Сабақтың жүрісі. Сабақтың көрнекілігі

Ақтөбе облысы, Ақтөбе қаласы • «Сымбат» жеке мектебі • Макуова Нуршат Аманқосовна • Қазақ тілі (2-сынып)

Жаңа сабақ Жаңа материалды түсіндіру Үш өлшемді әдістемелік жүйе

Сабақтың тақырыбы: Хабарлы сөйлем

Бұл сабақта оқушылар хабарлы сөйлемнің мағынасын түсініп, оның тыныс белгісін дұрыс қоюға үйренеді. Сонымен қатар тіл байлығын арттыру, көркем жазу дағдыларын дамыту және ойын жүйелі жеткізуге дағдылану көзделеді.

Сабақтың мақсаты

1) Білімдік мақсат

Жаңа тақырыпты ашу арқылы оқушылардың хабарлы сөйлем және оның тыныс белгісі туралы білімін қалыптастыру.

2) Дамытушылық мақсат

Оқушылардың тілін, шығармашылық қабілетін дамыту; әдемі әрі көркем жазу дағдыларын қалыптастыру; ой-өрісін кеңейтіп, өз ойын ашық және жүйелі жеткізуге үйрету.

3) Тәрбиелік мақсат

Жақсы мінез-құлыққа баулу; сөз мағынасын түсініп, байланыстырып сөйлеуге дағдыландыру; сөздік қорын молайту. Сөйлеу мәдениетін қадағалай отырып, ана тілін құрметтеуге және сүюге тәрбиелеу.

Әдістемелік бөлік

Көрнекілігі

  • Интерактивті тақтадағы слайдтар
  • Түрлі-түсті суреттер
  • Ережелер, тірек сызбалар, шаблондар

Пән аралық байланыс

  • Бейнелеу өнері
  • Өзін-өзі тану
  • Ана тілі, дүниетану және т.б.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Оқушылардың сабаққа әзірлігін және оқу құралдарының толық болуын қадағалау. Сыныптың жұмыс ырғағын қалыптастыру.

Ескерту

Бұл бөлімде сынып ұраны, деңгейлік тапсырмаларға дайындық және сабақ ережелері еске түсіріледі.

II. Үй тапсырмасын тексеру

223-жаттығу: ребусты шешіп, шыққан сөзге әңгіме құрау.

Ережені еске түсіру

  • Сөйлем аяқталған ойды білдіреді.
  • Сөйлем соңына нүкте (.), сұрау белгісі (?) немесе леп белгісі (!) қойылады.

Сыныптық көрініс (алгоритмдік саты)

Сыныпқа Айжамал хабар әкеледі.

Хабарландыру

11 желтоқсан күні сағат 5:00-де «Балдәурен» фестивалінің ән байқауы өтеді. Қатысуларыңыз сұралады.

Мектеп әкімшілігі

Жаңа ереже (оқушылар өздері тұжырымдайды)

Бір нәрсе туралы хабарлау мақсатында айтылған сөйлем хабарлы сөйлем деп аталады. Хабарлы сөйлемнің соңына нүкте (.) қойылады.

Мысал: Оқушылар мұражайға барды.

III. Бекіту тапсырмалары

Оқылым, тыныс белгісі, топтастыру және сөйлем құрау жұмыстары арқылы тақырып бекітіледі.

224-жаттығу

Мәтінді түсініп оқы. Әр сөйлемде не туралы айтылғанын анықта. Сөйлем соңындағы тыныс белгілеріне назар аудар.

Итбалық балықпен қоректенеді. Ол өте жақсы жүзеді, керемет сүңгиді. Аяқтарының орнында жүзу қанатшалары бар. Итбалықтың күшіктері де аппақ. Сондықтан оларды ақүрпек деп атайды.

225-жаттығу (эвристикалық саты)

Мәтінді тиісті тыныс белгілерін қойып көшіріп жаз. Мәтінге ат қой.

Оқулықтағы нұсқа

Бұлбұл - кішкентай құс ол таңертең ағашқа қонып алып сайрайды бұлбұлдың үні құлаққа өте жағымды

Оқушы орындаған нұсқа

Бұлбұл. Бұлбұл — кішкентай құс. Ол таңертең ағашқа қонып алып сайрайды. Бұлбұлдың үні құлаққа өте жағымды.

Талқылау

«Бұлбұл» туралы не білесіңдер? Бұрынғы білімдеріңді еске түсіріп, 2–3 хабарлы сөйлем құрап айтыңдар.

226-жаттығу

Сөздерді оқып, әйелдердің киімін білдіретін сөздерді бір бөлек, ерлердің киімін білдіретін сөздерді бір бөлек топтастыр. Алдыңғы жаттығудағы қалың әріппен берілген сөздерді қатыстырып сөйлем құра.

Сәукеле, орамал, жейде, жаулық, күпі, құлақшын, ішік, қамзол, шәлі, шекпен.

227-жаттығу

Қатар бойынша сөздермен жұмыс жаса.

1-қатар

ОРАМАЛ

2-қатар

ҚҰЛАҚШЫН

3-қатар

ҚАМЗОЛ

228-жаттығу (шығармашылық саты)

Берілген сөйлемдердің хабарлы сөйлем екенін дәлелде. Тыныс белгісін түсіндір.

  • Менің досым Қырғызстанда тұрады.
  • Мен оған өз елім туралы мақтанышпен жазамын.
  • Ол жазда Алматыға келмекші.
  • Досымды асыға күтіп жүрмін.

Тапсырма: хабарлы сөйлемді тауып жаз

Ажар кітапханаға барды.

Үйді кім салады?

Алақай, ертең концертке барамыз!

Сыныпта өнерлі оқушылар бар ма?

Бүгін қар қалың жауды.

Қорытынды

Үй тапсырмасы

228-жаттығу: жоспар бойынша әңгіме құрау.

Бағалау

Оқушылардың тапсырмаларды орындау сапасына, сөйлеу мәдениетіне және тыныс белгілерін дұрыс қоюына қарай бағалау жүргізіледі.