Аққу сымбатты, сұлу құс
Құстар — табиғаттағы ең жақын серігіміз
Елімізде құстардың сан алуан түрі тіршілік етеді. Өз ауылымыздың айналасында кездесетін құстарды танып-білу арқылы олардың мекені мен қорегі туралы ойымызды кеңейтеміз. Құстар табиғат тепе-теңдігін сақтауға көмектеседі, ал адам баласы оларға қамқорлық танытқанда, орта да көркейе түседі.
Үй құстары
Үй құстарына мыналар жатады:
- Тауық, қаз, үйрек
- Әтеш, балапан
- Күркетауық
Олардың жұмыртқасын, етін, қауырсынын тұрмыста кеңінен пайдаланамыз.
Жабайы (дала) құстары
Жабайы құстарға мыналар жатады:
- Қарға, торғай, қарлығаш
- Сауысқан, көкек, тоқылдақ
Қарлығаш адамға жақын ұя салады, сондықтан оны «адамға дос құс» деп атайды.
Тоқылдақ орманда мекендеп, ағаштарды құрт-құмырсқадан тазартады.
Қамқорлық — кішкентай қадамнан басталады
Құстарға көмектесудің ең қарапайым әрі пайдалы жолы — ұя жасау. Әсіресе көктем мезгілінде құстарға қауіпсіз орын қажет. Табиғатты аялау — өз қолымыздағы іс.
Қазақ танымындағы құстар
Қазақ халқы қыран құс бүркітті аң аулауға баптаған.
Аққу — сымбат пен сұлулықтың нышаны, оны «сүйіспеншілік құсы», «махаббат құсы» деп те атайды.
Мақал-мәтелдер: ойды ықшам, мәнді жеткізу
«Аққу құссыз — көл жетім, айтылмаған сөз жетім.»
«Өлеңге енсе — сөз сұлу, аққу жүзсе — көл сұлу.»
«Бұлбұлға — бау жақсы, кекілікке — тау жақсы. Ер жігітке бәрінен туып-өскен ел жақсы.»
Оқушылар хормен
Құстар — біздің досымыз,
Шырқап әнге қосамыз.
Құстар — біздің досымыз,
Көктем сайын тосамыз.
Көктем көрінісі: жыл құстарының оралуы
Өлең
Жыл құстары келді деп,
Балдырғандар мәз болды.
Қос қанаты желкілдеп,
Көлге үйрек-қаз қонды.
Үндеу
Құстар тойын құттықтап,
Қуанамыз, қолдаймыз.
Ұя жасап, құттықтап,
Біз оларды қорғаймыз.
Халық болжамдары: құс қимылынан ауа райын тану
Халқымыз құстардың келуі мен кетуіне, қимыл-қозғалысына қарап табиғат құбылыстарын болжаған. Төмендегі мысалдар — соның бір бөлігі.
- Қарлығаш жоғары ұшса — күн жылынады, төмен ұшса — жаңбыр жауады.
- Көктемде қаздар қайтқанда жоғары ұшса — су тасқыны болады.
- Жаңбыр жауарда қарғалар у-шу болады.
- Құс жүні үрпитсе — жаңбыр жауады.
- Шымшық ұя салса — қыс қатты болады.
- Шағала келсе — сең бұзылады.
- Жыл құсы қаптап келсе — көктем ерте келеді.
Тоқылдақ туралы жолдар
Құртты іздеп інінен,
Қарағайды үңгіген.
Тоқылдақ құс — дәрігер,
Қашан да ол әбігер.
Теңеулер: құс арқылы мінез бен сұлулықты сипаттау
Қазақ халқы құстарды ерекше қастерлеген: шебер әншіні — бұлбұлға, ер азаматты — сұңқарға, сұлу жанды — аққуға, ал жасқаншақ, жасық адамды — жапалаққа теңеген.
2-бөлім: Жұмбақтар
Туысы дейді құстардың, інісі дейді тышқанның... Бұл не? (Жауабын көру)
Жауабы: Жапалақ.
Қызығып әр адам ұстап ап даладан... Бұл қай құс? (Жауабын көру)
Жауабы: Үкі.
Қашаудай мықты тұмсығым... «Орман дәрігері» кім? (Жауабын көру)
Жауабы: Тоқылдақ.
Түсі қара мақпалдай, төсі ақ сыр жаққандай... Бұл қандай құс? (Жауабын көру)
Жауабы: Қарлығаш.
Биікке салған ағаш үй — оның мекені... Бұл қай құс? (Жауабын көру)
Жауабы: Қараторғай.
Хормен: «Ақ көгершін»
Өлеңі: Н. Баймұхамедов
Әні: А. Жұбанов
Ақ көгершін, көгершін,
Қолқанат құс сен едің.
Бар, кезіп қайт, ел үшін,
Кең дүниенің көлемін.
Әділеттің құсы деп,
Көз алмайтын жолыңнан,
Ұшырамын қолымнан.
Ел тілегін алып ұш,
Адамзаттың бағына.
Қара бұлтты жарып ұш,
Мұхиттың арғы жағына.
Көзін сенен алмайды
Ақ ниеті бар адам.
Ақ қанатың талмайды
Әділеттен жаралған.
Тыныш, бейбіт өмірдің
Белгісі боп қанат қақ.
Әлемге ортақ көңілдің
Қайт шыңына қонақтап.
Ел тілегін алып ұш,
Адамзаттың бағына.
Қара бұлтты жарып ұш,
Мұхиттың арғы жағына.
Қорытынды
Құстар — біздің досымыз. Оларды аялау, ұя жасап қорғау, табиғатты күтіп ұстау — әрқайсымыздың ортақ міндетіміз. Тыңдап, қатысқандарыңызға рақмет!