Оқушы түйіні

Сабақтың тақырыбы: Шешен сөздің білгірлері

Сабақтың мақсаты

  • Шешендік сөздер арқылы оқушыларға адамгершілік пен имандылықты ғибрат ету.
  • Шешендердің сөйлеу өнерін танытып, жүйелі ой айтуға үйрету.
  • Бос сөзден жирендіріп, тапқыр әрі орынды сөйлеуге төселдіру.

Көрнекілігі

Интерактивті тақта материалдары, слайдтар және сәйкестендіру тапсырмалары.

Бағалау

Әділқазы алқасы сайланып, жұмыстар 5 балдық жүйе бойынша бағаланады.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Оқушылармен сәлемдесу, сынып тазалығын және сабаққа қажетті құрал-жабдықтардың дайындығын тексеру.

II. Кіріспе және құрылым

  1. 1Сабақтың өтілу тәртібімен таныстыру.
  2. 2Сыныпты 3 топқа бөліп, сайыс форматын түсіндіру.
  3. 3Шешендік сөздерге қатысты көрініс көрсету және әділқазыларды сайлау.

Сайыс кезеңдері

3) Шешендік сөздер

Көрініс арқылы ойды жеткізу.

4) Тапқырлық

Ой үндестігін сақтай отырып жалғастыру.

5) Сергіту сәті

Сәйкестендіру тапсырмасы (слайд арқылы).

6) Тобықтай түйін

Өлеңдегі негізгі ойды ашу, топтық қорытынды.

7) «Би және мен»

Дәстүрлі жауап пен оқушы көзқарасын салыстыру.

Қорытынды

Әділқазылар шешімі және үй тапсырмасы.

II бөлім: «Тапқырлық» — ойды жалғастыру сайысы

Бұл кезеңде оқушыларға шешендік сөздің тек бастамасы беріледі. Тапсырма — ойды өздері жалғастырып, негізгі мағынамен үндестігін сақтап аяқтау.

I топ

Бірде Абай әңгіме үстінде: «Қалқам, Әбіш, осы әлемдегі жаратылыста ақ зат асыл ма, қара зат асыл ма?» — деп сұрапты. Әбіш іркілместен: «Ақ зат асыл ғой», — дейді. «Неге қара зат асыл емес пе?» — дегенде, Әбіш күлімдеп: «Қараны қалай асыл дейсіз?» — дейді.

Сіздің ойыңыз

Осы жерден әңгімені мағынасына сай жалғастырыңыз.

II топ

Атақты Жанқұтты шешен Абайды бозбала шағында көріп, ақыл-ойын, білім-білігін, таным-өрісін сынайды: «Шырағым, дүние неге сүйенеді? Көздің көрмесі бола ма? Шам жарығының түспесі бола ма? Болат пышақтың кеспесі бола ма? Тамағына тартпайтын мақлұқат бола ма?» — деп сұрайды. Абай лезде жауап береді…

Сіздің ойыңыз

Абайдың ықтимал жауабын шешендік дәстүрге сай құрастырыңыз.

III топ

Аңыз бойынша, Әз Жәнібек ханның алпыс биі болыпты. Бір жолы хан: «Бұл дүниеде не өлмейді?» — деп сұрақ қояды. Сонда билер: «Асқар тау өлмейді, аспанда Ай мен Күн өлмейді, ағын су өлмейді, қара жер өлмейді», — деп жауап береді. Оған Жиренше дау айтады…

Сіздің ойыңыз

Жиреншенің уәжін ықшам да дәл жеткізіңіз.

III бөлім: Сергіту сәті — сәйкестендіру

Тапсырма слайд арқылы орындалады: оқушы жауап бергеннен кейін ғана дұрыс нұсқа сілтеме арқылы көрсетіледі.

Ұғымдар

  • Адамның басшысы
  • Жетекшісі
  • Шолушысы
  • Қорғаушысы
  • Сынаушысы
  • Таусылмайтыны
  • Ең қымбаттысы

Сәйкестендіру нұсқалары

сабыр халық арман ақыл ар сақтау талап ой

Түйін сөздер

Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің. Ақ тәніңнің қадірін жазалы болсаң білерсің. Бостандықтың қадірін мал кеткенде білерсің. Дәулеттің қадірін сән кеткенде білерсің. Ажардың қадірін жан кеткенде білерсің. Тіршіліктің қадірін жаралы болсаң білерсің. Аңдып жүрген дұшпанның сырын балалы болсаң білерсің.

IV бөлім: «Тобықтай түйін» — негізгі ойды табу

Өлең мәнерлеп оқылғаннан кейін, әр топ өз түсінігін ортаға салып, жырау шешендігіндегі негізгі ойды ашады.

Бұқар жыраудан үзінді

Айналасын жер жұтқан Айды батпас демеңіз.

Айнала ішсе таусылмас, көл суалмас демеңіз.

Құрсағы құшақ байлардан дәулет таймас демеңіз.

Жарлыны жарлы демеңіз, жарлы байға тең келіп, жайлауға жарыса көшпес демеңіз.

Жалғызды жалғыз демеңіз, жалғыз көпке тең келіп, бір жапанда соғысып, кегін алмас демеңіз.

Құландар ойнар қу тақыр, қурай бітпес демеңіз; қурай бітпес құба жон, құлан жортпас демеңіз.

Құрсағы жуан боз бие құлын салмас демеңіз.

Қулық туған құлаша құрсақтанбас демеңіз.

Қу таяқты кедейге дәулет бітпес демеңіз.

— Бұқар жырау

Оқушы түйіні

Әр топ өлеңдегі өзгермелі дүниені, үміт пен мүмкіндіктің кеңдігін, сондай-ақ бірлік пен қажырдың құнын дәлелдеп, негізгі ойды тұжырымдайды.

Негізгі идея

«Ештеңені мәңгі деп кесіп айтпа»

Тәрбиелік мәні

«Үміт, еңбек, табандылық»

Қоғамдық қыры

«Бірлік пен намыс»

V бөлім: «Би және мен» — дәстүрлі сөз бен бүгінгі ой

Қазыбек бидің Бұқарға берген жауабы

  1. Бір дегеніңіз — бірлігі кеткен ел жаман.
  2. Екі дегеніңіз — егесіп өткен ер жаман.
  3. Үш дегеніңіз — үш бұтақты шідерден шошынған ат жаман.
  4. Төрт дегеніңіз — төскейге шыға алмаған кәрілік жаман.
  5. Бес дегеніңіз — білікті адамнан белгілі азамат тумаған жаман.
  6. Алты дегеніңіз — аймағын билей алмаған хан жаман.
  7. Жеті дегеніңіз — жетем деген мақсатына жете алмаған жаман.
  8. Сегіз дегеніңіз — серкесіз бастаған қой жаман.
  9. Тоғыз дегеніңіз — толғаныңыз.
  10. Он дегеніңіз — өткеніңіз, о дүниеге жеткеніңіз.

Оқушы жауабы (өзінше)

  1. Бір дегеніңіз — білгеннің тілін алмаған жаман.
  2. Екі дегеніңіз — ел қадірін білмеген жаман.
  3. Үш дегеніңіз — үмітті ақтамаған жаман.
  4. Төрт дегеніңіз — тілазарлықты серік еткен жаман.
  5. Бес дегеніңіз — белсенділік.
  6. Алты дегеніңіз — ата-ананы сыйламаған жаман.
  7. Жеті дегеніңіз — жетесіздікке бой алдырған жаман.
  8. Сегіз дегеніңіз — серттен тайған жаман.
  9. Тоғыз дегеніңіз — тәрбиеге көнбеген жаман.
  10. Он дегеніңіз — олақтық, ой мен іске салақтық.

Қорытынды

Әділқазылар шешімі

Топтардың жұмысы қорытындыланып, бағалар жарияланады.

Үй тапсырмасы

«Бабалар сөзі — ақылдың көзі» тақырыбында ойтолғау жазу.