Шебер қолдар сайысы
«Қыз өссе — елдің көркі» ертеңгілігі
Бұл ертеңгілік Көктем мерекесіне орай мектепалды даярлық тобындағы қыздар арасында ұйымдастырылған «Қыз өссе — елдің көркі» атты қыз сыны сайысы. Іс-шараның мазмұны қыз баланы әдептілікке, әсемдікке, инабаттылыққа, сыпайылыққа тәрбиелеуді; ата-баба дәстүрін танып-білуді; үлкенге ізет, кішіге ілтипат көрсете білуді; ана мен қыз арасындағы сыйластықты арттыруды көздейді. Сонымен қатар қатысушылардың ақыл-парасаты, талғампаздығы, тапқырлығы мен шеберлігі бағаланып, сайыс жеңімпазы анықталады.
Жүргізушінің құттықтауы
Аяулы аналар, апайлар, 8 Наурыз мерекелеріңіз құтты болсын! Көктемнің шуақты күндеріндей, сан алуан гүлдеріндей құлпырып, жайнап жүре беріңіздер! Жүздеріңізден шаттық, көңілдеріңізден қуаныш арылмасын!
Құрметті қонақтар, бүгін сіздерді мектепалды даярлық тобындағы қыздар арасындағы «Қыз өссе — елдің көркі» атты қыз сыны сайысын тамашалауға шақырамыз.
Сайыс бағдарламасы (5 бөлім)
- 1 «Тегін білу — тектілік»: өзін таныстыру.
- 2 «Анасын көріп, қызын ал»: өнерін көрсету.
- 3 «Шебер қолдар»: түс киіз жасау.
- 4 «Қыздарға әсемдік жарасады»: сән киім үлгілерін көрсету.
- 5 «Қонақжайлық — ата дәстүріміз»: үйден көктем салатын (мерекелік салат) жасап әкелу және таныстыру.
Әділ-қазылар мен қатысушыларды таныстыру
Әділ-қазылар алқасы
Бүгінгі сайыстың әділ бағасын беріп, жеңімпазды анықтайтын әділ-қазылар алқасымен таныстырылды.
Әділ-қазы береді өздеріңе билікті,
Өнерде кім жеңеді — сол алады сыйлықты.
Аруларды қарсы алу
Қатысушылардың өнерге дайындығы мен мерекелік көңіл күйін айқындайтын сәтте арулар баяу әуенмен ортаға шығып, көрермен қошеметіне бөленді.
Балғын жүзі албырап, қанатын жаңа қаққан,
Қарсы алайық аруларды — сайысқа дайын тұрған.
Аталы бата
Жүргізуші сайысты бастамас бұрын ауылдың әжесінен аталы бата сұрап, көпшілікке ізгі тілек жолдады.
Әже батасы
Ақ Құдайым оңдасын,
Оң жолына бастасын.
Бүгінгі мына сайыста
Еліңе ұнар ару бол,
Халқың сүйер аққу бол!
Әумин!
Сайыс кезеңдері
1) «Тегін білу — тектілік»: өзін таныстыру
Қымбатты арулар бірінші кезеңде өздерін таныстырып, тегі мен тәрбиесіне сай болмысын көрсетті. Қыздар келесі шартқа дайындалғанша, көрермендерге ұлдардың «Жігіттер биі» ұсынылды.
Ана туралы өлең шумақтары
Сегізінші наурыз күнін
Мейрамдайды аналар.
Аналардың шаттығын
Құттықтайды балалар.
Құтты болсын, ардақты анам,
Асыл анам, мерекең!
Құтты болсын теңдік алған
Қуанышты мерекең!
Мұратым, мүддем, мақсатым —
Жақсы күн мен жақсы түн.
Нағыз бақыт — ананың
Ақтау дер ем ақ сүтін.
Теңдесі жоқ данасың,
Арқа сүйер панасың.
Еңбегіңді ақтаймын,
Аман болшы, анашым.
Менің әжем — бұл әже,
Айтқан сөзі дәл әжем.
Аман болса, көреді
Қызығымды әлі әжем.
Баланың да тірегі,
Даланың да тірегі.
Шаншымасын ешқашан
Аналардың жүрегі.
Бәріңіз де анасыз,
Біз үшін күн боп жанасыз.
Құтты болсын мейрамың,
Құттықтаймын, анашым.
2) «Анасын көріп, қызын ал»: өнерін көрсету
Бұл кезеңде арулар мың бұралған биімен, тамылжыған әнімен ортаға шығып, өз өнерін паш етті.
3) «Шебер қолдар»: түс киіз жасау
Қыздар қазақтың қолөнеріне тән бұйым — түс киізді құрастырып, жабыстырып жасады. Қатысушылар іске кіріскен сәтте көрермендерге ұлдар тобының «Қара жорға» биі ұсынылды. Жұмыстар аяқталған соң, туындылар әділ-қазылар назарына қойылды.
Үзіліс барысында «Кішкентайдан мені» әні орындалды.
4) «Қыздарға әсемдік жарасады»: сән үлгісі
Бұл кезеңде арулардың талғамы мен жинақылығын айқындайтын сәнді киім үлгілері көрсетіліп, сахнаға жарасымды жүріс пен жарасым үйлесімі бағаланды.
5) «Қонақжайлық — ата дәстүріміз»: дастарқан дәмі
«Ас қадірін білмеген — аштан өлер, ат қадірін білмеген — жаяу қалар» дегендей, соңғы кезең қонақжайлық дәстүріне арналды. Аналар мен қыздардың алтын қолымен үйде әзірленген мерекелік салаттар ұсынылып, әр ару өз тағамын таныстырды.
Көрермендерге даярлық тобының орындауында «Айналайын, ана» әні тарту етілді.
Қорытынды және марапаттау
Қорытынды сөз әділ-қазылар алқасына беріліп, сайыс нәтижелері жарияланды. Қатысушы арулар түрлі номинациялар бойынша марапатталды.
Жүргізушінің қорытынды сөзі
Аналар, қалқып бақыт аралында,
Лайым мұң қонбасын жанарыңа.
Осымен ертеңгілігімізді аяқтайық,
Гүл бітсін бәріміздің қадамымызға.
Ардақты аналар, апалар, мерекелеріңіз құтты болсын!