Күз сыры тақырыбында сурет салу

Берері мол алтын күз

Бұл іс-шараның мақсаты — осындай сайыстар арқылы оқушылардың дүниетанымын кеңейту, қоршаған ортаға сүйіспеншілігін арттыру, табиғатты сүюге және аялауға тәрбиелеу. Сонымен қатар молшылық айы — күздің қадірін ұғындыру.

Көрнекіліктер

  • Суреттер
  • Түрлі-түсті шарлар
  • Нақыл сөздер

Сабақтың барысы

Сайыс қатысушыларын ретімен тұрғызу, таныстыру және әділқазылар алқасын таныстыру жүргізіледі.

Балғындардың өнерін көріңдер,
Ой сараптан әділ баға беріңдер.
Бойларында тұнып тұрған өнер,
Өнеріне қане құлақ түріңдер.

Кіріспе бөлім

Күздің келбеті

Жапырағы ағаштардың сарғайса,
Ұшып кетсе алыстарға құс біткен.
Жаңбыр жауып, аспан егер түнерсе —
Бұл мезгілдің аты онда күз екен.

Күзгі көңіл-күй

Қиқуласқан құстар да
Сайрауынан қалады.
Жылы жаққа ығысып,
Ұшып кетіп барады.

Жомарт күздің біздерге берерін алып қалайық. Күзгі кеш сіздерге көтеріңкі көңіл күй сыйласын!

Негізгі бөлім

Сайыс тақырыбы мен мақсатын таныстыру

Қатысушылар сайыстың мазмұны және бағалау өлшемдерімен таныстырылады. Әр бөлім оқушылардың шығармашылығы мен тіл мәдениетін дамытуға бағытталады.

1-сыныптарға арналған бөлімдер

  1. 1 Мәнерлеп өлең оқу
  2. 2 Сурет салу (жеміс-жидектер)
  3. 3 Өз өнерін көрсету

2-сыныптарға арналған бөлімдер

  1. 1 Мәнерлеп өлең оқу
  2. 2 «Күз сыры» тақырыбында сурет салу
  3. 3 Өз өнерін көрсету

I бөлім: Мәнерлеп оқу

Сары ала көйлегін желбіретіп,
Жапырағын ағаштардың селдіретіп.
Тойға бөлеп елімізді күз келді,
Нұр тамшысын аспанның мөлдіретіп.

Осы өлең жолдарымен күз туралы жырларын оқитын сайыс қатысушыларын ортаға шақырамыз.

II бөлім: Жұмбақ шешу

Жұмбақ шешіп көрейік, жауабын дұрыс берейік:

1)

Бақшадан жер қазып,
Жиып алдым жез қазық.

Жауабы: Сәбіз

2)

Доптар жатыр, желісі бар,
Қабат-қабат терісі бар.

Жауабы: Орамжапырақ

3)

Тігіп алып көк шатыр,
Қызыл күрек доп жатыр.

Жауабы: Қызылша

4)

Жұдырықтай қызыл шар,
Тілді үйірген шырын бал.

Жауабы: Алма

Олай болса, түрлі-түсті қалам алып, жеміс-жидек салайық. Күзгі дала бейнесін сурет арқылы еске түсірейік:

  • 1-сыныптар: жеміс-жидек салу
  • 2-сыныптар: күз көрінісін бейнелеу

III бөлім: Өнер көрсету

«Өнерлінің өрісі кең» — әр қатысушы өз қабілетін ортаға салады.

1-сынып

Кіп-кішкене бөбектер,
Би билейді дөңгелеп.
Биші қыздар ортаңда,
Айналып шыр көбелек.

1-сынып оқушылары би өнерін көрсетеді.

2-сынып

Әуелетіп әнге салса,
Әнші балалар ортада.
Қошеметпен қол соғыңдар,
Жиналған мына баршаң да!

2-сынып оқушылары ән орындайды.

Қорытынды

Бойларыңда от бар екенін байқадым,
Жүректерде шоқ бар екенін байқадым.
Әрқашанда осы шоқты өшірмей,
Жалындатып, шарықтаңдар әрдайым.

Ырысымыз, несібеміз мол болсын,
Күзгі бақта жапырақтар жайнасын.
Мынау бейбітшілік заманда,
Бүлдіршіндер күлім қағып ойнасын.

Күз жақсылыққа толы болып, молшылыққа кенеле берейік. Сайыс соңында әділқазылар алқасы жеңімпаз топтарды мақтау қағаздарымен марапаттайды.

Табиғатты аялау Күзгі молшылық Шығармашылық Өнер сайысы