Киіз үйдің қаңқасын ата

5-сыныпқа арналған сабақ жоспары

Бұл сабақта оқушылар киіз үйдің құрылымы мен мәнін танып, қазақтың сәндік-қолданбалы өнеріндегі ұлттық бұйымдардың түрлерін ажыратып, киіз үйді қағаз бетіне сауатты бейнелеуді үйренеді.

Сабақтың тақырыбы

Киіз үйді бейнелеу

Сабақтың типі

Жаңа материалды меңгерту

Сабақтың әдістері

Сұрақ-жауап, әңгіме, бейнелеу

Сабақтың мақсаты

Қазақтың сәндік-қолданбалы өнерінің түрлері және «қазақтың шағын мұражайы» атанған киіз үй туралы толық түсінік беру.

Міндеттері

  • Білімділік: өз бетінше меңгерген білімін тереңдету.
  • Дамытушылық: өнер мен уақыт талаптарын ұштастыруға машықтандыру, оқушылардың ой-өрісін және елестету қабілетін дамыту.
  • Тәрбиелік: ұлттық өнерге қызығушылықты арттыру, әсемдікке баулу, жұмысты эстетикалық тұрғыдан ұқыпты орындауға тәрбиелеу.

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушыларды түгелдеу.
  • Сабаққа дайындықтарын бақылау.

2) Өткен сабақты еске түсіру (сұрақ-жауап)

  1. Өнер дегеніміз не?
  2. Өнер қандай түрлерге бөлінеді?
  3. Зергер деп кімді айтамыз? Зергерлік бұйымдарды ата.

3) Жаңа тақырыпты түсіндіру

Киіз үй — ата-бабамыздың негізгі баспанасы. Халық даналығы мұны: «Атамыз — Алаш, керегеміз — ағаш, киіз туырлықты, ағаш уықты қазақпыз» деп бейнелі түрде жеткізген.

Киіз үй тек қазақ халқына ғана емес, бүкіл түркі жұртына және көршілес елдерге де ортақ тұрақ-мекен болған. Дегенмен оның қадір-қасиетін сақтап, ғасырдан ғасырға мән-маңызын өзгертпей жеткізген халық ретінде қазақ елі әрдайым мақтанышпен аталады.

Тарихи мәні

Киіз үйдің шығу тарихы біздің заманымызға дейінгі ғасырларға барып тіреледі. Қазақ халқы оны қасиетті, киелі қара шаңырақ деп дәріптеген.

Тұрмыстық қолайлылығы

Тез жығылып, тез тігіледі; түйе мен атқа артып оңай көшіріледі. Киіз туырлықтары мен үзіктері жауыннан қорғайды.

Төтенше жағдайдағы пайдасы

Киіз үйлер кей кездері жер сілкінісі болған өңірлерге көмек ретінде де жіберілген. Бүгінде ауылдық аймақтарда жазғы баспана ретінде кең қолданылады.

«Шағын мұражай» ұғымы

Киіз үйді «қазақ халқының шағын мұражайы» деуі бекер емес: ұлттық бұйымдардың көпшілігін киіз үй ішінен көруге болады. Ш. Уәлихановтың айтуынша, XII–XIII ғасырлардағы Алтын Орда, Ақ Орда, Көк Орда атауларының өзі киіз үймен байланысты.

Ұлттық бұйымдар

Тұс киіз, текемет, сырмақ, қоржын, алаша, аяққап, тұтқыш.

Ағаш бұйымдары

Сандық, кебеже, адалбақан.

Зергерлік бұйымдар

Сырға, білезік, сақина, бойтұмар және т.б.

Өнер туралы ой

Қазақ халқы «Өнер — өмірдің өзіндей мәңгілік» деп бекер айтпаған: өнер өмірмен бірге ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Қазақстанның тұңғыш әрі атақты суретшісі Әбілхан Қастеев:

«Өнерді қайдан үйрендің?» деген сауалға: Таудың бұлағынан, Қойдың құлағынан, Апамның киізінен, Ешкінің мүйізінен деп жауап берген.

«Апамның киізінен» деген сөзге зер салсақ, киіз үй мен киіз бұйымдарының тұрмыс пен өнердегі орнын тереңірек түсінеміз. Киіз үй туралы толық мағлұмат алып, оны өзіміз бейнелеп үйренсек, оқушылардың ішінен де өнерлі жандар шығарына сенім мол.

Киіз үйдің негізгі бөліктері

  • Кереге
  • Уық
  • Шаңырақ
  • Сықырлауық (есігі)

Есіктің құрылысы (Сықырлауық)

  1. Маңдайша
  2. Босаға
  3. Сықырлауық
  4. Жақтау
  5. Табалдырық

Киіз үйдің жабулары

Киіз үй құрылғаннан кейін оның киіз жабулары жабылады. Жабуы негізінен төрт түрден тұрады:

Туырлық

Керегені жабады.

Үзік

Уықтарды жабады (бірнеше үзіктен тұрады).

Түндік

Шаңырақты жабады.

Киіз есік

Сықырлауықтың үстіне жабылады.

Киіз үйдің сырты ою-өрнектермен әшекейленеді.

Оқушылармен жұмыс

Енді киіз үйдің сыртқы көрінісін қағаз бетіне сауатты бейнелеуді үйренеміз. Киіз үйдің пішіні шеңбер тәріздес, ал төбесі күмбез тәріздес екеніне назар аударамыз.

Ой қозғау: жұмбақ

Қаз қанатын жайды,
Үйрек мойнын созды,
Төбесіне аққу қонды.

(Қаз — ? Үйрек — ? Аққу — ?)

Сабақты қорытындылау

  1. Киіз үйді кімдер пайдаланған?
  2. Киіз үйдің қасиеті қандай?
  3. Киіз үйдің қаңқасын ата.
  4. Киіз үйдің жабулары қалай аталады?
  5. Шаңырақ дегеніміз не?
  6. Шаңырақ мемлекеттік қай рәмізде бейнеленген?
  7. Киіз үйдің есігі қалай аталады?

Бағалау

Оқушылардың салған жұмыстарын тексеріп, талдау жасалады: жетістіктері атап өтіліп, кемшіліктері бойынша нақты ұсыныстар беріледі. Соңында орындалған жұмыс бағаланады.

Үй тапсырмасы

Наурыз мерекесі туралы сурет салу.