Оқушыларды екі топқа бөлу

3-сынып қазақ тілі сабағы: «Баяндауыш»

Бұл сабақ сайыс түрінде ұйымдастырылады. Оқушылар ұлттық ойындардың мазмұнына сүйене отырып, тапсырмалар орындайды, білімдерін бекітеді және сөйлеу дағдыларын дамытады.

Сабақтың тақырыбы

Баяндауыш

Сабақтың түрі

Сайыс сабақ

Көрнекілігі

Электронды тақта, слайдтар.

Сабақтың мақсаты

Баяндауыш туралы түсінік беру және оның көбінесе етістіктен жасалатынын меңгерту.

Міндеттері

  • Баяндауыштың қызметі, сөйлемдегі орны, бастауышпен байланысы туралы білімдерін толықтыру.
  • Тапсырмалар арқылы ойлау, есте сақтау қабілетін, сөйлеу тілін және танымдық белсенділікті дамыту.
  • Оқушының өз бетінше әрекет етуіне, өзіне сенімді болуына ықпал ету; салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты үйренуге және құрметтеуге тәрбиелеу.

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

Оқушылар екі топқа бөлінеді. Бағалау жүйесі жетон арқылы түсіндіріледі:

5 — қызыл жетон
4 — жасыл жетон
3 — сары жетон

Топтардың таныстырылымы

  • 1-топ: «Болашақ» — «Болашақ бізден басталады.»
  • 2-топ: «Шығармашыл» — «Ізденген жетер мұратқа.»

2) Ұлттық ойындар арқылы білімді бекіту

Оқушылар қазақтың ұлттық ойындары туралы қысқаша мәлімет алып, әр ойынға байланысты тапсырмаларды орындайды.

«Теңге алу»

Жылдам сұрақтар

«Теңге алу» — ертеден келе жатқан ойын. Тегіс жерде ойналады: ақша дорбаға түйіліп, жол бойына арақашықтығы алшақ етіп қойылады. Шабандоз ат үстінде шауып келе жатып, жердегі теңгені еңкейіп іліп әкетуі керек. Бұл ойын ептілікті талап етеді.

Оқушыларға арналған шарт

Дорбаның ішінде нөмірленген «теңгелер» болады. Әр нөмірдің сұрағына дұрыс жауап берген оқушы теңгені алады.

  1. Зат есім деген не?
  2. Етістік деген не?
  3. Сөйлем мүшелері нешеге бөлінеді?
  4. Тұрлаулы мүшелер нешеге бөлінеді?
  5. Бастауыш дегеніміз не?
  6. Баяндауыш дегеніміз не?
  7. Бастауыш қандай сөз табынан жасалады?
  8. Баяндауыш қандай сөз табынан жасалады?

«Бәйге»

Жаттығу

«Бәйге» — шабандоздар белгілі бір қашықтықта жарысатын ойын. Мәреге бірінші жеткен шабандоз жеңімпаз атанады. Сәйгүлік бірнеше ай бойы бапталып, жарыста дайындығы сыналады.

Оқушыларға арналған шарт

41-жаттығуда берілген тапсырманы дұрыс әрі жылдам орындаған оқушы жеңімпаз атанады.

«Аударыспақ»

Жұптық сайыс

«Аударыспақ» — халық арасында кең тараған ойын. Атқа мінген екі ойыншы жекпе-жекке шығып, бір-бірін аттан аударып тастауға тырысады. Бұл ойын ептілік пен күшті қажет етеді.

Оқушыларға арналған шарт

Әр топтан екі оқушы шығады. Бірдей тапсырманы ең тез әрі дұрыс орындаған жұп «аударыспақ» жеңімпазы атанады.

Сергіту сәті: пантомимикалық ойын

Қимыл-қозғалыс

Оқушылар қимыл арқылы әрекетті бейнелейді:

  • Суда жүзген балықтың қимылын көрсету.
  • Домбыра тартып отырған адамның қимылын келтіру.
  • Балтамен отын жарып жатқан адамның қимылын келтіру.

3) «Арқан тарту»: сөйлемді кеңейту тапсырмасы

«Арқан тарту» ойынына жуан, ұзын арқан таңдалады. Арқанның тең ортасы орамалмен белгіленеді. Ойыншылар екі топқа бөлініп, қарсыласын өз жағына қарай тартып алуға тырысады. Қай топ қарсыласты орталық сызықтан бұрын сүйреп өткізсе, сол топ жеңеді.

Тапсырма: «Сөз санын өсір»

Екі сөзден тұратын сөйлемге мағынасына қарай сөз қосып, сөйлемді біртіндеп кеңейт. Әр нұсқадан бастауыш пен баяндауышты тап.

«Болашақ» тобы

  • Шық түсті.
  • Шөпке шық түсті.
  • Таңертең шөпке шық түсті.
  • Таңертең шөпке шық ақ моншақтай түсті.

«Шығармашыл» тобы

  • Қар жауды.
  • Алғашқы қар жауды.
  • Бүгін жапалақтап алғашқы қар жауды.
  • Қалауыңша тағы да анықтауыш, мезгіл, мекен сөздерін қосып кеңейт.

4) «Көкпар»: сурет бойынша әңгіме құрау

«Көкпар» атауы ертедегі «көк бөрі» сөзінен тараған деген түсінік бар. Кейін бұл ойын серкемен ойналатын ұлттық ойынға айналды: екі топ серкені жерден іліп алып, белгіленген межеге жеткізуге ұмтылады. Бұл ойын ұйымшылдықты талап етеді.

Тапсырма

Сурет бойынша әңгіме құра.

  • «Болашақ» тобы: «Қыс» тақырыбы.
  • «Шығармашыл» тобы: «Күз» тақырыбы.

5) «Қыз қуу»: өлең құрастыру

«Қыз қуу» ойынында қыз бұрылысты бірінші болып айналып өтуге тырысады. Егер жігіт қуып жетсе, жеңіс белгісі ретінде қыздың бетінен сүйеді; ал жете алмаса, кері қайтқанда қыз жігітті қуып жетіп, қамшымен шартты түрде «түртіп» өтеді. Бұл жарыс тапқырлық пен шапшаңдықты сынайды.

Тапсырма

Берілген үлгі бойынша өлең жолдарын толықтыр. Өз шығармашылықтарыңды көрсетіңдер.

«Болашақ» тобы

....... көңілді,
....... төгілді.
...... ашылып,
....... көрінді.

«Шығармашыл» тобы

....... көңілді,
....... оралды.
....... айнала,
........ өңірді.

Қорытынды

  • Жеңімпаз топты анықтау.
  • Марапаттау және бағалау.
  • Үй тапсырмасын беру.