Оқушылардың бір - бірін жақсы көру, бауырмалдылық татулық түсініктерін кеңейту
6-сынып • Оқушылар саны: 16
Бауырмалдылық және кеңпейілділік
Сабақтың мақсаты
Оқушыларға бауырмалдылық пен кеңпейілділік ұғымдарының мәнін терең аша отырып, жалпыадамзаттық сүйіспеншілік құндылығы туралы түсінігін кеңейту.
Міндеттері
- Оқушылардың бір-бірін жақсы көру, бауырмалдылық пен татулық туралы түсініктерін кеңейту.
- Кішіпейілділік пен кеңпейілділік қасиеттерін дамыту.
- Ізгілікке, бауырмалдыққа, кеңпейілділікке аянбай қызмет етуге тәрбиелеу.
Сабақ барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
Топқа бөлу
- «Бауырмал» тобы
- «Кеңпейіл» тобы
«5Т» ережесін еске түсіру
Ресурстар
Слайд, аудиожазба, стикерлер, ақ парақтар, түрлі түсті қарындаштар.
2) Тыныштық сәті: «Орманға ойша серуен»
Мұғалімнің жетекші мәтіні
Арқаңызды тік ұстап отырыңыз. Көзіңізді жұмып, терең тыныс алыңыз. Әр тыныс алған сайын бойыңыз босаңсып, сабыр сақтауға тырысыңыз. Енді біз орманға ойша серуенге шығамыз.
Орманға қарай жүре бастаңыз. Жолда абай болыңыз: жәндіктерді басып кетпеңіз. Бір сәтке тоқтап, айналаға назар салыңыз. Гүлдердің біріне жақындап, оның нәзіктігі мен жұқалығын байқаңыз. Иісін сезіп, хош иісін бойыңызға сіңіріңіз.
Алға жүріңіз: гүлдердің, ағаштардың иісі, құстардың дауысы, жәндіктердің ызыңы... Орманға тереңірек енген сайын ағаштар биіктеп, қалыңдай түседі. Жарық пен көлеңкенің ойынын тамашалап, жапырақтардың сыбдырын тыңдаңыз. Бұл жерде өзіңізді бақытты әрі қауіпсіз сезінесіз.
Алаңқайға шығып, бірнеше минут тынығыңыз. Түбіне барып отыратын ағашты таңдаңыз. Ағашқа жақындап, діңін құшақтаңыз. Оның қуатын, өмір күшін сезінуге тырысыңыз. Енді арқаныңызды діңге сүйеп, отырып алыңыз. Көзіңіз жұмулы күйде терең тыныс алып, айналадағы жым-жырт тыныштықты тыңдаңыз.
Табиғаттың ғажабын сезінеміз: оны сүйеміз, қадірлейміз және бірде-бір тірі жәндікке зиян келтірмеу үшін қамқор болу керектігін түсінеміз. Сіздің өз ағашыңыз бар екенін, кез келген уақытта ойша оған қайта орала алатыныңызды ұмытпаңыз.
Енді мектепке қайтуға дайындалыңыз. Орныңыздан тұрып, айналаға тағы бір көз тастаңыз. Келген жолыңызбен кері жүріңіз, жолдағы жәндіктерге абай болыңыз. Міне, мектеп алдына да келдік: таза ауаны терең жұтып, есікті ашып, өз орныңызға қайтып келіңіз. Осы тыныштық пен қанағат сезімін жүрегіңізде сақтаңыз. Көзіңізді ашып, жымиыңыз.
Қысқа сұрақтар
- Тыныштық сәті сіздерге ұнады ма?
- Іштей тыныштыққа келе алдыңыздар ма?
- 1–2 деп санап, екі топқа бөлінейік. Орындарыңызға отырып, сабақты жалғастырайық.
3) Үй тапсырмасын тексеру
Оқылым
43–46-беттер: М. Мағауиннің «Бір атаның балалары» повесінен үзінді.
2–3 оқушыдан мазмұнын айту сұралады.
Талқылау сұрақтары
- Әңгіменің негізгі мағынасы мен мәні неде?
- Шығарманы оқығанда қандай сезімде болдыңыздар?
- Сіздердің ойларыңызша, Ахмет атаның бойындағы ең басты қасиет қандай?
- Зигфридтің алдағы өмірі қандай болады деп ойлайсыздар?
Қорытынды ой
Бұл әңгіме арқылы қазақ халқының ұлт өкілдерін бөліп-жармай, өз бауырына басып, бауырмалдылық пен кеңпейілділікті танытқанын көреміз. Адамды ұлтына қарап емес, адамгершілігіне қарап бағалау — сүйіспеншіліктің айқын көрінісі.
Тақырып пен идеяны ашу
Ахмет атаның сөзі
«Неміс деп, орыс деп, қазақ деп бөлу — пайғамбарға жат, құдайға күнә», — дейді Ахаң. «Алдымен тиянақсыз көк аспан, содан соң тұрлаусыз қара жер жаратылды. Аспандағы ауа қоюланып, бұлтқа айналды».
Бұл ой шығармадағы негізгі ұстанымды нақтылайды: адам баласын бөлмей қабылдау, мейіріммен қарау және татулықты сақтау — кеңпейілді жүректің белгісі.
Мәлімет
- Мектеп
- Әуезов атындағы орта мектебі КММ
- Мұғалім
- Мазыбаева Б. Қ.