәйтерегіміз де гүлдеп, көктеді. «Әке — асқар тау, ана — бауырындағы бұлақ, бала — жағасындағы құрақ» дегендей, баршаңызға амандық тілейміз. Әкелер жазып берген мақал-мәтелдерді ойымызға түйіп, өнегелі, тәртіпті, әдепті, білімді ұрпақ болып өсейік.
Тәрбие сағаты оқушыларды адамгершілікке, сыйластық пен сыпайылыққа баулу мақсатында қорытындыланады.