Оқушылардың интеллектуалды білімдерін шыңдау

Тәрбиелік шара • Интеллектуалды ойын

«Қазақстан — біздің сүйікті Отанымыз». Көз тоймас асқар таулары, айдын шалқар көлдері, жайыла аққан өзендері, жасыл ормандары бар. Алтай мен Атыраудың, Ақжайық пен Алатаудың аясында кең құлаш жайып, көркейіп келеді.

Тақырыбы

Отаным деп жыр арнаймын

Түрі

Интеллектуалды ойын

Көрнекілігі

Нақыл сөздер, интерактивті тақта

Мақсаты

Оқушылардың интеллектуалдық білімін шыңдау; Отан тарихындағы маңызды оқиғаларды, тәуелсіздік жолында күрескен ұлы тұлғалар туралы білімін анықтау; елін сүюге, халқына қызмет етуге тәрбиелеу; ұлттық сана мен рухани қасиеттерін қалыптастыру.

Отан — қасиетті ұғым

«Отан отбасынан басталады» деген халық даналығы Отанның мағынасы кең әрі қадірлі екенін аңғартады. Әр адамның отбасы, тұрған мекені, өскен ортасы, аймағы мен мемлекеті — оның өмір өрісі, жан саясы.

Отанды шын сүйіп, аялау үшін туған жеріміздің тарихын, өткені мен бүгінін жақсы білуіміз қажет. Осы мақсатта 2 «Б» сынып оқушыларының Қазақстан тарихын қаншалықты меңгергенін байқап көрейік.

Нақыл

Тауды биік деме сен — талаптансаң шығарсың.
Жауды мықты деме сен — білімді болсаң жығарсың.

Сайыс құрылымы

Бүгінгі «Отаным деп жыр арнаймын» интеллектуалды ойынында екі топ бақ сынайды: «Алғырлар» және «Тапқырлар». Білім сайысы 4 кезеңнен тұрады.

1-кезең

Мақал-мәтелдердің жалғасын табу

2-кезең

Ұлы тұлғалар

3-кезең

Тіл — өнер сайысы

4-кезең

Елеулі мерекелер

Әділқазыға арнау

Әділқазы, аққазыға бір сәлем! Әділдікке бас иеді бар әлем.
Жүйрік озар сайыстарда неше бір, сарапқа сап, әділдікпен шеше біл!

1-кезең: Мақал-мәтелдер

Әр топқа Отан, туған жер және тіл туралы мақал-мәтелдер беріледі.

«Алғырлар» тобы

  1. Туған жердің күні де ыстық, түні де ыстық.
  2. Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас.
  3. Отансыз адам — ормансыз бұлбұл.
  4. Ел іші — алтын бесік.
  5. Отан — оттан да ыстық.
  6. Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады.
  7. Тіліңмен жүгірме, біліміңмен жүгір.
  8. Ең ащы да — тіл, ең тәтті де — тіл.
  9. Аз сөз — алтын, көп сөз — көмір.
  10. Өнер алды — қызыл тіл.

«Тапқырлар» тобы

  1. Отан үшін отқа түс — күймейсің.
  2. Жері байдың — елі бай.
  3. Отан — қуат, отбасы — шуақ.
  4. Отан — елдің анасы, ел — ердің анасы.
  5. Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас.
  6. Піл көтермегенді тіл көтереді.
  7. Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ.
  8. Сөз сүйектен өтеді, таяқ еттен өтеді.
  9. Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл.
  10. Ой қаруы — тіл, тіл қаруы — сөз.

2-кезең: «Тіл — өнер» жұмбақтары

Әр топқа 5 жұмбақ беріледі. Жауабын тауып, орысша және ағылшынша аудармасын айтады. Әр дұрыс жауапқа 10 ұпай беріледі.

«Алғырлар» тобы

Сөзі дана, үні жоқ. Сөйлемейді, тілі жоқ. Қолына алсаң — шешен, ақылы асқан көсем.

Жауабы: Кітап — Книга — Book

Аяғы біреу, қолы жоқ, шиыр-шиыр жолы көп. Өзі сөйлей білмейді, салған ізі сөйлейді.

Жауабы: Қалам — Ручка — Pen

Балалар жүр көшеде, естіледі шу-айқай. Сен де шықтың, көршіңді қағып кеттің байқамай. Мұндайда не деу керек?

Жауабы: Кешіріңіз — Извините — I’m sorry

Жылт-жылт еткен, жылғадан өткен.

Жауабы: Су — Вода — Water

Күндіз ұйықтайды, түнде дамыл таппайды. Аңға барады, сол аңды үйден табады.

Жауабы: Мысық — Кошка — Cat

«Тапқырлар» тобы

Оң қолымда бес саусақ, сол қолымда бес саусақ. Барлығын қосқанда болады неше саусақ?

Жауабы: Он — Десять — Ten

Сылдыр сұйық су емес, ішсең сусын қанады. Ақ болса да қар емес, шешуін кім табады?

Жауабы: Сүт — Молоко — Milk

Алтын ордам, өзіңді қия алмаймын. Бір өзіңнен көп нәрсе қиялдаймын. Мәңгілік оқушың боп қалуға ұялмаймын.

Жауабы: Мектеп — Школа — School

Анашымдай сыр шерткен, оқу-білім үйреткен. Бір өзіңе бас ием, ерекше зор құрметпен.

Жауабы: Ұстаз — Учитель — Teacher

Сырт-сырт соғады, уақыттан озады.

Жауабы: Сағат — Часы — O’clock

3-кезең: Ел тұлғаларын танимыз ба?

Оқушыларға Қазақстан тарихы мен мәдениетіне еңбек сіңірген тұлғалар туралы сұрақтар қойылады.

  1. Ұлы Отан соғысының даңқты жауынгері, Халық қаһарманы, көрнекті жазушы. «Балаларыма» әңгімесінің авторы кім?

    Жауабы: Бауыржан Момышұлы

  2. Нұрлан Оразалин шығармашылығында айтылатын қасиетті үш би: Төле би, Әйтеке би, Қазыбек би.

    Жауабы: Төле би, Әйтеке би, Қазыбек би

  3. Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, 1991 жылы 2 қазанда ғарышқа ұшқан, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының Халық қаһарманы кім?

    Жауабы: Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров

  4. «Адам болам десеңіз…» өлеңі мен «Қара сөздерімен» танылған, Алматы қаласында ескерткіші бар ұлы ақын кім?

    Жауабы: Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы

  5. Жастайынан жетім қалып, араб елдерінде құлдықтан көтеріліп, кейін Мысырды 17 жыл билеген тұлға. «Жусанда туған жердің иісі бар» әңгімесіндегі басты кейіпкер кім?

    Жауабы: Сұлтан Бейбарыс

  6. «Қайран Қарасазым-ай», «Аққулар ұйықтағанда», «Ақ қайың», «Үш бақытым» өлеңдерінің авторы кім?

    Жауабы: Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев

  7. Қазақстан Республикасының Президенті кім?

    Жауабы: Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев

  8. Қазақ балаларына арнап мектеп ашқан ұлы ұстаз, педагог; алғашқы «Қазақ хрестоматиясы» оқулығының және «Өнер-білім бар жұрттар» өлеңінің авторы кім?

    Жауабы: Ыбырай Алтынсарин

  9. Бала кезінен кітап оқуға құштар болып, батырлар жырын 7 жасынан жаттаған академик, ғалым кім?

    Жауабы: Әлкей Марғұлан

  10. «Ақбілек», «Қартқожа» романдарының авторы, қазақтың аса көрнекті жазушысы кім?

    Жауабы: Жүсіпбек Аймауытов

4-кезең: Елеулі мерекелер

Қазақстандағы маңызды мерекелерді тану және олардың аталып өтетін күндерін еске түсіру.

  1. Ұлыстың ұлы күні қашан тойланады?22 наурыз
  2. Қазақстанда Президент күні қашан?1 желтоқсан
  3. Ғарышкерлер күні қашан аталып өтеді?12 сәуір
  4. 1 мамыр қандай мереке?Халықаралық ынтымақ күні
  5. Ұстаздар мерекесі қашан аталып өтіледі?2 қазан
  6. Халықаралық әйелдер күні қашан?8 наурыз
  7. 16 желтоқсанда қандай мереке?Тәуелсіздік күні
  8. 9 мамыр қандай мереке?Жеңіс күні
  9. 6 шілде қандай мереке?Елорда күні
  10. Білім күні қашан аталып өтеді?1 қыркүйек

Оқушылар айдары: өлең жолдары

Оқушылар Отан, Ту, Елтаңба, Әнұран, тіл және тәуелсіздік туралы жаттаған өлеңдерін оқиды.

Әнұраным — жан ұраным, айтар әнім — сөйлер сөзім. Туған жерім — сағынарым, мәңгі бақи шырқалады Республика әнұраны.

Елтаңбасы елімнің неткен көркем, әдемі. Тұнығындай көңілдің ортада аспан әлемі.

Өзіңдікі — елің де, өзіңдікі — жерің де. Өзіңдікі — өзіңе екен бақ, тәуелсіздік төрінде!

Жаса, Қазақстаным! Белді бекем буын да. Өзіңдікі — Туың да, от пен ауа, суың да.

Көк аспандай Туларың желбірейтін күні бұл. Елім деген ұлдардың елжірейтін күні бұл.

Отан — осы, достарым, көңілге мұны түйе біл. «Отан» деп өсіп жас жаның, оны ардақтап сүйе біл.

Отан — тарих, Отан — тіл, жасаған елің, өз халқың. Отан — өлең, Отан — жыр, көтерер көкке ел даңқын.

Отан — сенің ата-анаң, Отан — досың, бауырың. Отан — аудан, ауылың, Отан — өлкең, астанаң.

Отан дейміз от жаққан жерімізді, Отан дейміз өсірген елімізді. Отан дейміз туған жер, атамекен — биік тау, орман, тоғай, көлімізді.

Отан дейміз кең байтақ Астананы, жасыл жайлау, жаңа жол, жас қаланы. Отанның шеті де жоқ, шегі де жоқ, ол бірақ өз үйіңнен басталады.

Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген. Жөргегімде таныстым мұң тіліммен. Жылағанда жүрегім күн тұтылып, қуанғанда күлкіммен түн тірілген.

Туған тілім — бабам тілім — өз тілім! Туған тілім — анам тілі — өз тілім! Туған тілім — далам тілі — өз тілім! Туған тілім — адам тілі — өз тілім!

Ең бірінші бақытым — халқым менің. Ал, екінші бақытым — тілім менің. Бақытым бар үшінші — Отан деген. «Кім мықты?» — десе біреу, «Отан» дер ем.

Бақытты боп жүргенім сенің арқаң, Ұлы Отан. Елім менің — тірегім, құшағында гүл атам. Мәңгі соғып тұратын жүрегімсің сен, Отан!

Оқушылар шығармашылығы

Слайд көрсетілімі

Оқушылардың жазған шығармалары мен салған суреттері таныстырылады.

Үздіктерді анықтау

Үздік суретші және үздік шығарма авторы таңдалады.

Музыкалық бөлім

Хор

«Атамекен»

Қорытынды ән

«Көк тудың желбірегені»

Қорытынды

Осымен «Отаным деп жыр арнаймын» атты интеллектуалды ойынға құрылған тәрбиелік шарамыз аяқталды. Отанды сүю — тарихты танудан, тілді құрметтеуден, еңбек етуден басталады.