Балалар көздеріңді аша қойыңдар

3-сынып Құндылық: Сүйіспеншілік

Сабақтың тақырыбы: «Біздің мейірімділікке жеңіл қадамымыз»

Бұл сабақ оқушыларға мейірімділік, жақсылық және қамқорлық туралы тереңірек түсінік беріп, күнделікті өмірде ізгі әрекет жасауға ынталандырады.

Қасиеттері

  • Мейірімділік
  • Жақсылық
  • Қамқорлық

Мақсаты

Оқушылардың мейірімділік пен қайырымдылық құндылықтары туралы түсінігін кеңейту.

Міндеттері

  • Мейірімділік, жақсылық, қамқорлық туралы түсінік беру.
  • Өзара сыйластықты, жақсы істер жасау іскерлігін дамыту.
  • Мейірімділікпен жақсылық жасауға, қамқор болуға тәрбиелеу.

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

Оқушылар көк, сары және жасыл түстер арқылы үш топқа бөлінеді: «Мейірімділік», «Қамқорлық», «Сүйіспеншілік». Әр топ өз орындарына жайғасып, топ басшысын сайлайды.

2) Тыныштық сәті: Тыныс алуға зейін қою

Оқушылардан аяқ-қолды айқастырмай, түзу отыру сұралады.

Тыныс алуға зейін қойған кезде ақылымыз тынығады: ауаны ішке тартқанда тыныштық пен қуанышты қабылдаймыз, ал сыртқа шығарғанда мазасыз ойлардан арыламыз.

  1. Көзді жұмамыз, арқаны тік ұстаймыз.
  2. Қолды тізеге қоямыз.
  3. Жаймен дем аламыз да, шығарамыз (9–10 рет).

Бүгінгі сабақта адам бойындағы ең жақсы қасиеттердің бірі — мейірімділік туралы әңгімелесеміз.

Адамдардың бір-біріне деген мейір-шапағаты — әдептіліктің белгісі.

3) Әңгімелесу (ой қозғау)

  • Мейірімділікті қалай көрсетуге болады?
  • Сіздерге мейірімділік көрсеткен кезде қандай сезімде болдыңдар?

4) Мәтінмен жұмыс: «Сары тауық пен балапандары» (М. Төрежанов)

Оқушылар мәтінді кезектесіп оқып, мазмұнын әңгімелеп береді. Бұл бөлім мейірімділік пен қамқорлықтың мәнін нақты мысал арқылы ашуға бағытталған.

Әңгіме

Сары тауық пен балапандары

М. Төрежанов

Күздің бір күні сары тауық балапандарын ертіп, ауылдан ұзап кетеді. Кенеттен нөсер жаңбыр жауа бастайды. Суық жаңбырдың астында қалған ана тауық балапандарын қанша асықса да мекеніне бірден жеткізе алмайды. Өйткені балапандары — әлі жылы жүні шықпаған, өте жас шөжелер.

Сары тауық қатты сасады. Ол шөжелерін қос қанатының астына алып, бауырына басады. Бірақ бір балапаны сыймай сыртта қалады. Анасы айла жасап, балапандарын кезектестіріп: бір-бірден сыртта ұстап, тоңа бастағанда қайта бауырына алып отырады.

Кезек ең кенжесіне келгенде, анасы оны сыртқа шығармайды.

Диалог

Ақ балапан: «Оны неге шығармайсыз?»

Анасы: «Ол тым жас.»

Ақ балапан: «Жас болса қайтеді? Кезегі келгенде ол да шықсын.»

Анасы: «Сырқаттанып қалады. Кішімізге бәріміз қамқоршы болуымыз керек емес пе? Қане, мұның орнына кім барады?»

Тұңғышы: «Мен.»

Тетелесі: «Мен барайын!»

Кішісі: «Кезекті маған беріңіз!»

Ақ балапан: «Мен қалам ба сонда?»

Анасы: «Қатесін түсінген — сенің барғаның жөн!»

Сары тауық су өтіп қатты жаурайды. Бірақ балапандарын тоңдырмайды. Балаға деген ыстық махаббатымен жылытып, аман сақтап қалады. Күн ашылып, ана жүрегіндей жадырай түседі.

Талқылау сұрақтары

  • Сары тауық балапандарын қандай жақсы қасиеттерге баулыды?
  • Ана мейірімін қалай көрсетті?
  • «Күн ашылып, ана жүрегіндей жадырады» дегенді қалай түсінесіңдер?
  • Сендер мейірімділік пен қайырымдылықты кімдерден үйреніп жүрсіңдер?
  • Біреуге мейірімділік танытқанда қандай сезімге бөленесіңдер?

5) Дәйексөз

«Мейірімділікті анадан үйрен.»

Халық ұғымында ана — жаратушы. Табиғатты да, адамды да дүниеге әкелетін — ана. Ал өмірге келу — үлкен мейірім мен шапағаттың белгісі. Табиғаттың барлық жанға бірдей мейірімді болуы да сондықтан. Ананың кіршіксіз мейірінен дарыған мейірімділікті сақтап қалу — әр адамның өз қолында.

Оқушылар дәйексөзді дәптерлеріне жазып алады.

6) Топтық тапсырмалар

«Мейірімділік» тобы

Мейірімді істердің тізімін жазады.

«Қамқорлық» тобы

Мейірімді адамның қасиеттерін сипаттайды.

«Сүйіспеншілік» тобы

Мейірімділік туралы шағын эссе жазады.

7) Сергіту сәті: «Тілек»

Оқушылар орнынан тұрып, қимыл-қозғалыс арқылы барша адамзатқа және айналасына деген ізгі тілектерін білдіреді.

Шөліркемей күн тұрсын.

Жерім жайнап құлпырсын.

Нұрын сыйлап біздерге,

Көкте мәңгі күн тұрсын.

Ортақ бізге туыстық,

Нұр сыйлаған күн ыстық.

Ыстық бізге кең өлке,

Ыстық бізге тыныштық.

8) Шығармашылық жұмыс

Топ капитандары үстел үстінен конверт таңдап, ішіндегі тақырыпты жариялайды. Сол тақырып бойынша плакатқа сурет салып, қорғайды. Қорғау кезінде суретке байланысты ертегі-аңыз, мақал-мәтелдер, нақыл сөздер айтып, қалаған жағдайда өлең де шығара алады.

9) Тыныштық сәті: «Мейірімділік сарайына саяхат»

Оқушылар ыңғайланып отырады. Қаласа, көзін жұмады.

Көз алдарыңа Аспан патшалығы ақ мамықтай ақша бұлт жібергенін елестетіңдер. Біз сол бұлттың үстінде отырғандаймыз: ол өте жұмсақ. Біз аспан әлеміне көтеріліп барамыз.

Айдын шалқар көлден өтеміз, орманды алқапқа жақындаймыз. Жүгірген аңдар мен сайраған құстар көрінеді. Гүл жайнаған сұлу дала да алыс емес. Алуан түрлі гүлдер көздің жауын алады.

Ақ мамықтай ақша бұлт бізді жұпар иісті, көркем «Мейірімділік сарайына» түсіреді. Бұл сарайда тек мейірімді, ізетті, кішіпейіл адамдар тұрады. Біз де бойымызға мейірімділік пен ізеттілік сезімі тарағанын байқайтындаймыз.

Енді сүйіспеншілік, мейірімділік және ізгілік сезімдерін айналамыздағы достарымызбен, қонақтармен бөлісейік. Адамдар бір-біріне тек жақсылық пен қуаныш сыйласа қандай тамаша!

Қайту уақыты да келді. Осы сиқырлы әлеммен қоштасып, мейірімділік, сүйіспеншілік, ізгілік нұрларын өзімізбен бірге ала кетейік. Енді көздеріңді ашуға болады.

Талқылау

Өз жан дүниемізде қандай өзгерістерді сезіндік?

10) Ойын-жаттығу: «Қонақты тап»

Мұғалім қонақты сипаттайды, ал оқушылар шешуге тырысады:

  • Өте нәзік, әдемі;
  • Ешкімге жамандық ойламайды;
  • Гүлдерді өте жақсы көреді;
  • Әдемі алқаптарда ұшып жүреді.

Жауабы

Иә, бұл — әдемі көбелек. Ендеше, «көбелек қонағымызға» арнап гүлді алқап жасайық.

Оқушыларға түрлі түсті қиылған гүлдер таратылады. Әр оқушы «Табиғаттағы неге ұқсағым келеді?» деген сұраққа жауап жазып, тақтаға шығып, не үшін соған ұқсағысы келетінін айтып, гүлін жапсырады. Соңында мұғалім көбелекті дайын «гүлді алқапқа» қондырады.

11) Дәптермен жұмыс

Оқушылар «Мен мейірімді баламын» тақырыбында өздері жасаған ізгі істері туралы шағын әңгіме құрастырып жазады. Жазып болған соң, жұмыстарын жария етеді.

12) Сабақты қорытындылау

Бір-бірімізге жылы, жақсы сөздерді жиі айтсақ, өміріміз мейірім мен қайырымға толып, қуаныш пен шаттық артады. Сондықтан әрдайым жүрекке жылу беретін ізгі лебіздерді аямайық.

Шеңбердегі жылы сөздер

Балалар шеңбер құрып тұрып, кезекпен «кім немесе не мейірімді?» екенін мына үлгімен айтады:

  • Күлімдеген күн мейірімді!
  • Кіршіксіз ақ қар мейірімді!
  • Таза мөлдір су мейірімді!
  • Бәрімізді көтеріп тұрған жер мейірімді!
  • Аяулы анам мейірімді!
  • Қадірлі әкем мейірімді!
  • Әлпештеген әжем мейірімді!
  • Еркелеткен атам мейірімді!
  • Жылы жүзді ұстазым мейірімді!
  • Тату-тәтті достарым мейірімді!

13) Топпен ән айту

Оқушылар «Асыл анам» әнін орындайды.

14) Үй тапсырмасы

«Жүректен шыққан жақсы тілектер» тақырыбында эссе жазып келу.

15) Соңғы тыныштық сәті

Көзімізді жұмып, еркін жайғасайық. Бүгінгі сабақта нені түсіндік, қандай жақсы нәрселерді үйрендік, қандай ой түйдік — соның бәрін жүрегімізге сақтайық. Жайлап көзімізді ашуға болады.

Сүйіспеншілік бар жерде — бүкіл әлемде сүйіспеншілік бар.