Наурыз қазақ халқының ұлттық мейрамы

Армысың, Әз-Наурыз!

Құрметті қонақтар, сүйікті балалар! Наурыз мерекесі құтты болсын! Күлімдеген шуақты көктеммен бірге қазақ даласына жаңа жыл келді. Әр адам жаңа жылдан үміт күтіп, ақ тілекпен, ақ ниетпен қарсы алады. Баршаңызға жаңа жыл бақыт жылы, бейбіт жыл болсын!

Армысың, Наурыз!
Мереке – ырыс, береке.
Қош келдің, сені күтіп бүгін кең өлке!

Армысың, Наурыз!
Қуаныш болып кір, төрлет.
Ел болып саған көрсетеміз сый-құрмет.

Бағдарламада:

  • «Наурыз тойы» әні
  • Наурызға арналған сахналық би-қойылым
  • Домбыра биі
  • Орамал тастау, арқан тарту ұлттық ойындары
  • Айтыс
  • Наурыз көже әні, кесе биі
  • Бесікке салу рәсімі, батырлар биі

Көктеммен бірге келген жаңару

Жүргізушінің сөзі

Теңеліп түн мен күндізі, ымдасып Ай мен жұлдызы. Қарды ерітіп жылғасы, Наурыз келді – жыл басы.

Балалар, Наурыз мерекесі көктем мезгілімен тұспа-тұс келеді. Көктемде жер бетінде тіршілік жанданып, күн мен түн теңеледі, жер шуаққа кенеледі. Ендеше, қыздарымыздың орындауында Наурызға арналған сахналық би-қойылымды тамашалаңыздар.

Ата мен әженің ақ батасы

Атаның амандасуы

Амансыңдар ма, балаларым! Наурыз мерекесі құтты болсын! Бүгін кемпірім екеуміз немерелерімізді сағынып жолға шыққан едік. «Наурызда не істеп жатыр екен?» деп хабарласайық десек, тойдың үстінен түскендей болдық.

Жүргізушінің қарсы алуы

Дұрыс айтасыз. Бүгін «Балдырған» балабақшасында Наурыз мерекесі тойланып жатыр. Төрлетіңіздер, балаларымыздың өнерін тамашалаңыздар.

Бүгінде балаларымыздың бойы да, ойы да өсіп келеді. Ендеше, Наурыз мерекесіне арналған әнді тыңдайық.

Орындау:

«Наурыз әні»

Тақпақтар мен ұлттық үн

Балаларымыздың Наурызға арналған тақпақтары да бар. Сонымен бірге ұлттық мейрамда халқымыздың ұлттық аспаптарына мән беру – үлкен өнеге. Соның ішінде бәрімізге таныс домбыра ерекше орын алады.

Домбыра – қазақ халқының мақтан тұтатын аспабы. «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деуі де тегін емес. Ендеше, ұл-қыздарымыздың орындауында домбыра биін тамашалаңыздар!

Ойын мен өнер: халық мұрасы

Әженің сыйы

Әже: Тамаша, тамаша! Өркендерің өссін, балаларым! Сендердің көңілдеріңді көтерейін деп, ойын ала келдім. Ойнайсыңдар ма, балалар?

Ұлттық ойын:

Орамал тастау

Айтыс – сөздің мерекесі

Ұлттық өнердің тағы бір керемет түрі – айтыс. Наурыз мейрамында ақындар айтыс өткізіп, жақсылық пен жамандықты, қарапайым халықтың мұң-мұқтажын жырлаған. Бұл төл өнер бүгінгі ұрпақ бойында да өз жалғасын табуда.

Көрініс:

Кішкентай айтыскерлердің айтысы

Наурыз көже: берекенің дәмі

Халқымыздың ежелден келе жатқан дәстүрлерінің бірі – Наурыз мейрамында әзірленетін Наурыз көже. Наурыз көжеге сан түрлі тағам қосылады. Балалар, оның мәнін білесіңдер ме?

Орындау:

«Наурыз көже» әні

Әнде не туралы айтылды? Ал Наурыз көжені қандай ыдысқа құйып ішеміз? Жарайсыңдар! Ендеше, аруларымыздың орындауында кесе биін қабыл алыңыздар.

Көрініс:

Кесе биі

Салт-дәстүр сабақтастығы

Бесік – сәбидің алтын ұясы

Қазақ халқы үшін бесік – қасиетті, киелі, құтты мүлік, сәбидің алтын ұясы. Ендеше, балалар, бесікке салу рәсімін тамашалаңыздар.

Рәсім:

Бесікке салу

Ел қорғаны – батырлар

Қазақ халқы ежелден ел қорғаған батырларын пір тұтқан. Өйткені батырлар елін жаудан қорғап, халықтың тыныштығын сақтаған. Сол батыр ағалардың жолын қуған ержүрек ұландарымыздың орындауында батырлар биін қабыл алыңыздар.

Орындау:

Батырлар биі

Күш пен бірлік сыналар сәт

Ата: Өркендерің өссін, алтындарым! Өнерлеріңе риза болып отырмын. Ал енді күштеріңді сынағым келіп тұр. Қазақтың «арқан тарту» деген ұлттық ойыны бар, соны ойнайық.

Ұлттық ойын:

Арқан тарту

Қорытынды тілек

Атаның батасы

Көңілімізді көтеріп, қуантқандарыңа мың да бір рахмет! Өнерлерің өрге жүзе берсін, бақытты болыңдар!

Алла бере берсін,
Еліме береке берсін,
Баянды бақыт берсін,
Амандық нәсіп етсін,
Асқа адалдық берсін.

Ырысың үйден,
Абыройың түзден болсын!
Еңбегің өнімді болсын.
Не тілесең, қабыл болып,
Алла тілектеріңді берсін!
Әумин!

Жүргізушінің қорытынды сөзі

Наурыз баршамызға береке мен бірлік әкелсін! Әрбір отбасында сәбилеріміздің сыңғырлаған күлкісі көбейсін, шаттыққа бөлене беріңіздер. Аман-сау болайық, келесі Наурызда жолығайық!

Ал енді балалар, тобымызға барып, әжеміз әзірлеп әкелген Наурыз көжеден ауыз тигізейік.

Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылы
«Балдырған» балабақшасының тәрбиешісі: Алибекова Үлмекен Мұхамбетқызы