Тазша балаға арналған сайысымызға қош келдіңіздер

Сайыстың ашылуы

1-жүргізуші: Армысыздар, құрметті ұстаздар мен оқушылар!

2-жүргізуші: Қайырлы күн, қадірлі ата-аналар мен қонақтар!

Шәкірт — менің мерейім, мен — баспалдақ,
Мен арқылы шықсын ол биіктерге аспандап.

Бастауыш сыныптар онкүндігі аясында жоспарланған кезекті дүйсенбі күнгі іс-шараға қош келдіңіздер! Бүгін біз ауыз әдебиеті үлгілерінің бірі — халық даналығы мен шешендігін бойына жиған типтік кейіпкер Тазша балаға арналған сайысымызды өткізгелі отырмыз.

Мақсаты

  • Халық ауыз әдебиеті үлгілері арқылы балалардың қиял көкжиегін кеңейту.
  • Тазша бала бейнесі арқылы қазақ халқының тапқырлығын, әзілқойлығын және ұлттық өнерін насихаттау.
  • Кейіпкерді сомдау арқылы тапқырлыққа, озық ойлауға, шешендікке баулу.
  • Ауылымыздағы өнерлі оқушыларды қолдап, республикалық байқау жүлдегерлерін үлгі ету.

Көрнекілігі

  • Қабырға газеттері, қанатты сөздер
  • Ұлы тұлғалардың портреттері
  • Кітаптар мен рефераттар
  • Интерактивті тақта

Тазша бала туралы

Жүргізуші сұрақтары

  • Балалар, Тазша бала туралы не білеміз?
  • Ол қай жанрдың кейіпкері?
  • Халық үшін қандай қызмет атқарды?

Олай болса, экранға назар аударайық.

Тазша бала — қазақтың күлдіргі тұрмыс-салт ертегілеріндегі басты кейіпкер. Ұқсас нұсқалар өзбек, татар, қарақалпақ, түрікмен, хақас, бурят және моңғол халықтарының ауыз әдебиетінде де кездеседі.

Бұл образ көбіне ақылды, алғыр, айлалы, тапқыр, өжет жігіт ретінде суреттеледі. Ол өзінің ақыл-парасатының арқасында талай қиын-қыстау жағдайдан аман-есен құтылып, түрлі сынақтан мүдірмей өтіп, жеңіске жетеді.

Өзі кедей болса да, уәзірлермен, жендеттермен айқасқа түсіп, оларды халық алдында күлкі-мазақ етеді. Әділетсіздікке, кертартпа әдет-ғұрыпқа, зұлымдыққа қарсы тұрып, күншілдік, қызғаншақтық, сараңдық сияқты мінездерді аяусыз әжуалайды.

Қорытындысында, Тазша бала — халық даналығы мен шешендігін бойына жиған, тәрбиелік мәні зор типтік кейіпкер.

Сайыстың кезеңдері

  1. 1 Таныстырылым
  2. 2 Тазшаға жетпіс өнер де аз
  3. 3 Тазшаның тапқырлығы

Қатысушылар

2-жүргізуші: Қазақтың қасиетті даласында,
Думанда ауыл-аймақ арасында,
Қызықтап көрермендер жиналыпты,
Қошемет көрсетуге баласына.

Ендеше, бүгінгі байқауға қатысушы өрендерді ортаға шақырайық.

Усбалиев Нұрасыл
4 «А»
Жұмасат Қанағат
4 «Ә»
Қанатұлы Есбол
4 «Б»
Қуаныш Исмайыл
4 «Ғ»
Қаржаубай Жақсыбек
4 «Д»
Балғабай Досбол
3 «А»
Таубай Нұртілек
3 «Ә»

1-жүргізуші: Алдарыңызда тұрған Тазша балаларымызға қошемет көрсетіп, сәттілік тілейік.

Бүгін біздің мектепте дүбірлі той!
Ден қойып тыңдаңыздар, көңілді қой!
Жырдан шашу шашылсын, күй күмбірлеп!
Қош келдіңіздер, халайық, сергісін бой!

Өнер тартуы

Жиналған көпшілік пен өнерпаздар құрметіне сөзі Мұқағали Мақатаевтікі, әні Нұрғиса Тілендиевтікі «Саржайлау» әнін мектебіміздің өнерпаз шәкірті Рамазанова Маржан орындайды.

Әділқазы алқасы

  • Мектеп директоры: Тлеубаева К. К.
  • Мектеп әдіскері: Копашева А. С.
  • Кеш қонағы, жас актер: Мөңке Сұнғат

1-бөлім: Таныстырылым

1-жүргізуші:
Қанеки, танысайық жас өренмен,
Байқайық дарындылығын, шешендігін.
Өтірік өлең айтып жұртқа жаққан,
Тазшадай болар ма екен өжет ұлың?

Өтетін орны: Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Ақшұқыр мектеп-лицейі
Іс-шара: «Тазша бала – 2017» сайысы
Ұйымдастырушы: бастауыш сынып мұғалімі Қарақұлова Сәлима Айғазыевна