Інжу - маржаннан алқа тоқу

Сабақтың тақырыбы

Інжу-маржаннан бұйым тоқу (7-сынып)

Сабақтың мақсаты

Оқушылардың бисермен жұмыс істеудегі шеберлігін арттыру, білімін жүйелеу және әсемдік пен сұлулықты бағалай білуге бағыттау.

Білімділік

Бисер туралы түсінік беру, алқа тоқуды үйрету және шеберлік деңгейін арттыру арқылы эстетикалық талғам қалыптастыру.

Дамытушылық

Қолөнерге қызығушылық ояту; ой-өрісті, іскерлікті, ынтаны, ойлау қабілетін, саусақ қимылдарының ептілігін дамыту.

Тәрбиелік

Ұқыптылық пен дәлдікке, еңбекті бағалауға, еңбек қауіпсіздігін сақтауға және өзара көмек көрсетуге тәрбиелеу.

Сабақ туралы

Сабақтың түрі
Аралас сабақ, сарамандық жұмыс
Сабақтың әдістері
Сұрақ-жауап, топпен жұмыс, түсіндірмелі
Көрнекіліктер
Слайдтар, ребус, әріптер жазылған шеңбер
Пәнаралық байланыс
Математика, тарих, география

Сабақтың кезеңдері

  1. I Ұйымдастыру кезеңі
  2. II Өткен сабақты өзектілеу
  3. III Блиц сұрақтар
  4. IV Тірек-сызбамен жұмыс
  5. V «Ойлы болсаң, тауып көр!» ойыны
  6. VI Сарамандық жұмыс
  7. VII Сабақты қорытындылау
  8. VIII Үй тапсырмасы
  9. IX Бағалау

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Сыныппен амандасу.
  • Оқушыларды түгендеу.
  • Сынып тазалығын тексеру.
  • Кезекшіні тағайындау.

II. Өткен сабақты өзектілеу

Сұрақ Жауап
Біз өткен сабақта қандай бұйым жасадық? Бисерден білезік
Ол білезік қалай аталады? Гүлтізбек
Гүлтізбек қандай бұйым? 4 күлтелі гүл және бір жапырақшадан тұратын бұйым
Неше айқыштан (технологиялық операциядан) тұрады? 5 айқыш
Гүлтізбек неше элементтен тұрады? Қол өлшеміне қарай 9–10 элемент

III. Блиц сұрақтар

1. Бисер дегеніміз не?

Ортасы тесік, пластмассадан немесе әйнектен жасалған түрлі түсті ұсақ моншақтар.

2. Бисердің отаны?

Ежелгі Египет.

3. «Бисер» сөзі қай тілден шыққан?

Араб тіліндегі «бусра» сөзінен.

4. «Бусра» қандай мағына береді?

Жасанды маржан.

5. Құрамына қарай бисер қалай бөлінеді?

Шыныдан және металдан жасалған түрлері.

6. Өңделуіне қарай қалай аталады?

Тұтас боялған, шаңдатылған, күңгірт немесе құбылмалы түсті.

7. Бисердің шығу тарихы немен байланысты?

Әйнектің шығу тарихымен тікелей байланысты.

8. Әйнек дайындаудың құпиясын алғаш ашқан ел?

Финикия.

9. Стеклярус қандай моншақ?

Ұзындығы шамамен 3 мм болатын шыны түтікше тәрізді моншақ.

10. Стеклярустың бисерден айырмашылығы неде?

Түтікше тәрізді және қырлы болады.

11. Стеклярусты алғаш қай ел шығарды?

Франция.

12. Түріне қарай бисер қалай бөлінеді?

Қарапайым бисер, стеклярус, рубка, «Богем» және «Шарлот».

13. Бисермен тоқуда қандай жіптер қолданылады?

Лавсан жіп, леска (қармақ жіп) және мыс сым.

IV. Тірек-сызбамен жұмыс

Бисер түрлері, қолданылатын құралдар және тоқу кезеңдері бойынша тірек-сызба арқылы тақырыпты жүйелеу.

V. «Ойлы болсаң, тауып көр!»

Шеңбер бойындағы әріптерді екі әріптен тастап, ретімен оқу арқылы жасырылған мақал-мәтелді табу. Ойын «Т» әрпінен басталады.

Жауабы:

«Түйменің жіпсіз күні жоқ»

VI. Сарамандық жұмыс: інжу-маржаннан алқа тоқу

1) Еңбек қауіпсіздігі ережелері

Жұмбақтың жауабын тауып, соған сәйкес қауіпсіздік ережелерін атау.

Жұмбақ: Ине

«Бар екен дүниеде жалғыз көзді, сол көзбен дүниенің бәрін кезді. Әлемді он сегіз мың киіндіріп, дүниеден жап-жалаңаш өзі безді».

  • Инені ауызға салма.
  • Киімге түйреме.
  • Тот басқан инені қолданба.

Жұмбақ: Қайшы

«Екі семсер айқасқан, оқта-текте шайқасқан».

  • Қайшыны лақтырма, сермеме.
  • Қайшының жүзін ашық қалдырма.

Жұмбақ: Желім

«Естіртпе, – деп ине-жіптің күңкілін, бүтіндейді қағаз-кiтап жыртығын».

  • Жұмыс кезінде партаның бетіне төсеніш төсе.
  • Желімді ауызға салма, көзге тигізбе.

Жұмбақ: Жіп

«Жүрген сайын жүйрігім, қысқартады құйрығын».

  • Ине-жіпті тіспен үзуге болмайды.
  • Инені жіпсіз қалдырма.

Жұмбақ: Қол

«Қимылдаса қос шебер, қырау-қырау іс өнер».

  • Инемен жұмыс кезінде қолды жарақаттап алмау үшін оймақ киген дұрыс.

2) Қажетті құрал-саймандар

  • №10 және №11 дөңгелек пішінді түрлі түсті бисер
  • Стеклярус
  • Леска жібі
  • Қайшы
  • Ине
  • Жіп
  • Швензы (бекіткіш/ілгек бөлшектері)

3) Теориялық мәлімет: алқаның тарихы

Алқа ерте заманда тау хрусталі мен ақық тастардан жасалған. Неолит дәуірінде алқа тастан және сүйектен, қола дәуірінде металдан дайындалған. Алқа — мойынға тағылатын сәндік бұйым; оның пішіні мен көлемі ұсақ та, ірі де болуы мүмкін.

Ұсақ моншақтармен Ежелгі Египет фараондарының киімдері сәнделген. Бұдан жүздеген жыл бұрын көшпелі сарматтар мен сақтар інжу-маржанмен әшекейленген киімдер киген.

Уақыт өте келе моншақ бұйымдары Шығыс халықтарына, Африкаға, Үндістанға, Америкаға, Тынық мұхиты аралдарына, Еуропа мен Азияға кеңінен тараған. Моншақтың әр халықтағы атауы әртүрлі болған: Үндістанда — хар, Кубада — кояр, Эфиопияда — чале, Анголада — миссанга, Болгария, Румыния, Молдовада — гардана, Прибалтикада — каролинес, Өзбекстанда — зебигардан, Ресейде — ожерелье, цепочки, гайтаны, ал қазақ пен қырғызда — алқа, моншақ, інжу-маржан деп аталған.

Еуропадағы өндіріс

Шыныдан бисер өндіру кәсібі Еуропада алғаш Венецияда, Германияда және Византияда дамыды. Венециядағы өндіріс орталығы — Мурано аралы. Онда айна, ірі моншақ және інжу-маржан түрлері жасалған. Бұл кәсіп Венецияға зор байлық әкелген.

Венецияда бисер өндіру әдісі өте құпия сақталған: шеберлер қатаң бақылауда ұсталып, оқшауланған. Құпияны жария еткен адам өлім жазасына кесілетін болған. Мұндағы мақсат — басқа мемлекеттерде бәсекелестердің пайда болуына жол бермеу.