Тіл туралы түсінік

Сабақ тақырыбы: Қазақ әліпбиі

Бұл сабақ жоспары оқушыларға қазақ әліпбиі туралы негізгі лингвистикалық білім беруді, оны жаттығулар мен қосымша тапсырмалар арқылы бекітуді көздейді.

Сабақтың типі

Аралас

Сабақтың түрі

Дәстүрлі

Пәнаралық байланыс

Қазақ әдебиеті

Сабақтың мақсаттары

Білімділік

Оқушыларға қазақ әліпбиінің түрлері туралы лингвистикалық білім беру және оны жаттығу жұмыстары мен қосымша тапсырмалар арқылы бекіту.

Тәрбиелік

Оқушыларды адамгершілікке, еңбекті дәріптеуге, ана тілін құрметтеуге тәрбиелеу.

Дамытушылық

Оқушылардың ойлау қабілетін арттыру, дүниетанымын кеңейту, фонетикалық талдау жасау дағдыларын дамыту.

Әдіс-тәсілдер және көрнекіліктер

Әдіс-тәсілдер

  • Түсіндіру
  • Сұрақ-жауап
  • Жаттығу
  • Салыстыру

Көрнекіліктер

  • Тақырыпқа байланысты кесте
  • Үлестірмелі материалдар

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Сабақ басында тәртіп, уақыт және өзара сыйластыққа негізделген орта қалыптастыруға назар аударылады.

Мұғалімнің әрекеті

  1. 1 Оқушылармен сәлемдесу.
  2. 2 Оқушылардың сабаққа қатысуын тексеру, сабақ ұстанымдарымен таныстыру (слайд арқылы).
  3. 3 Оқушылардың зейінін сабаққа аудару.

Сабақ ұстанымдары

  • Уақытында бастау
  • Белсенді болу
  • Ашық болу
  • Сөзді бөлмеу
  • Бір-бірімізді құрметтеу

II. Үй тапсырмасын тексеру

Қайталау сұрақтары

  • Фонетика туралы түсінік.
  • Тіл туралы түсінік.

236-жаттығу

Бір буынды сөздердің дауысты және дауыссыз дыбыстарын өзгертіп, жаңа сөздер құраңдар:

ат тал сой ақ ес ін ұл күн қақ жаз

Қосымша тапсырма

Метаграммалар жазыңдар.

III. Білім тексеру

Шығармашылық диктант

Төмендегі сөздерді қатыстырып, сөйлем құрап жазыңдар:

  1. 1) Астық, айлық, айдын.
  2. 2) Әйгілі, әдемі, әңгіме.
  3. 3) Күләш, Кәрім.

IV. Жаңа сабаққа дайындық

  1. 1 Сабақ тақырыбын тақтаға жазу.
  2. 2 Сабақ мақсатын түсіндіру.

V. Жаңа тақырыпты түсіндіру

Негізгі ұғым

Әліпби сөзі араб әліпбиінің алғашқы екі әрпі — алиф пен би атауларының бірігуінен жасалған. Әліпби — жазуда қолданылатын әріптердің рет тәртібі.

Тарихи негіз

Қазақ халқының жазу-сызуында Қазақстанға мұсылман дінінің және ислам мәдениетінің таралуына байланысты араб әліпбиі негіз болды. Қоғамдағы саяси-әлеуметтік өзгерістерге байланысты қазақ халқы 1929 жылы латын әліпбиіне, ал 1940 жылдан бастап орыс (кирилл) әліпбиіне көшті.

Әріп пен дыбыс

Әліпбиде көрсетілген таңбалар — әріптер. Әріп — дыбыстың жазудағы таңбасы. Әріптер белгілі бір тәртіппен орналасады; сол тәртіпті білу сөздіктерді тиімді қолдануға көмектеседі.

Қазақ тіліне тән әріптер

Орыс әліпбиіне негізделген қазақ әліпбиінде қазақ тіліне тән дыбыстарды белгілейтін 9 әріп бар:

ә ғ қ ң ө ұ ү һ і

Қалған әріптер — орыс тілі мен қазақ тіліне ортақ таңбалар.

Әріптердің түрлері

  • Баспа түрі (баспахана ісіне бейімделген).
  • Жазба түрі (қолмен жазуға бейімделген).
  • Бас әріп және кіші әріп.

Бас әріптің қызметі

Қазақ жазуында бас әріппен жазу латын әліпбиіне көшкеннен кейін қалыптасты. Бас әріп:

  • кісі аттарын және жер-су атауларын ажыратуға;
  • газет-журнал, кітап атауларын белгілеуге;
  • сөйлем мағынасын тез ұғынуға;
  • қысқарған сөздерді көрсетуге (мысалы: АҚШ, ҚазҰУ) қолайлы.

Ой қозғау сұрағы

Балалар, әліпби дегенді қалай түсінесіңдер? Бастауыш сыныпта өткендеріңді еске түсіріп, өз ойларыңды қысқаша тұжырымдап айтыңдар.