Азған денеге ауру үйір
Жамбыл облысы, Қордай ауданы • №1 Д. А. Қонаев атындағы мектеп-гимназия
Дайындаған: Кокобаева Б. Р.
Сабақтың тақырыбы
Денсаулық – зор байлық
Көрнекіліктер
Суреттер, мақал-мәтелдер, презентация және т.б.
Мақсаты
Түсіну
Оқушылар адам денсаулығының қымбат әрі өмір сүру үшін қажетті ең бағалы байлық екенін түсінеді.
Қалыптастыру
Өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға дағдыланады, тәртіпті сақтаудың маңызын ұғынады.
Дамыту
Шымыр, шапшаң, ұқыпты, жинақы болуға және салауатты әдеттерді күнделікті өмірге енгізуге үйренеді.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- 1 Топқа бөлу: I топ — «Денсаулық», II топ — «Тазалық», III топ — «Дәрумен». Топ мүшелері міндеттерін бөлісіп, топ ережесін еске түсіреді. (2 мин)
- 2 Психологиялық дайындық: әр топ бір-біріне «Тілек шоғын» ұсынады. (1 мин)
II. Ой қозғау кезеңі
Мұғалім доп лақтыру арқылы сұрақ қояды. Оқушылар формативті түрде смайлик арқылы бағаланады.
I топ
«Ол судан қорқады, одан кір қорқады?»
Жауап: сабын
II топ
«Тіс тазартатын құралдар?»
Жауап: тіс щеткасы мен паста
III топ
«Денені шынықтыратын, денсаулыққа әсері мол сабақ?»
Жауап: дене тәрбиесі
Мұғалімнің кіріспе сөзі
Салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында «Денсаулық – зор байлық» тақырыбында ашық тәрбие сағатын өткіземіз. Әр топтың жетекшісі қобдишадан екі үлестірмелік тапсырма алып, топпен талқылайды.
Тапсырмалар
- Денсаулықтың достарына нелер жатады?
- Ұқыпты да әдемі азамат болу үшін адамға не қажет?
- «Денсаулықтың қастары» дегенді қалай түсінесіңдер?
- Салауатты өмір салтын сақтау дегеніміз не?
- Денсаулық дегенді қалай түсінесіңдер?
- Дені сау болу үшін дәрумендер қажет пе?
Әр топтан бір оқушы жауап береді. (5–7 мин)
Негізгі ой
Денсаулық — жеке адамның басты байлығы әрі адам тіршілігінің ең алғашқы шарты. «Бүгінгі дені сау ұрпақ — елдің ертеңгі жалғасы». Денсаулық дегеніміз — деннің саулығы: аурудан аман, қайратты, жігерлі, көңіл-күйі көтеріңкі болуы. Ал ағзадағы бір мүшенің сырқаттануы адамның жалпы жағдайына әсер етіп, көңіл күйін түсіреді, белсенділігін азайтады.
III. Ой толғау кезеңі
Топтық жұмыс: суреттер мен берілген сөздерді пайдаланып «Топтастыру» әдісі арқылы постер құрастыру. (5 мин)
I топ
«Денсаулық – зор байлық»
II топ
«Тазалық — денсаулық кепілі»
III топ
«Дәрумен»
Постерді стикері бар оқушы қорғайды. (3 мин) Жұмыстар бағаланады.
IV. Көрініс: «Дәрігер мен бала»
Дәрігер: Қандай себеппен келдің?
Бала: Басым, көзім ауырады, ұйқым келе береді.
Дәрігер: Сағат нешеде тұрасың? Нешеде ұйықтайсың?
Бала: Түнгі 2–3-те ұйықтаймын, 11-де тұрамын.
Дәрігер: Асқа тәбетің қалай? Қалай тамақтанасың?
Бала: Қолыма не түссе, соны жей саламын.
Дәрігер: Нені ұнатасың?
Бала: Теледидар көргенді, компьютерде ойнағанды ұнатамын.
Дәрігер: Оған қанша уақыт бөлесің?
Бала: Ұйқым келгенше ойнай беремін.
Талқылау сұрағы: Бұл бала неліктен ауырады? Себебін айтып, кеңес беріңдер.
Денсаулық — ол күлуің, көңіл-күйің жадырай.
Денсаулық — ол жүруің, ешбір жерің ауырмай.
Қорытынды бағыт
Деніміз сау әрі күшті болып өсу үшін күн тәртібін сақтау қажет. Әр топқа күн тәртібі жазылған үлестірмелер беріліп, ретін дұрыс қойып тақтаға магнитпен жапсырады. (5 мин)
V. Шығармашылық жұмыс: мақал-мәтелдер
Әр топ денсаулыққа қатысты кемінде 5 мақал-мәтел айтады. Жеңген топқа формативті баға беріледі. (3–4 мин)
- Денсаулықтың қадірін ауырғанда білерсің.
- Жарлының байлығы — денінің саулығы.
- Емнің алды — еңбек.
- Ауру желмен келіп, термен шығады.
- Қайғы қартайтады, қуаныш марқайтады.
- Бас ауырса, жан қорқады.
- Азған денеге ауру үйір.
- Аман болса бұл басым, тағы шығар бұл шашым.
- Жұғын бар жерде — шыбын бар, шыбын бар жерде — шығын бар.
- Қотыр қолдан жұғады, таз тақиядан жұғады.
- Ісің түсіп тақсырға барма, аурулы болып бақсыға барма.
- Бақсы көрінсе дерт қозады, ұста көрінсе таға тозады.
- Екі ауру бір келсе, ажалыңның жеткені.
- Жан ауырса — тән азады, қайғы басса — жан азады.
- Өліспеген көріседі.
- Қасқырдың ойлағаны — арамдық, қойдың ойлағаны — амандық.
- Тәуіптің жақсысы — ауруға ауру қоспағаны.
- Мың жұмақтан — бір күн тірлік.
- Қасапшыға мал қайғы, қара ешкіге жан қайғы.
VI. Сергіту сәті
Бейнеүзінді бойынша жеңіл жаттығулар орындалады. (2 мин)
Танымдық бөлімдер
VII. «Жүйрік болсаң, шешіп көр» (жұмбақтар)
Дымқылдап күнде сен, қолыңа сүйкесең. Кетіп кір-ласың, тап-таза боласың.
Жауап: сабын
Шомылған баланы аймалап алады. Сүртеді қолын да, сүртеді жонын да.
Жауап: сүлгі
Аузы жоқ, көзі жоқ, тілі жоқ, өзі жоқ. Бірақ та тісі бар, басыңмен ісі бар.
Жауап: тарақ
Біз едік, біз едік, отыз екі қыз едік. Қатар-қатар тізілдік, кезек-кезек үзілдік.
Жауап: тіс
Өзі суды сүймейді, бірақ су болмаса өмір сүрмейді.
Жауап: балық
(3–4 мин) Бағалау жүргізіледі.
VIII. «Кім көп біледі?» (спорт түрлері)
Дене шынықтыру сабақтарында оқушылардың қабілеті байқалып, бағытталады. Спорт түрлері өте көп. Әр топтан бір оқушы шығып, мүмкіндігінше көп спорт түрін атайды.
Мысалдар
Үстел теннисі, шахмат, хоккей, бокс, баскетбол, футбол, ушу, дзюдо, айкидо, таэквондо, бәйге, қыз қуу, көкпар, аударыспақ, жамбы ату.
Спорттық сайыс
Қол күрес: білек күшін сынау. Әр топтан ұл балалар қатысады, жеңімпаз мадақталады.
Қорытынды
Бүгінгі тақырып
Денсаулық туралы ой қозғап, оның өмірдегі орнын айқындадық.
Есте сақтайтын ой
Жаман әдеттерден аулақ болып, күн тәртібі мен тазалықты сақтау қажет.
Қандай азамат болу керек?
Дені сау, ақылды, білімді, адал, отбасына тірек болатын тұлға.
«ДЕНСАУЛЫҚ» сөзінің мәнін ашу
- Д
- Дәрі — шөптен, ақыл — көптен.
- Е
- Емнің алды — еңбек.
- Н
- Негізгі байлық — денсаулық.
- С
- Саулық — байлық негізі.
- А
- Ас — адамның арқауы.
- У
- Уланудан сақтан.
- Л
- Ластың досы — шыбын.
- Ы
- Ыдысы тазаның — ырысы таза.
- Қ
- Қотыр қолдан жұғады.
Мұғалімнің қорытынды сөзі: «Сау дене, азат ақыл, адал көңіл — үшеуімен өмір бақытты». Ендеше, салауатты өмір салтын ұстануға дайын, жүрегі батыл, дені сау ұрпақ болып өсейік. Өз денсаулықтарыңды күтіңдер, ауырмаңдар!
Оқушылардың қорытынды ұраны
Тазалықты сүйеміз, таза болып жүреміз.
Біз баламыз шыныққан, денсаулығы мықты жан.
Назар қойып тыңдағандарыңызға рахмет!