Ілік септіктің сұрақтарын ата
Сабақтың тақырыбы: Ілік септік
Бұл сабақ оқушыларға сұрақ қою арқылы жаңа тақырыпты өздері ашуға, ілік септіктің сұрақтары мен жалғауларын дұрыс қолдануға және сөйлеу дағдыларын дамытуға бағытталған.
Негізгі сұрақтар
Кімнің? / Ненің? / Кімдердің? / Нелердің?
Ілік септіктің жалғаулары
-ның, -нің, -дың, -дің, -тың, -тің
Сабақтың мақсаты
-
1
Сұрақ қою арқылы жаңа сабақтың тақырыбын ашу және жаңа материалды меңгерту; «Кімнің? Ненің?» сұрақтарымен таныстыру.
-
2
Жалғауларды сөздерге дұрыс жалғай білуге үйрету, жаттығулар орындау арқылы дағды қалыптастыру.
-
3
Танымдық белсенділікті арттыру, өз бетінше жұмыс істеуге және ой қорытуға дағдыландыру, сөздік қорды молайту.
-
4
Адамгершілікке, мейірімділікке, ұжымшылдыққа тәрбиелеу; білім алуға құштарлық пен жауапкершілік сезімін күшейту.
Күтілетін нәтиже
- Еркін сөйлеу: өз ойын ашық жеткізеді.
- Дұрыс сұрақ қою: сөздерге тиісті сұрақ қояды.
- Септеу дағдысы: сөздерді септей алады.
- Өзіндік жұмыс: тапсырманы өз бетінше орындайды.
Сабақта қолданылатын әдіс-тәсілдер
І. Ұйымдастыру кезеңі
Психологиялық дайындық
Оқушылар берілген сөздер арқылы топтарға бөлінеді.
1-топ — Зат есім
адам, қала, гүл, …
2-топ — Сын есім
әдемі, қызыл, …
3-топ — Сан есім
алты, бесінші, …
4-топ — Етістік
оқыды, жазды, …
ІІ. Қызығушылықты ояту
Сұрақ-жауап арқылы кіріспе
Оқушылар, қазір жылдың қай мезгілі?
Қазір жылдың қыс мезгілі.
Қаңтар айында елімізде қандай шара өтеді?
29 қаңтар – 8 ақпан аралығында елімізде 28-қысқы Универсиада-2017 өтеді.
Универсиадада спортшылар қысқы спорттың қандай түрлерінен сайысады?
Спортшылар қысқы спорттың 12 түрінен сайысып, 543 медаль үшін бақ сынайды: биатлон, шаңғымен тұғырдан секіру, кёрлинг, хоккей, шаңғы спорты, мәнерлеп сырғанау, фристайл, …
Бүгін сабаққа белсенді қатысып, Қазақстан спортшыларының Универсиадада жүлделі орын алуына өз үлесімізді қосайық. Тапсырмалар қысқы спорт түрлерімен байланыстырылып орындалады.
ІІІ. Өткен тақырыпты пысықтау
«Биатлон» сайысы — «Ыстық орындық» (сұрақ-жауап)
- Зат есім нені білдіреді? Зат есімге қандай сұрақтар қойылады?
- Сын есім нені білдіреді? Сын есімге қандай сұрақтар қойылады?
- Сан есім нені білдіреді? Сан есімге қандай сұрақтар қойылады?
- Етістік нені білдіреді? Етістікке қандай сұрақтар қойылады?
- Септіктерді ата. Атау септіктің сұрақтарын айт.
- Ілік септіктің сұрақтары мен жалғауларын ата.
- Барыс, табыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктердің сұрақтары мен жалғауларын қайтала.
«Шаңғы жарысы» — «Ойлан, тап!» (топтық жұмыс)
Төмендегі сөздерді септеңдер: бала, оқулық, жаттығу, бет.
IV. Жаңа сабақ
Мағынаны тану — «Шаңғымен тұғырдан секіру»
28-жаттығу
Мәтінді оқыңдар. Қарамен жазылған сөздерді сөз құрамына талдаңдар. Бұл сөздер қандай сұраққа жауап береді?
«Кёрлинг» — «Ойлан, талқыла»
29-жаттығу
Жаңылтпашты оқып, жатқа жазыңдар. «Кімнің?» сұрағына жауап беретін сөздерді тауып, жалғауларын тиісті белгімен белгілеңдер.
Қорытынды сұрақтар арқылы ереже шығару
1) Бірінші жаттығудағы қарамен жазылған сөздер қандай сұраққа жауап берді? Ненің?
2) Екінші жаттығуда қандай сұраққа жауап беретін сөздерді таптық? Кімнің?
Демек, ілік септігіндегі зат есімдер кімнің? ненің? кімдердің? нелердің? деген сұрақтарға жауап береді.
Ілік септігі атау септікке -ның, -нің, -дың, -дің, -тың, -тің жалғаулары жалғану арқылы жасалады. Бұл жалғаулар ілік септіктің жалғаулары деп аталады.
V. Сергіту сәті
«Ой сергіту» жаттығуы
Оқушыларға екі түрлі смайлик таратылады. Мұғалім дұрыс тұжырым айтса — күліп тұрған смайликті, қате айтса — мұңайып тұрған смайликті көтереді.