Ардагерлер аталарға мың алғыс
Тақырып
Ерлік — елге мұра, ұрпаққа ұран.
Мақсат
- «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» қағидасын ұстана отырып, жас ұрпақты тарихымызды терең тануға баулу.
- Оқушылардың Отан тарихына сүйіспеншілігін арттыру.
- Жеңіс салтанатын көре алмай кеткен боздақтардың ерлік істеріне тағзым етуге, өз халқымыздың тарихын құрметтеуге тәрбиелеу.
- Дүние жүзіндегі өзге ұлт өкілдерімен достықты нығайтуға баулу.
Поэтикалық жол
«Ұлы кешке сенген күн,
Фашистерді жеңген күн.
Ағаларға ерген күн,
Бақыт гүлін терген күн»,
— Қадыр Мырза Әли.
Осы рухпен Ұлы Жеңістің 71 жылдығына арналған ашық тәрбие сағатының мазмұнын ұсынамыз.
Көрініс: «Соғыс қасіреті»
Бір шаңырақтың қуанышын бір сәтте үзіп кеткен қаралы хабар — соғыстың алғашқы дабылы.
Немересі
Әже, әже! Бүгін менен бақытты адам жоқ. Жаңа өмірдің баспалдағына дәрігер болып қадам басқым келеді.
Әжесі
Талабыңа нұр жаусын, арманыңа жет, балам!
Радио хабар
Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар! Сөйлеп тұрған Москва. Бүгін таңертең сағат 4-те неміс фашистері Германия мен Совет Одағы арасындағы шабуыл жасамау туралы шартты опасыздықпен бұзып, еліміздің территориясына басып кірді.
Немересі
«Аттан!» — деді. Ол қазір аттанады…
Неге бізге үмітсіз тесілесің?
Аттан, әке, жолыңнан кешігесің.
Кеудесінде жаны бар пақырларың,
Тауып жейді сенсіз де несібесін.
Әкесі
Тыңда, балам, тыңда, күнім:
Болуға жара қолқанат.
Кәрі анам, сәби інің —
Барлығы саған аманат.
Әжесі
Оралсын аман жеріне, көріссін туған елімен. Келін-ау, қалтаға бір уыс топырақ салып беріп жібер.
Келін
Кебін киген өледі, кебенек киген келеді.
Үлкен үйден дәм татса, кешікпей дейді келеді.
Тарихтың салмағы: соғыс туралы деректер
ХХ ғасырдағы ең қанды қасіреттердің бірі — соғыс. Оған әлем халықтарының шамамен 80%-ы қатысып, майдан қақтығыстарына 61 мемлекет тартылды. 40 елдің жерін соғыс өрті шарпыды, 100 миллион адам қолына қару алды. Солардың қатарында көпұлтты Кеңес Одағы да болды.
Өлең жолдары мен әндер арқылы еске алу
Ислам
Таң алдында сағат төрт соққанда,
Жынды неміс сылтау тапты жоқтан да.
Тұтқиылдан тыныш жатқан самарқау,
Шекараға келіп салды ойранды.
Ұлдана
Осы хабар уақытында алынды,
Соғысқа деп дабыл қағылды.
Қуанышты жас жүректі суытып,
Баса қалды лапылдаған жалынды.
Орындау
Оқушы Миров Бекұланның орындауында: «Жойылсын жалғыз сөз — соғыс деген».
Аяулым
Қатық құйып ішкен күнім зереңге,
Елім, сені енді қайтып көрем бе?!
Қайғыменен, жетімдікпен өсіп ем,
Қызықты күн енді көрмей өлем бе?!
Отаныма берген бірақ антым бар:
Дедім сізге: «Ал, соғысқа тартыңдар!»
Ұлы Отанды қорғаңыздар аянбай,
Арттарыңда сенім артқан халқың бар!
Нұрқанат
Тастар көкке атылды,
Орман шулап, тау құлап.
28 батырды жеңе алмады жау бірақ.
Жамылды жер тұманды,
Өрт ішінде қалды бақ.
28 қыранды жеңе алмады жау бірақ.
Ән
Оқушы қыздардың орындауында: «Катюша».
Жеңіс рухы және алғыс
Қожаахмет
Жеңіс күні ардагерлер әперген,
Желбіретіп қызыл туды көтерген.
Туған елін жау қолында қалдырмай,
Ерлікпенен ел парызын өтеген.
Дария
Ардагерлер, ұзақ өмір сүріңдерші,
Арамызда ардақ болып жүріңдерші!
Құрметтейік мамырдағы Жеңісті,
Бақытқа бөленіп күліңдерші!
Ардагер аталарға мың алғыс! Келешек ұрпағының бақыты үшін жерін жаудан қорғап, ерлік көрсеткен жандардың есімі — мәңгілік.
Ән
Оқушылардың орындауында: «День Победы».
Тәуелсіздік тынысы — бейбіт күннің бағасы
Ата-бабаларымыздың ерлігі мен төзімінің арқасында бүгін тәуелсіздігімізді алып, егемен ел болып, әлемге танылып отырмыз. Өз Әнұранымыз, өз Елтаңбамыз, биікте желбіреген Туымыз бар. Бұл — әрқайсымыз үшін үлкен қуаныш әрі үлкен бақыт.
Тілек
- Елімізде мәңгі бейбітшілік орнасын.
- Аналардың зары, сәбилердің көз жасы енді естілмесін.
- Айбынды азаматтарымыз аман болсын.
- Қуанышымыз бен жеңісіміз баянды болсын.