Адал достық пен амал достықты ажырата білуді үйрету

Сабақтың мақсаты мен міндеттері

Мақсаты

Оқушылардың достық құндылығы туралы түсініктерін кеңейту.

Міндеттері

  • Достық қарым-қатынас өмір сүруге ықпал ететін маңызды факторлардың бірі екенін түсіндіру.
  • Шынайы достың қандай болатыны туралы түсінік беру.
  • Адал достық пен амал достықты ажырата білуді үйрету.

Көрнекіліктер

Оқулық, дәптер, үнтаспа, ұлағатты сөздер, түрлі-түсті қағаз, плакат, түрлі-түсті стикерлер.

Сабақтың түрі

Аралас сабақ.

Әдіс-тәсілдер

Мәтінмен жұмыс, сұрақ-жауап, ойын, дәптермен жұмыс, шығармашылық жұмыс.

Сабақтың барысы

Ұйымдастыру кезеңі

  1. 1 Оқушылармен сәлемдесу.
  2. 2 Оқушыларды түгендеу.
  3. 3 Сабаққа даярлығын тексеру.
  4. 4 Үй тапсырмасын сұрау.

Шаттық шеңбері

Балалар, бәріміз шаттық шеңберіне жиналайық. Енді бір-бірімізге бүгінгі күніміздің тамаша өтуін тілеп, гүл ұсынып, жылы лебіз айтайық.

Әңгімелесу сұрақтары

  • Достық деген не? Оны қалай түсіндіресіңдер?
  • Сенің нағыз досың кім?
  • Сыныптас пен достың айырмашылығы бар ма?
  • Адал достықты қалай түсінесіңдер?

Мәтінмен жұмыс: «Екі дос»

Әңгіме

Екі дос бір егістікте жұмыс істейтін. Бірінің отбасы, балалары бар, ал екіншісі жалғыз басты еді. Күн батқанға дейін еңбек етіп, тапқан өнімдерін тепе-тең етіп екіге бөліп алатын.

Бір күні жалғыз басты адам іштей: «Өнім мен пайданы тең бөлгеніміз дұрыс болмады. Мен жалғыз тұрамын, сондықтан қажеттілігім де көп емес», — деп ойлады. Сол күннен бастап түн сайын бір қап өнімді досының үйінің алдындағы сарайға білдіртпей апарып қоятын.

Ал екінші досы да іштей: «Өнімді бірдей бөлгеніміз дұрыс емес. Менің отбасым бар, қартайған шағымда олар маған сүйеніш болады. Ал досымның ешкімі жоқ, қартайғанда қарайтын жан табылмауы мүмкін», — деп ойлады. Сөйтіп ол да түн жамылып, бір қап өнімді досының қорасына апарып тұратын.

Алайда қорадағы қаптардың саны неліктен азаймайтынын екеуі де түсінбей жүреді. Бір түні екеуі де бір-бірінің қорасына жасырын қап тасып бара жатып, жолда кездесіп қалады. Сонда ғана болған жайдың мәнін түсінеді. Қаптарды жерге қоя салып, достар құшақтаса кетеді.

Талқылау

Достардың бір-біріне деген адал ниеті мен достығын қалай бағалар едіңдер?

Тәжірибе

Өз достарыңа қандай көмектер көрсетіп жүрсіңдер?

Тыныштық сәті

Балалар, денелеріңді түзу ұстап, бастарыңды жоғары көтеріп, ыңғайланып отырыңдар. Көздеріңді жұмсаңдар да болады. Ауаны терең жұтып, еркін тыныстаңдар. Айналадағы барлық тіршілік иесі сендерді аялап, қоршап, қамқор болып жатқанын сезініңдер. Тұла бойларың жақсылыққа, махаббатқа толғанын сезінуге ұмтылыңдар.

Ойын: Әріп таңда, жауап құрастыр

Ереже

Оқушылар өздері таңдаған әріптерін пайдаланып, сұрақтарға сол әріптен басталатын сөздермен жауап береді.

Үлгілер

«А» әрпі

  • Сұрақ: Сен досыңды қалай жақсы көресің?
  • Жауап үлгісі: Адалым, ардағым…
  • Сұрақ: Өмірде дос болмаса не болар еді?
  • Жауап үлгісі: Ауыр, қызық емес.

«С» әрпі

  • Сұрақ: Досыңды неліктен жақсы көресің?
  • Жауап үлгісі: Сырлас, сыйлы болғандықтан…
  • Сұрақ: Сенің досың қандай?
  • Жауап үлгісі: Сыпайы, сабырлы, сүйкімді.
  • Сұрақ: Досыңмен қалай араласасың?
  • Жауап үлгісі: Сенімді, сыйластықпен.
  • Сұрақ: Досыңның қандай мінезі ұнайды?
  • Жауап үлгісі: Сабырлы, сезімтал, сүйеніш.

Дәптермен жұмыс

1-тапсырма

Қарым-қатынас қандай жағдайда достыққа ұласады?

Дәйексөздер

«Дос адам артық сұрамайды.»
Махмұт Қашқари
«Дос достың кемшілігін кешіре береді.»
Жүсіп Баласағұн
«Досы жоқпен сырлас, досы көппен сыйлас.»
Абай
«Достарының сәтсіздігіне әркім көңіл айтып, аяныш білдіре алады. Бірақ досының жетістігіне қуана алатын адам — сирек.»
Оскар Уайльд

Сергіту сәті

Алдымызда алма ағашы тұр деп елестетейік. Алма ағашы өте үлкен. Одан алма алу үшін қолымызды жоғары көтерейік. Қане, тағы да қолымызды созайық, аяғымыздың ұшымен тұрайық.

Жағдаятты шешу

Жағдаят 1

Талғат қанша тырысса да есепті шығара алмады. Мектепке келе сала көршісі Зейнептің дәптерін сұрап, одан көшіріп алды. Алғашқыларын көшіріп, келесі есепке келгенде Зейнептің қатесін байқайды. Бірақ Талғат өз дәптеріне шешуін дұрыс жазғанымен, бұл туралы Зейнепке айтпай қояды.

Сұрақ

Бұл жағдайда Талғаттың әрекеті дұрыс па? Неліктен?

Жағдаят 2

Сен асығып барасың: кешігуге болмайтын маңызды кездесуің бар. Сол сәтте досың келіп: «Тез келіп кетші, бір жағдаймен қатты қысылып тұрмын», — дейді.

Сұрақ

Сен қандай әрекет жасар едің?

Ойын: «Достық неден басталады?»

Шарты

Ойын сигналды қима қағаздар арқылы ойналады: келіссеңдер жасыл түсті, келіспесеңдер сары түсті көтеріңдер.

Тұжырымдар

  • Достық танысудан бастала ма?
  • Достыққа қамқорлық жараса ма?
  • Достық төбелестен бастала ма?
  • Достыққа мейірімділік жараса ма?
  • Достық ренжісуден бастала ма?
  • Достыққа адалдық жараса ма?
  • Достыққа татулық жараса ма?
  • Достық ұйымшылдықтан бастала ма?
  • Достық бірліктен бастала ма?

Шығармашылық жұмыс

Тапсырма

Оқушылар топқа бөлініп, плакатқа достық тақырыбында сурет салады.

Қорытынды және рефлексия

Қорытынды сұрақтар

  • Бүгінгі сабақтан не алдыңдар?
  • Не үйрендіңдер?

«Жүректен жүрекке»

Ортада қобдиша тұрады. Оның ішінде түрлі-түсті жүрекшелер бар. Әркім өзіне ұнаған түсті таңдап алады. Таңдалған түс — белгілі бір қасиетті білдіреді. Сол құндылықтар бойларыңа дари берсін.

Қызыл

Адамгершілік

Сары

Адалдық

Қызғылт

Мейірімділік

Көгілдір

Сүйіспеншілік

Жасыл

Әдептілік

Көк

Ізеттілік

Ақ

Қайырымдылық