Ашуды ақылға жеңдір
Кіріспе
Адам баласы өмір жолында түрлі келеңсіз жағдайларға ұшырайды. Солардың бірі — адамдар арасындағы жағымды қарым-қатынасқа сызат түсіріп, өкпе мен ренішті күшейтіп, өзара түсінбеушілікке әкелетін ашу.
Сондықтан өкпе мен ренішке бой алдырмай, айналадағы адамдарға түсіністікпен, ізгілікпен және құрметпен қарау маңызды. Өкпе мен реніш адамның көңіл күйіне ғана емес, денсаулығына да кері әсер етеді. Үнемі ренішпен өмір сүру — мазасыздықты арттырып, түрлі ауруларға жол ашуы мүмкін.
Кемшіліксіз адам болмайды: білмегендіктен қателесу табиғи. Қателік — жауапкершілік. Бірақ әркім кінәсін мойындай бермейді. Ал қатесін түсініп, оны түзету — ақылдылық пен қайраттылықтың белгісі.
Іс-әрекеттің байыбына бара білетін, ұстамды, сабырлы, жақсы мен жаманды ажыратып, әр іске әділ баға бере алатын жанды ақылды адам дейміз.
Мақсаты
- Ашуға ерік бермеу, ашуды ақылға жеңдіру.
- Ойлана білу дағдысын дамыту.
- Адамгершілік құндылықтарының мән-мағынасын ашу.
Міндеттері
- Достар арасындағы рухани жақындықтың мәнін ұғындыру.
- Айналадағы адамдарға тілеулес, ізгі ниетті қалыптастыру.
- Жауапкершілік пен сезімталдыққа тәрбиелеу.
Ашуды жеңудің 8 кеңесі
Бойдағы ашуды жеңу үшін төмендегі кеңестерді есте сақтап, күнделікті өмірде қолдануға болады.
-
1
Ашу қысқанда өзіңді-өзің ұстай біл.
-
2
Ашуланған кезде іштей бірден онға дейін сана.
-
3
Жақсы іс туралы ойла.
-
4
Өзіңді ұстамды, сабырлы адаммын деп қабылда.
-
5
Өз сөзің мен әрекетің басқа адамды ренжітуі мүмкін екенін ойла.
-
6
Соңынан өкінетініңді есіңе түсір.
-
7
Ашу — уақытша, ал салдары — ұзақ екенін ұмытпа.
-
8
Ашуды ақылға жеңдір.
Көріністер арқылы ой қорыту
Тәрбие сағатында екі топ сахналық көрініс ұсынады:
I топ: «Ата ақылы»
Көріністен кейін оқушылар атаның кеңесінің балаға қаншалықты әсер еткенін талқылайды.
II топ: «Патшалар дауы»
Оқушылар патшалардың неліктен ашуға ерік бергенін, оның салдарын және дұрыс шешімнің қандай болатынын сараптайды.
«Ашуды жеңу» бейнебаяны
Талқылау өзегі
Интерактивті тақтадан «Ананың көзі» бейнебаяны көрсетіледі. Оқушылар мұқтаж жандардың өміріне үңіліп, қиындыққа қарамастан ашуға берілмей жүруінің себептерін ой елегінен өткізеді: сабыр, үміт, төзім және айналаға мейіріммен қарай білу.
Мақал-мәтелдермен жұмыс
Ойын шарты: кестеде берілген орындары ауысқан сөздерді тауып, мақал-мәтелді дұрыс құрастыру және мағынасын түсіндіру.
Үлгі
1) Ашу – арындайды, ақыл – аяңдайды.
2) Ашу – пышақ, ақыл – таяқ.
3) Ас тасыса – қатығы төгілер, ашу тасыса – ақылы төгілер.
4) Жаманның ашуы – басы жерге тигенше, жақсының ашуы – шәйі орамал кепкенше.
5) Ашу үстінде ант жүрмейді.
6) Айырылмастай досыңа – қайырылмастай сөз айтпа.
7) Ашу – дұшпан, ақыл – дос, ақылыңа ақыл қос.
8) Қайтып кірер есікті қатты жаппа.
9) Сабын кірді ашады, сабырсыз сырды ашады.
10) Аюды жеңген – жарты ер, ашуды жеңген – бүтін ер.
Қорытынды
Ойыңыз тек оң болсын, өйткені ой — сөзге айналады. Сөзіңіз тек оң болсын, өйткені сөз — әрекетке айналады. Әрекетіңіз тек оң болсын, өйткені әрекет — әдетке айналады. Әдетіңіз тек оң болсын, өйткені әдет — құндылыққа айналады. Құндылығыңыз тек оң болсын, өйткені құндылық — тағдырыңызды қалыптастырады.
Марапаттау
Тәрбие сағаты соңында белсенділігімен және білімділігімен көзге түскен топ марапатталады.