Кешегі дәурен баста тұрған шақта, Мұны кім етуші еді жан деп есеп

Ахмет Байтұрсынов

Қартайып, Арыстанның әлі кетті,
Айбынды жұрт қорқатын сәні кетті.
Бетіне жан келмейтін уақыттар
Артына бір қарамай, бәрі кетті.
Аяқта дәрмен қалды жүрерлік - ақ,
Тым қарттық жас емес қой көрерлік - ақ.
Тіс түсіп, тырнақ мұқап, қайрат кетіп,
Жайы бар тыныш жатып өлерлік - ақ.
Тынышына қоймады оны өзге аңдар,
Бата алмай, сені ме? деп жүрген жандар.
Анау да, мынау да өшін алып жатыр
Қашаннан Арыстанда кегі барлар.
Ат тепті, Қасқыр қапты етін үзіп,
Біресе жаралады Өгіз сүзіп.
Қинады әркім келіп білгенінше,
Арыстан үн шығармай жатты төзіп.
Ыңыранып жатыр еді өлейін деп,
Қасына Есек келді көрейін деп.
Артықша жанға батар жерін таңдап,
О да тұр Арыстанды тебейін деп.
Я, Раббым, - сол уақытта деді Арыстан,
Мен түгіл, үркуші еді Ат қамыстан.
Бұл Өгіз, мынау Қасқыр тимек түгіл,
Зәресі ұшушы еді, көрсе алыстан.
Дариға, ол заманның бәрі өтті,
Кәрілік деген бәле келіп жетті.
Тіс түсіп, тырнақ мұқап, әл кеткен соң,
Сорыма бәрі мұның ер боп кетті.
Төбем деп келіп тұрған мынау
Есек, Аяқта жатушы еді болып төсек.
Кешегі дәурен баста тұрған шақта,
Мұны кім етуші еді жан деп есеп.
Көп шығар, жоқ демеймін, кінәм менің,
Ризамын бақ, бәлеңе бірдей сенің.
Тұяғын сол жаманның тигізбей ал,
Қорлықтан мұнан көрген, жеңіл өлім!
Аталған бірдей емес осы аңдар,
Ішінде жақсы, жаман, осалы бар.
Арыстан, Жылқы, Өгіз, Есекке ұқсас,
Ойласақ, табылмай ма неше адамдар?
Ерлер бар заманында дәурен сүрген,
Дұшпанын ерегіскен жалғыз бүрген.
Қартайған Арыстандай әлі кетіп,
Қаруы бұл уақытта азып жүрген.
Бақ қонса, сыйлар Алаш ағайын да,
Келе алмас жаман батып маңайыңа.
Басыңнан бақыт құсы ұшқан күні
Құл - құтан басынады малайың да.
Ахмет Байтұрсынұлының өлеңдері, өмірбаяны



Ұқсас жұмыстар

Қобдабай Қабдыразақұлы
Ежелгі дәуір әдебиеті
Ақындық даралық Ж. Әбдірашев, Т. Медетбек лирикалары негізінде
Қабдеш Жұмаділов және қазіргі роман жанры
Ақ боз үй трилогиясындағы тарихи шындық
Қазақ поэзиясының ұлттық сипаты
Қазіргі қазақ поэзиясының даму барысы
ЕТІСТІКТІҢ АНАЛИТИКАЛЫҚ ФОРМАНТТАРЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЖӘНЕ МАҒЫНАЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
СОЛТҮСТІК ӨҢІРІНІҢ АҚЫН-ЖЫРАУЛАР ӨЛЕҢДЕРІНІҢ ТІЛДІК- КӨРКЕМДІК ҚЫРЛАРЫ
Фариза Оңғарсынованың поэзиясы мен поэтикасы
Аурудың тұрақтылығы және даму себебі
МЫҢЗЫҚҰЛЫ ЕДІЛ ҚАҒАН
ҚР қоғамдық жаңа даму кезеңінде жоғары білім беру
Коммерциялық ақпарат пен коммерциялық кұпия мәні және оны қорғау
Жазаның жүйелерінің және түрлерінің жалпы сипаттамасы
Аудиттің мәні және оның нарықтық экономика жағдайындағы ролі
Адамдар арасындағы қарым-қатынас және іс-әрекет психологиясы
Жиынтық сұраныс және жиынтық ұсыныс,бұлардың кейнстік үлгісі
Агробизнес және агроөнеркәсіп интеграциясының арасындағы байланыс
Оқытудың жаңа технологиясын пайдалану