Ата мен әже
Пікірлесу кеші
Тақырыбы: «Ата мен әже — қазақы тәрбиенің бастау бұлағы»
Мақсаты: ұлттық тәрбие құндылықтарын бала бойына қалыптастыру; жас жеткіншектерге отбасының қос шынары — асқар таудай ата мен аналардың анасы — әженің адам өміріндегі орнын ұғындыру; үлкенге құрмет көрсету — халықтық дәстүр екенін түсіндіру; адамгершілікке, инабаттылыққа, мейірімділікке тәрбиелеу.
Негізгі ой
Ата мен әже — әулеттің тірегі, ұлт тәрбиесінің алтын арқауы.
Тәрбиелік өзек
Құрмет, мейірім, әдеп, сөз қадірі, дәстүр жалғастығы.
Құндылық
Отбасында алған үлгі арқылы елге, жерге, Отанға сүйіспеншілік орнығады.
Өту барысы
Ата мен әже — жарық дүниенің есігін ашқан әрбір адамға сәби күннен жүрегіне жақын, ардақты ұғым. Бабалар дәстүрін дәріптеген әр қазақ үшін «ата» мен «әже» — ықылым заманнан киелі атау.
Ақ ниеті мен ақ батасымен айналасын арайландырған, жүрегі махаббат пен шапағаттан жаралған абзал жандар — өнегелі өмірдің сыны мен сырын шертетін тірі тарих. Тынымсыз тіршілікте көңілі таудағы таза ауадай, пейілі дархан даладай, даналығы дариядай қариялар — әулетінің арқа сүйер асқар тауы.
Отбасы — адамдық болмыстың мектебі
Адамның адами болмысы мен асыл қасиеттері ең алдымен отбасында қалыптасады. Отбасында алған үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие арқылы ғана еліне, жеріне, Отанға деген сүйіспеншілік сезімі орнығады. Ал отбасындағы басты құндылықтың бірі — ұлттық тәрбие.
Әже тәрбиесінің ерекшелігі
- Ұлттық тәрбиенің дәнін себетін, дәстүрді күнделікті өмірге енгізетін тұлға.
- Немеремен көбірек сөйлесіп, «үлкен адамша» әңгіме құратындықтан, баланың тілі ерте шығады.
- Сөздің қадірін ұғындырып, орнымен сөйлеуге, ойын нық жеткізуге баулиды.
- Ертегі, жыр, шежіре, ән арқылы ой-өрісті кеңейтеді.
Қазақы дәстүрдегі бір нәзік ұстаным
Қазақта тұла бойы тұңғышты ата-әжесінің бауырына салу дәстүрі бар. Немерені «атасы мен әжесінің баласы» деп есептеу — әке мен баланың, ене мен келіннің арасындағы сыйластықтың белгісі. Сонымен бірге көргенді ата мен әже баланы әке-шешесінен алыстатпай, оларды қадірлеуді міндеттеп отырған.
Тарихта қалған тұлғалар және әже тәрбиесі
Әже тәлімін көрген талай тұлға қазақ тарихында өшпес із қалдырды. Зередей зерделі, ұлағатты әжеден аңыз-әңгіме мен жыр-дастан тыңдап өскен Абай — дана Абайға айналды. Айғанымдай әженің өнегесін көріп, тәрбиесін алған Шоқан — өз тұстастарының алды, халық мақтанышына айналды. Біржан сал, Мұхтар секілді біртуар азаматтардың да бойындағы биік қасиеттердің қалыптасуына әже тәрбиесінің ықпалы зор болды.
Мұқағали жырларындағы әже бейнесі
Еске алу
«Әжем есімде. Әрнеге қозбайтұғын, әріден көп әңгіме қозғайтұғын…» — деп, Мұқағали Мақатаев «Отыз бесінші көктемім» өлеңінде әжесінің болмысын айқын суреттейді. Соғыс жылдарындағы балалық шағы өткен ақынның ақ жаулықты әжесінің есімі — Тиын.
«…Әже, сен бірге жүрсің меніменен,
Өліге мен өзіңді телімегем.
Ақ кимешек көрінсе, сені көрем,
Ақ кимешек жоғалса… нені көрем?»
Пікірлесу сұрақтары
Ой қозғау
- «Балам — балым, баламның баласы — жаным» деген сөздің мағынасын қалай түсінесіз?
- Қазіргі уақытта немере тәрбиесінде ата-әжелердің үлесі қандай?
- Немерелеріңізді қалай еркелетесіздер?
Тіл мен таным
Бұрын әжелеріміз балаларын «ботам», «ботақаным», «бота көзім», «қоңыр қозым», «құлыншағым» деп еркелететін. Бүгінде «лапочка моя», «зайчонок», «котенок», «мышка» сияқты бөгде теңеулер жиілеп барады. Бұл құбылыс ұлттық сана мен рухани тіректің әлсіреуінің бір көрінісі болуы мүмкін.
Ертегі — ұлттық иммунитет
Бүгінгі бала Алпамыстай алыптарды, Көлтауысар мен Желаяқты, Таусоғар мен Толағайды жиі біле бермейді. Себебі олардың ерлігін «майын тамызып» айтып беретін әже дауысы сиреп бара жатқандай.
«Біріншіден, бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын. Екіншіден, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын. Үшіншіден, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын… Өйткені бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын…»
Талқылау:
- Ертегі айтасыз ба? Соңғы рет қандай ертегі айттыңыз?
- Балаңыз (немереңіз) ертегі айтуды сұрай ма?
Жағдаяттарды талдау
Ұлжан, 55 жаста
«Шынымды айтсам, немереме күнде ертегі айтып бермеймін. Күні бойы жұмыста болғандықтан, уақытым бола бермейді. Оның үстіне қазіргі балалар ертегіні көп тыңдамайды. Одан да компьютер ойнап, теледидардан түрлі мультфильм көрген қызығырақ сияқты».
Лаура, 24 жаста
«Отбасын жаңа құрған жастармыз. Бір баламыз бар. Жолдасым екеуіміз жұмыс істеп, табыс табайық десек, баланы қалдыратын жер тапшы. Балабақша кезегі де жақында келетін түрі жоқ. Баламды енеме берейін десем, ол кісі баққысы келмейді. Егер бағып берейік десе, қуана келісер едім. Қалай десек те, ата-әже тәрбиесін алған баланың болашағы жаман болмайды деп ойлаймын».
Қосымша сұрақтар
- Немерелеріңіздің сабағына көмектесесіз бе?
- Мектептегі шараларына, ата-аналар жиналысына қатысасыз ба?
Шығармашылық бөлім
Сахналау
«Әжелер жиналысы» (драма үйірмесі оқушылары).
Жетекшісі: Есқайырова Б.Қ.
Ән-билер
- Ән: «Асыл әжем» (7-сынып оқушылары)
- Би: «Қуыршақ» (1-сынып оқушылары)
- Әдеби-монтаж (3-сынып)
- Ән: «Мама», «Ана, әке», «Қос бәйтерек»
- Би: «Кішкентай таланттар»
Ақ тілек
Немерелеріңізге ақ жүректен ақ тілек айтып, жақсы сөздің жылуын сыйлау — тәрбиенің ең табиғи, ең әсерлі жолы.
Қорытынды
«Жастық дейтін көктемнің шағында,
Өскен едік сенің анаң екеуміз,
Осы қарттың мәпелеген бағында…»
Қойны-қонышынан сан алуан ертегі төгілген қадірлі қарияны тыңдау үшін айналасына жіпсіз байланған ауыл балалары — қандай әдемі көрініс. Немере-шөбересіне көне қисса-дастан, аңыз-әңгіме айтып, жүрекке жылу құятын ата-әжелеріміз арамызда әрдайым жүре берсін дейміз.
Өркен жаяр өркениетті елдің ертеңгі болашағының бастау бұлағы — солардың еншісінде.
Автор
Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Харкин орта мектебінің психологі — Сая Сатыбалдиева