Топқа бөлу шарты

Ана тілі (4-сынып) сабағы

Тақырыбы

«Аққу, Шортан һәм Шаян» (А. Байтұрсынұлы)

Сабақтың түрі

Сайыс сабақ

Сабақтың типі

Жаңа білімді игеру

Көрнекіліктер

  • А. Байтұрсынұлы мен И. А. Крыловтың портреттері
  • Мысал бойынша салынған сурет

Әдіс-тәсілдер

  • «Аквариум» әдісі (топтық жұмыс)
  • Түсіндіру, іздендіру
  • Өздігінен білім алу

Сабақтың мақсаты

1) Білімдік мақсат

Ахмет Байтұрсынұлының шығармасымен таныстыра отырып, мысал жанры туралы түсінік беру; оқушылардың ауызша сөйлеуін, мәнерлеп әрі түсініп оқуын, ойын жүйелі жеткізуін қалыптастыру.

2) Дамытушылық мақсат

Шығарманы талдау және шығармашылықпен жұмыс істеу дағдыларын дамыту.

3) Тәрбиелік мақсат

Автор тұлғасын үлгі ете отырып, мысал мазмұны арқылы ынтымаққа және бірлікке тәрбиелеу.

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Оқушы зейінін сабаққа аудару, сыныпта жағымды психологиялық ахуал қалыптастыру.

Психологиялық дайындық (өлең жолдары)

Аманбысыңдар, ұл-қыздар,

Әзірміз бе сабаққа?

Әдебиет — сөз өнері,

Сай келейік талапқа.

Бар ма үйден дайындық?

Тапсырмамыз дұрыс па?

Оқымасаң уайым қып,

Тығылмаңдар қуысқа.

Ойымызды айтайық,

Білімімізді байқайық.

Тексеруші ұстаздар,

Қалсын бір кез марқайып.

Сабағымыз басталды, балалар,

Бәрін ұғып алыңдар, әр сөзге зер салыңдар.

II. Сабақ мақсатымен таныстыру

Бүгін біз қазақтың ұлы ақыны Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығымен танысамыз. Мысал жанры туралы сөйлесіп, мысал өлеңнің ерекшелігін анықтаймыз.

III. Жаңа материалды түсіндіру

Сабақ форматы: сайыс

Сабақ сайыс түрінде өтеді. Оқушылар үш топқа бөлінеді.

  • Аққу суреті түскен қағаз алғандар — «Аққулар» тобы
  • Шортан суреті түскен қағаз алғандар — «Шортандар» тобы
  • Шаян суреті түскен қағаз алғандар — «Шаяндар» тобы

Топтық жұмыс ережесі

Әр топ алдын ала берілген тақырып бойынша ізденіп, материалды тірек-сызба (схема) арқылы түсіндіреді.

I топ

А. Байтұрсынұлының өмірі

II топ

А. Байтұрсынұлының мысалдары

III топ

А. Байтұрсынұлының өлеңдері

Топтардың қысқаша таныстырылымы

I топ: Ахмет Байтұрсынұлы туралы

Ахмет Байтұрсынұлы — қазақтың ұлы ағартушысы, ірі ғалым-лингвист, ақын, аудармашы, оқулық авторы. Туған жері — қазіргі Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, Ақкөл ауылы. Ол алғашқы «Әліпби» оқулығын жазып, «Қырық мысал», «Маса» жинақтарын шығарған. Ғұмырын халыққа қызмет етуге арнаған тұлға жазықсыз қуғын-сүргінге ұшырап, құрбан болды.

II топ: Мысалдары

А. Байтұрсынұлы И. А. Крыловтың мысалдарын аударып, оларды «Қырық мысал» атты кітап етіп шығарған. Бүгінгі қарастырылатын шығармалардың бірі — «Аққу, Шортан һәм Шаян».

III топ: Өлеңдері және мысал жанры

Абай Құнанбаев пен Ахмет Байтұрсынұлы — мысал жанрын қазақ әдебиетіне кең танытқан аудармашы-ақындар. 3-сыныпта оқылған «Бидай мен Қаңбақ» мысалының авторы — Асқар Тоқмағамбетов, жаңашыл мысалшы. Осы қаламгерлер арқылы мысал жанры қазақ әдебиетінде қалыптасып, дамып келеді.

Оқулықпен жұмыс

Мұғалім әрекеті

Мұғалім мысалды мәнерлеп оқиды. Оқушылардың түсінігі сұрақтар арқылы тексеріліп, нақтыланады.

Талқылау сұрақтары

  • Кейіпкерлер қайда өмір сүреді?
  • Олар не істемек болды?
  • Жүк неге қозғалмады?
  • Ақын бұл кейіпкерлер арқылы қандай адамдарды бейнелейді?

Негізгі ой (түйін) туралы

Мысалда автордың айтайын деген негізгі ойы болады. Негізгі ой — ақынның өсиеті. Мысалдың тәрбиелік мәні — балаларды бірлікке, ынтымаққа шақыру.

Қорытынды: Мысалда негізгі ой шығарманың басында немесе соңында беріледі. Мысалдың міндетті түрде тәрбиелік мәні болады, ол түйінді ой арқылы ашылады.

Сайыс тапсырмалары

«Аққулар» тобы — 1-тапсырма

Автордың түйінді ойын (негізгі ойын) табу.

  • А. Байтұрсынұлының түйінді ойы қай жерде берілген?
  • Мысал бізді неге шақырады?

«Шортандар» тобы — 2-тапсырма

Негізгі ойға байланысты ынтымақ, бірлік туралы мақал жазу және мағынасын түсіндіру.

Мысал:

«Бірлік болмай, тірлік болмас.»

«Шаяндар» тобы — 3-тапсырма

Мысалды сахналық қойылым ретінде дайындау (алдын ала диалогке айналдыру, импровизация жасау).

Үлгі диалог (қысқаша)

Автор: Бір күні Аққу, Шаян, Шортан үшеуі кездесіп қалады. Үстіне жүк тиелген үлкен арба тауып алып қуанады.
Аққу: «Достар, арбаны әуеге тартып шығарайық!»
Шортан: «Жоқ, оны көлге апарайық!»
Шаян: «Одан да құмға қарай тартайық!»
Автор: Үшеуі үш жаққа тартқанмен, арбаны орнынан қозғалта алмайды.

Сергіту сәті

Ал, балалар, тұрайық,

Қане, қанат жазайық.

Аққу болып ұшайық,

Көлде жүзген балықтай,

Жүзіп-жүзіп алайық.

Қане, айналып қарайық.

Дәптермен жұмыс

Сурет және байланыс

Әр топ өз атауына сәйкес кейіпкердің суретін салып, бүгінгі мысал кейіпкерлері арасындағы байланысты анықтап жазады.

Венн диаграммасы

  • 1-топ: Аққу мен Шаян
  • 2-топ: Аққу мен Шортан
  • 3-топ: Шаян мен Шортан

«Сен маған — мен саған» пікір алмасу

Оқушылар мен мұғалім тақырыпқа қатысты сұрақтар қойып, ой тұжырымдарын айтып, пікірлеседі.

Мақал-мәтелдермен жұмыс

Әр топ мақал-мәтелді жатқа айтып, мағынасын түсіндіреді.

1-топ

«Алтау ала болса, ауыздағы кетер,
Төртеу түгел болса, төбедегі келер.»

2-топ

«Бірлік болмай, тірлік болмас.»

3-топ

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл.»

Қорытынды

Сатылай кешенді талдау

  • Шығарма тақырыбы
  • Шығарма авторы
  • Шығарма түрі
  • Шығарма кейіпкерлері
  • Негізгі ой
  • Өз ойың

Бағалау

Әр топ қарсылас топтардың жұмысын бағалап, қысқаша талдау жасайды. Бағалау кезінде мазмұн дәлдігі, сөйлеу мәдениеті, шығармашылық және топтық ынтымақтастық ескеріледі.