Ауған соғысының тарихи мағынасын ашып, оқушыларға түсіндіру
Тәрбие сағаты
Бұл тәрбие сағатының өзегі — ұрпаққа үлгі болатын ерлік, елдік пен адамдықтың бағасын түсіндіру, Ауған соғысының тарихи мәніне ой жүгірту.
Мақсаты
Білімділік
Ауған соғысының тарихи мағынасын ашып, оқушыларға түсіндіру; “Ауған соғысы” туралы білімді тереңдету; соғыс ардагерлері жайлы мәлімет беру.
Дамытушылық
Тарихи деректердің маңызды тұстарын ажырата білуге, материалды диалектикалық тұрғыдан талдауға дағдыландыру.
Тәрбиелік
Ауған соғысының ардагерлерін құрметтеу; жас ұрпақтың патриоттық сезімін ояту; Отан үшін отқа түсіп, жат жерде қаза тапқан Қазақстан азаматтарын еске алу; жауынгерлердің қысқа ғұмырынан үлгі-өнеге, тарихи тағылым беру; оқушылардың сөйлеу мәдениетін дамыту; елжандылыққа, отансүйгіштікке, ізгілікке тәрбиелеу.
Көрнекілігі
- Тақырыпқа сай слайдтар
- Интерактивті тақта
Кіріспе сөз
Тұрсынбек
Соғыс — жан алып, жан беріс. Соғыс — халықтың басына келген қасірет, зұлмат. Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 26 жыл толуына орай “Ұрпаққа үлгі болған ерлік” тақырыбындағы тәрбие сағатымызды ашық деп жариялаймыз.
Сандуғаш
Ауғанстан... Біз ол туралы не білеміз? Ауғанстан — ертеден қалыптасқан мұсылман мемлекеті. Бірақ бұл ел бізге ұмытылмас қайғы мен қасірет әкеледі деп ешқашан ойлаған емеспіз. Біреудің жүрек жарар ұлын, біреудің арқа сүйер бауырын жұлып әкетерін кім білген?!
Тарихи түсіндірме
Тұрсынбек
Ауған соғысы — КСРО Қарулы күштерінің Ауғанстанға басып кіріп, оның ішкі істеріне араласуы салдарынан тұтанған соғыс. КОКП және КСРО басшылығы 1978 жылғы сәуір төңкерісінен кейін билікке келген “халықтық-демократиялық үкіметті” қолдап, көршілес елдің социалистік бағытта дамуын көздеді. “Интернационалдық әскери жәрдем береміз” деген желеумен Ауғанстанның ішкі ісіне араласу — “қырғи-қабақ соғыс” кезеңіндегі өз ықпалын кеңейту саясатының айқын көрінісі болды.
Оқушылардың жыр-шумақтары
1-оқушы — Шарафат
Не болды екен, көңілім тыншымайды,
Кім болды екен басатын гүл шырайды.
Енді ғана нұрланған бұл өмірдің
Ақ жолынан алыстап жүрші, қайғы?!
Үзілді гүл бүршік атқан жаңадан,
Қиылды өмір, енді ғана жаңарған.
Наз көңілдер су сепкендей басылды,
Төгілді жас жабырқаулы жанардан.
Соғып өтті тіршіліктің ызғары —
Болғаны ғой осы өмірді бұзғаны.
Суық лебі жүрекке кеп орнады,
Бірақ бұл сәт уақытынан озбады.
Әлемге ортақ аспан да, жұлдыз,
Ай да, Күн де... Қуаныш та, қайғы да көп.
Бәрі де ортақ, тек шекаралар арада,
Әттең, көңіл содан кейде қайтатын.
Талассын таң, күнмен бірге шағылсын,
Бейбітшіліктің жұлдызы көктен жағылсын.
Жұдырықтай боп жұмылған жұмыр жерімнің
Басынан тайсын бар жамандығы арылсын.
Әлемнің жаны бір болса екен тілегі,
Тек бейбітшілік деп соқса екен жүрегі.
Қиыншылықта біріне-бірі сүйеніш,
Болса екен деймін қолдаушы әрі тірегі.
Қазақстаным көгерсін, гүл боп жайнасын,
Ел-жұртың күнін бейбітшіліктің тойласын.
2030, одан да әрі — мәңгілік,
Басыңнан бағың, қасыңнан құтың таймасын.
2-оқушы — Ақарыс
Ұмытпайды артта қалған ұрпағың,
Еске алады жыл сайын өмір үшін өртеніп кеткендерді.
Ал бүгінде мақтан етер ұрпақтары —
Жеңіспен еліне жеткендерді.
Тыныштық боп мәңгі осылай тұрса күн,
Жас бүлдіршін жаға берер жыр шамын.
Сүйем сені, қасиетті мекенім,
Мәңгі сені әнмен желпіп өтемін.
Сенде ғана көтерілем биікке,
Сенде ғана арманыма жетемін.
Ерлік пен естелік
Тұрсынбек
1979 жылы Ауғанстан жерінде болған зұлмат соғыста кеңес әскерлері қайталанбас қаһармандық танытты. Өзге елде болса да, халықтың тыныштығын қалаған талай азамат сол сұм жылдары майдан даласында қаза тапты, тағы бір бөлігі із-түссіз жоғалып кетті.
Сандуғаш
Биыл Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 26 жыл толып отыр. Ауған соғысының қанды қырғынынан аман-есен оралғанымен, жан жарасын жүрегінде сақтаған 18 мыңнан астам қазақстандық ардагер ортамызда өмір сүріп келеді. Олар дұшпан оғынан қаза тапқан майдандас достарын соңғы сапарға шығарып салған сәттерді көздеріне жас алып еске алады. Соған қарамастан, ата-баба рухына дақ түсірмей, елге абыроймен оралды. Майдандағы жанқиярлық пен қаһармандық үшін мыңдаған қазақстандық орден-медальдармен марапатталды.
Түйін
Ерлік — тек өткеннің естелігі емес, бүгінгі ұрпаққа аманат. Ардагерді құрметтеу, қаза тапқан азаматтарды еске алу және бейбітшіліктің қадірін ұғыну — ортақ парыз.