Жаңа сабақты баяндау

Сабақтың тақырыбы: Скрипка аспабы қалай пайда болды?

Бұл сабақта оқушылар скрипка аспабының шығу тарихымен танысып, тыңдалым арқылы музыкалық талғамын дамытады және «Қазақы дастарханым» әнін үйренеді.

Білімділік

Скрипка аспабымен таныстыру.

Ән үйрену

«Қазақы дастарханым» әнін жаттау.

Тәрбиелік

Өнерге талпындыру, ынта қалыптастыру.

Сабақтың форматы

  • Түрі: дәстүрлі емес
  • Типі: жаңа сабақ
  • Әдісі: әңгімелеу

Пәнаралық байланыс және көрнекілік

  • Пәнаралық байланыс: шетел музыка тарихы
  • Көрнекілік: 7 нота кестесі, портреттер, скрипка, Yamaha, бейнетаспа, микрофон, алақан және скрипканың қағаз қиындылары

Ұйымдастыру кезеңі

  • Сәлемдесу (Yamaha аспабының сүйемелдеуімен).
  • Түгендеу.
  • Үй тапсырмасын тексеру: «Жеті нота» таңдау арқылы сұрақтарға жауап беру. Әр дұрыс жауапқа оқушы скрипканың қағаз қиындысын алады.

Үй тапсырмасын сұрау: «Жеті нота» бойынша сұрақтар

ДО

Оркестр құрамындағы аспаптар неше топқа бөлінеді? Ата.

Жауабы: 4 топ: ішекті-ыспалы, үрлемелі ағаш, үрлемелі жез, ұрмалы аспаптар.

РЕ

Қазақтың тұңғыш операсын ата.

Жауабы: «Қыз Жібек» операсы.

МИ

«Титаник» кемесі суға кетіп бара жатқанда, кемедегі оркестр қай симфонияны ойнаған?

Жауабы: Бетховеннің №3 симфониясын.

ФА

Симфония дегеніміз не?

Жауабы: Симфониялық оркестрге арналған аспаптық шығарма.

СОЛЬ

Тембр дегеніміз не?

Жауабы: Дыбыстың бояуы.

ЛЯ

Диапазон дегеніміз не?

Жауабы: Дыбыстың көлемі (дыбыс ауқымы).

СИ

Қазақстанда симфониялық оркестр қашан құрылды?

Жауабы: ХХ ғасырдың 30-жылдары.

Жаңа сабақ: аңыз арқылы кіріспе

Сабақтың тақырыбына кіріспес бұрын, бір аңызға назар аударайық. Ерте заманда бір музыкант өмір сүріпті. Ол кішкентайынан түрлі аспапта ойнаған екен. Далада мал бағып жүріп, табиғи заттардан сыбызғы жасап ойнағанда, жайылып жүрген мал да құлағын түріп тыңдай қалады дейді. Ормандағы құстардың сайрауы басылып, көлдегі бақалардың бақылы тынады екен.

Музыкант күй тартқанда, тыңдаған жанның жүрегін тәтті сезім тербеп, белгісіз бір күш оларды биікке — ашық көк аспандағы жарық жұлдыздарға қарай жетелегендей әсер қалдырады. Көңілді әуен бәрін қуантса, мұңды әуен ойға батырады.

Жігіт ержеткен соң скрипка жасап алып, ел аралап өнер көрсетеді. Қайырымды жандар оны құрметтеп, қонақ етеді. Ал мейірімсіз пандар оны жақтырмайды: себебі сиқырлы әуенді тыңдаған адамдар пандарға қызмет етуді ұмытып кетеді. Сол себепті олар шайтандармен бірлесіп музыкантты көзін жоюға бекінеді де, оны он екі аш қасқырға талатпақ болады.

Тістері ақсиған, көздері жалындаған аш қасқырлар музыкантты қоршайды. Ол болса ағашқа сүйеніп тұрып, скрипкасын алып, ысқышпен ішектерді қозғайды. Скрипка тіл біткендей боздай жөнелгенде, айнала тып-тыныш болады. Қасқырлар да мелшиіп, аштықтарын ұмытып, әуенге елітіп қалады. Музыка тоқтағанда, олар жайлап орманға қайта кетеді. Осылайша музыканттың өмірін скрипка сақтап қалыпты.

Сұрақ: Балалар, бүгін қай аспаппен танысамыз деп ойлайсыңдар?

Скрипканың шығу тарихы

Скрипка аспабының тарихы Еуропада X ғасырдан бастау алады. Ал бүгінгі таныс үлгісі XVI–XVII ғасырларда Италия мен Францияда қалыптасты. Көне үлгілері қазіргі скрипкаға мүлде ұқсамаған.

Оркестрдегі орны

Скрипка — оркестрдегі жетекші аспаптардың бірі. Дыбыс бояуы мен техникалық мүмкіндіктері арқылы көптеген аспаптан озық. Оркестрге сызылта шыққан әсем үн береді, сондықтан Еуропада «Музыка патшайымы» атанған.

Көне туыстары

Скрипканың көне түрлері — ребек және фидель. Екеуі де жуан мойынды, қысқа, қарны қампиған болып келген.

Ойнау тәсілінің өзгеруі

Бұл аспаптар ат қылынан тартылған, доға тәрізді ысқышпен орындалған. Ертеде оларды сол жақ тізеге тіреп, оң қолмен ысқыш ұстап, қобыз секілді тік қалыпта тартатын болған. Мұндай тәсіл Еуропада бұрын кең тарамаған. Қазақ халқы қылқобызды ертеден бүгінге дейін дәл осылай тартып келеді.

Кейінірек Еуропада аспапты иыққа немесе кеудеге тіреп ойнау қалыптасты. Уақыт өте келе оны иық үстіне қойып, иекпен қысып ұстау әдісі пайда болды — бұл қазіргі скрипка орындаушылығына жол ашты.

Виола дәуірі және скрипканың үстемдігі

XV ғасырдан бастап ребек пен фидельге жақын виола аспабы кең тарайды. Виоланы да тік ұстап, доға тәрізді ысқышпен (алақаны жоғары қаратып) ойнаған. XVIII ғасырға дейін виола Еуропада өте танымал болды. Кейін скрипка бұл аспаптарды ығыстырып, өзінің сазды үнімен халықтың ықыласын баурады.

Талқылау: Қазіргі таңда қазақстандық қандай скрипкашыларды білесіңдер? (Жәмиля Серкебаева, Айман Мұсаходжаева туралы қысқаша мәлімет беру, А. Мұсаходжаеваның шығармасынан үзінді тыңдату/көрсету.)

Музыка тыңдау: Н. Паганини — «24 каприс»

Тыңдалым: Николло Паганинидің «24 каприсі». Бұл шығарма скрипка репертуарындағы ең күрделі туындылардың бірі саналады. Көптеген музыкант үшін оны орындау — үлкен шеберліктің көрсеткіші.

Паганинидің скрипкасы туралы аңыздар да көп. Кейде оны «сайтанның аспабы» деп атаған: себебі ол орындау мәнерімен тыңдаушыны бірде жылатып, бірде қуанта алады, кейде билетіп, тіпті елітіп әкететіндей әсер қалдырады. Оған дейін скрипкада дәл мұндай техникалық еркіндік пен көркемдік ауқымды көрсеткен орындаушы аз болған.

Италиялық скрипкашы әрі композитор ретінде Паганини аспапта ойнаудың жаңа мүмкіндіктерін паш етті. Бүгінде көптеген скрипкашылар өз шеберлігін дәлелдеу үшін Паганини шығармаларын орындауға ұмтылады.

Сергіту сәті және вокалдық жұмыс

Сергіту

«Мен қазақпын» бейнесін қарап, бірге орындау.

Дауыс қыздыру

Дауыс жаттығулары (диапазонды кеңейту, дикцияны жақсарту).

Ән жаттау: «Қазақы дастарханым»

Ән туралы

  • Әні: М. Ілиясов
  • Сөзі: Ж. Боранбаев

Орындау мақсаты

Дәстүр, татулық, сыйластық тақырыбын ән мәтіні арқылы сезіну; ансамбльмен біркелкі айтуға дағдылану.

1-шумақ

Бүгінгі ел ішінде, Дәстүрді жалғастырған. Татулық белгісі ме, Жағалай малдас құрған.

Қайырмасы

Ей, менің асқар тауым, Қазақы дастарханым. Өзіңсің бақ-берекем, Ақ қайнар бастауларым.

2-шумақ

Анаға ақпейілді, Иілсе келін бала. Ықылас, ізет еткен, Сыйластық елін таба.

3-шумақ

Дәм татар талай ғасыр, Ұрпаққа аманатсын. Кірлетпей, таза ұстасын, Халықтың шарайнасын.

Сабақты бекіту

«Микрофон» әдісі

Оқушылар микрофонды қолына алып, бүгінгі сабақтан алған білімдері бойынша сынып ішінде еркін сұрақ қояды. Бастаушының сұрағына дұрыс жауап берген оқушыға микрофон беріледі, әрі қарай тізбек жалғасады.

Мұғалім әр дұрыс жауапқа скрипканың қағаз қиындысын таратады.

Рефлексия: «Бес саусақ»

  • Бас бармақ: Білдім
  • Сұқ саусақ: Сезіндім
  • Ортан терек: Ойландым
  • Шылдыр шүмек: Шештім
  • Кішкене бөбек: Келісемін

Бағалау

Шкала бойынша бағалау.

Үй тапсырмасы

«Қазақы дастарханым» әнін жаттау; тақырыпты мазмұндап келу.

Автор туралы мәлімет

ШҚО, Жарма ауданы, Қапай батыр ауылы, Васильковка негізгі мектебінің музыка пәнінің мұғалімі — Абильмажинов Нариман Талгатович.