Құлақ қандай мүше

Сабақтың тақырыбы

Адамның сезім мүшелері: көз және құлақ.

Сабақтың мақсаты

  • Білімділік: оқушыларға адамның сезім мүшелері — көз және құлақ туралы түсінік беру; көру және есту мүшелерінің гигиеналық ережелерін талдау.
  • Дамытушылық: ой-өрісін, оқу жылдамдығын, есте сақтауын, байланыстырып сөйлеуін және сауаттылығын дамыту.
  • Тәрбиелік: ұқыптылыққа, гигиеналық тазалық ережелерін сақтауға, әсемдікті сүюге тәрбиелеу.

Көрнекілігі

Құлақ және көз макеті, суреттер, тірек сөздер, лимон, алма, геометриялық фигуралар (дөңгелек, текше) және т.б.

Құрал-жабдық

Дыбыс құрылғысы бар компьютер.

Сабақтың барысы

1) Психологиялық дайындық

Мақсаты: оқушылардың назарын сабаққа аудару.

Шаттық шеңбері:
Амансың ба, көк аспан,
Амансың ба, жер-ана.
Амансың ба, құрбым,
Мынау менің қолым —
Жылуымды сезін!

2) Өткенге шолу

Сұрақ-жауап: «Адам дегеніміз: мен және басқалар» тақырыбын қайталау.

Топтық жұмыс: I, II, III топқа үш тапсырма беріледі. Әр топ берілген суреттер бойынша мамандық иелері туралы 2–3 сөйлемнен тұратын шағын әңгіме құрастырады.

3) Жаңа сабақ: сезім мүшелері — көз және құлақ

Жұмбақ:
Көреді бәрін өзгенің,
Көре алмайды өздерін.
(Жауабы: көз)

Өлеңмен жұмыс (Қ. Мырза Әли, «Не үшін?»):
Екі көзің не үшін керек?
Жақсыларды көру үшін!
Құлақ деген не үшін керек?
Ақыл-кеңес тыңдау үшін.
Екі қолың не үшін керек?
Елге көмек беру үшін.

Түсіндіру жұмысы

Мұғалім балаларға адамның әрбір дене мүшесінің пайдасы зор екенін түсіндіреді. Бүгін біз сезім мүшелерінің ішінде көз бен құлақтың қызметін және оларды күту жолдарын қарастырамыз.

Мұғалім лимонды көрсетіп: «Бұл не?» деп сұрайды. Бір оқушыны тақтаға шақырып, лимонның пішіні мен түсін сипаттатады. Кейін лимонды кесіп, дәмін татып көру арқылы оның шынымен лимон екенін дәлелдеп, сезім мүшелерінің (көру, дәм сезу) жұмысын нақты мысалмен бекітеді.

Көз — көру мүшесі

Біз көз арқылы заттарды көріп, олардың түрін, түсін, пішінін, көлемін ажыратамыз. Көздің көмегімен қоршаған дүниені танып-білеміз.

Қабақ пен кірпік көзді өте жарқыраған жарықтан және шаң-тозаңнан қорғайды. Егер көзге қоқым түссе, жас арқылы жуылып кетеді.

Қас маңдайдан аққан терді ұстап, көзге түсуіне жол бермейді.

Көру мүмкіндігін күшейтетін түрлі аспаптар бар, бұл бағытта көз дәрігері (офтальмолог) көмектеседі.

Құлақ — есту мүшесі

Құлақ барлық дыбысты естуге көмектеседі. Өте қатты дыбыстар құлаққа зиян келтіріп, естудің нашарлауына әкелуі мүмкін.

Сондықтан құлақты таза ұстап, күн сайын жуып, суықтан және қатты желден қорғау қажет.

4) Ойын: «Дауыста, дауысыңнан танимын»

Ортаға бір оқушы шығып, көзін байлайды. Қалған оқушылар орындарында қалады. Кез келген оқушы алға шығып, дауысын өзгертіп жақсы тілектер айтады. Көзін байлаған оқушы оның кім екенін дауысынан тануға тырысады.

5) Сергіту сәті және тірек сөздер

Сергіту: «Қара жорға» биін билеу.

Тірек сөздер: мүше, түсі, мөлшері, пішіні, аспаптар, зиян, дыбыс Сөздердің орнын ауыстырмай жаттап, ретімен жаңылмай айтуға уақыт беріледі.

6) Ойын: «Ненің дауысы?»

Таспадан әртүрлі жануарлардың дауысы тыңдалады. Оқушылар дыбысты ажыратып, тақтадан сәйкес суретін тауып, жануардың атын атайды.

7) Сұрақ-жауап

Сұрақ: Сезім мүшелеріне нелер жатады?

Сұрақ: Көз қандай мүше?

Жауап: көру мүшесі.

Сұрақ: Құлақ қандай мүше?

Жауап: есту мүшесі.

Сұрақ: Тіл қандай мүше?

Жауап: сөйлеу және дәм сезу мүшесі.

Сұрақ: Мұрын қандай мүше?

Жауап: иіс сезу мүшесі.

Сұрақ: Тері қандай мүше?

Жауап: сипап сезу мүшесі.

Нені сеземіз? Ыстық пен суықты.

8) Ұжымдастыру әдісі

Жазылым: оқушылар алдымен дәптерлеріне жазады, кейін 3–4 оқушы дауыстап оқиды.

Пысықтау: тақтада «Ассоциация» әдісі арқылы жаңа білім бекітіледі.

9) Сабақты қорытындылау

Шығармашылық тапсырма: оқушылар өз ойларынан сезім мүшелеріне байланысты өтірік жұмбақ құрастырады, бір-біріне жасырады, жауаптары тыңдалады.

Рефлексия сұрақтары:
Не білдік? Не үйрендік?

10) Бағалау және мадақтау

Оқушылардың жұмысы бағаланып, жетістіктері атап өтіледі.

11) Үй тапсырмасы

Мәтінді түсініп оқу.