Спорт алаңы

Алматы қаласы • №60 балабақша

«Кім күшті, епті?» эстафеталық спорттық сайыс

Тәрбиеші: Майбасова Жанар Испаниярқызы. Бұл іс-шара балаларды салауатты өмір салтын ұстануға баулып, спортқа қызығушылығын арттыруға арналған.

Мақсаты

  • Салауатты өмір салтын ұстануға баулу.
  • Спортқа деген қызығушылығын арттыру.

Міндеттері

  • Әр түрлі спорттық ойын түрлерімен таныстыру, тәсілдерін меңгерту.
  • Икемділік, ептілік, мергендік және шапшаңдық қабілеттерін дамыту.

Ұйымдастыру

Түрі

Эстафеталық ойын

Өтетін орны

Спорт алаңы

Бағалау

5 баллдық жүйе

Көрнекіліктер

Түрлі-түсті шарлар, доптар, кедергілер, жалаушалар, конустар, ысқырық, уақыт өлшеуіш.

Қатысушылар және ұрандар

«Спорт – өмір көркі» сайысына екі топ қатысады: «Аққу» және «Гүлдер». Қатысушылар ортаға шақырылып, әділ-қазылар алқасы таныстырылады. Әр кезеңнен кейін әділ-қазылар бағасын береді.

«Аққу» тобының ұраны

Спортпен достас, жалқаулықпен қоштас.

«Гүлдер» тобының ұраны

Бәріміз – біріміз үшін, біріміз – бәріміз үшін.

Жарыс басталар алдында балалар дене қыздыру жаттығуларын орындайды. Сайыскерлерге сәт сапар!

Сайыс кезеңдері (эстафета)

Әр кезеңде тапсырма орындалып болған соң эстафета келесі ойыншыға беріледі. Тапсырманы бірінші аяқтаған топ басымдыққа ие болады (кей кезеңдерде қосымша шарт ескеріледі).

I кезең: Қос аяқпен секіру

Бағалау: кезең соңында

Берілген бес шеңбердің ішіне қос аяқпен секіріп өтеді, белгіленген конусты айналып, кері қарай дәл солай қайтады.

II кезең: Ирелеңдеп жүру

Бағалау: кезең соңында

Сызылған сызық бойымен ирелеңдеп жүріп барып, конусты айналып, кері қарай тік жүгіріп қайтады.

III кезең: «Пингвин мен үйректер» сайысы

Бағалау: су мөлшері ескеріледі

Балалар су толтырылған екі шелекті қолына ұстап, пингвин немесе үйрек іздерімен жүріп өтеді. Белгіленген сурет үстіне қос аяқпен секіріп, конусты айналып, кері қарай тік жүгіріп қайтады.

Жеңіс шарты: тапсырманы бірінші аяқтау және шелектегі су мөлшерін көбірек сақтау.

IV кезең: «Кім жылдам?»

Бағалау: кезең соңында

Балаларға берілген геометриялық пішіндер — төртбұрыш пен шеңбер бойымен жүріп өтеді, конусты айналып, кері қарай тік жүгіріп қайтады.

V кезең: «Жас спортшылар»

Бағалау: кезең соңында

Балалар допты жерге ұрып жүгіріп, конусты айналып өтеді де, кері қарай допты теуіп, тік жүгіріп қайтады.

Қорытынды және марапаттау

Балалар өз өнерлерін көрсетіп, сайыс мәресіне жетеді. Қорытынды шығару және жеңімпаздарды анықтап, марапаттау үшін сөз әділ-қазылар алқасына беріледі.

Спорт – өмір көркі. Жаттығуды әдетке айналдырсақ, шымыр болып, шынығып өсеміз. Салауатты өмір салтын ұстанып, спортты серік етейік!