Оқушыларды Оңтүстік Американың саяси картасымен таныстыру

География • 7-сынып

Сабақ жоспары: Оңтүстік Американың халқы және елдері (слайд арқылы)

Сабақ түрі

Жаңа тақырыпты бекіту сабағы.

Сабақ типі

Аралас сабақ.

Оқыту әдістері

  • Көрнекілікті-түсіндірмелі әдіс
  • Сын тұрғысынан ойлау технологиясының элементтері

Сабақтың мақсаттары

Білімдік

Материк халқының қалыптасуын, байырғы халық — үндістердің тарихын, халықтың әркелкі орналасу себептерін түсіндіру.

Дамытушылық

Білім-білік дағдыларын тиянақтау, карта және дерекпен жұмыс істеу қабілетін дамыту.

Тәрбиелік

Оқушыларды Оңтүстік Американың саяси картасымен таныстыру арқылы танымдық қызығушылықты арттыру.

Көрнекіліктер

  • Оңтүстік Американың физикалық картасы
  • Атлас картасы және кескін карта
  • Слайдтар, сызбалар
  • Интерактивті тақта

Сабақ құрылымы

  1. I. Ұйымдастыру кезеңі

    Оқушыларды түгендеу, сабаққа назар аударту.

  2. II. Үй тапсырмасын сұрау

    • Табиғат зоналары бойынша кестені толтыру
    • «Ойландырған сұрақтар» ойыны (12 сұрақ)
  3. III. Жаңа тақырыпты түсіндіру

    Мағынаны тану: слайд арқылы тақырыпты жоспар бойынша түсіндіру.

  4. IV. Бекіту

    • Кескін картамен жұмыс
    • Сызба-кестемен жұмыс
  5. V. Қорытындылау

    Оқушы еңбегін бағалау, үй тапсырмасын беру.

Мағынаны тану: Оңтүстік Американың халқы мен елдері

Бүгінгі сабақта Оңтүстік Американың халқы мен елдерін қарастырамыз. Тақырып мына жоспар бойынша түсіндіріледі:

1) Халқы 2) Елдері 3) Анд елдері 4) Шығыстағы жазық елдер 5) Бразилия

1) Халқы

Оңтүстік Америкада қазіргі кезде 391 миллионнан астам адам тұрады. Халықтың қалыптасуы, нәсілдік және ұлттық құрамы жағынан материк аса алуан түрлі.

Алғашқы қоныстану

Адамдар материкке шамамен 15–17 мың жыл бұрын Панама мойнағы арқылы Солтүстік Америкадан қоныс аударған. Сондай-ақ Африка мен Мұхит аралдарынан келуі мүмкін деген болжам да бар.

Байырғы халық

Материктің байырғы халқы — үндістер. Қазіргі таңда олар жалпы халықтың шамамен 10%-ын ғана құрайды.

Инктер өркениеті: қоғам, мәдениет, тәртіп

Христофор Колумб Америка құрлығын ашқанға дейін үндістер рулық-тайпалық қоғамдық құрылыста өмір сүріп, аңшылықпен және балық аулаумен айналысқан. Ал Анд тауларын мекендеген үндістер дамудың жоғары деңгейіне көтеріліп, Инктер империясын құрған.

Инктер биік таулы өңірдегі егіншілікті жоғары дәрежеде дамытты. Олардың жазу-сызу дәстүрі, бейнелеу өнері, алтын мен күмістен, асыл тастардан жасалған әшекей бұйымдары мәдениетінің жоғары болғанын дәлелдейді.

Инктер қоғамындағы басты қағидалар

  • Ұрлық, жалқаулық, өтірік айтуға жол берілмеген
  • Үлкенді сыйлау, құрметтеу, қамқорлық көрсету ерекше бағаланған
  • Еңбекке жарамсыз және қарт адамдарға жәрдемақы төлеу алғаш рет осы қоғамда жүзеге асқан

XVI ғасырдан бастап еуропалық басқыншылардың жаппай келуі мен озбырлық әрекеттері нәтижесінде инктер өркениеті күйреді. Ұлттық ерекшеліктерін сақтаған инктер ұрпақтары бүгінгі таңда Амазонияның ну ормандары мен Андтың биік бөліктерінде тұрады.

Метистер

Еуропалықтар мен үндістер арасындағы некеден тараған ұрпақтар. Қазіргі кезде Анд елдеріндегі негізгі халықтың маңызды бөлігін құрайды.

Мулаттар және самбо

XVI ғасырдан бастап Африкадан миллиондаған құлдар әкелінді. Еуропалықтармен некеден — мулаттар, үндістермен некеден — самбо қалыптасты.

Креолдар

XIX ғасырда, әсіресе материктің оңтүстік-шығысына Испания мен Португалиядан қоныс аударғандардың ұрпақтары өздерін креолдар деп атаған.

Тіл және қоныстану ерекшелігі

Халықтың басым бөлігі латын тілдеріне жататын испан және португал тілдерінде сөйлейді. Сондықтан Оңтүстік Америка Орталық Америкамен бірге жиі Латын Америкасы деп аталады.

Оңтүстік Америка — халық сирек қоныстанған материктердің бірі. Табиғат жағдайлары әркелкі болғандықтан халық тығыздығы да біркелкі емес: табиғаты қолайлы әрі маңызды теңіз жолдары өтетін жағалауларда халық жиі шоғырланған.

Материкте тұрғындар саны 1 миллионнан асатын 20-дан аса миллионер қала бар.

2) Елдері

Оңтүстік Американың қазіргі саяси картасы тәуелсіздік үшін ұзаққа созылған күрестің нәтижесінде қалыптасты. XIX ғасырдың басында құл иеленушілік жойылғаннан кейін Еуропа елдері өз иеліктеріндегі жерлерге азаттық беруге мәжбүр болды. Қазіргі мемлекеттер шекараларының қалыптасуы XX ғасырда ғана толық аяқталды.

Табиғат жағдайларына байланысты материк елдері Анд елдері және шығыстағы жазық елдер болып айқын ажыратылады.

3) Анд елдері

Анд елдеріне Колумбия, Эквадор, Перу, Боливия, Чили жатады. Әр елдің табиғи жағдайы мен ресурстық әлеуетіне байланысты өзіндік ерекшеліктері бар.

Колумбия

Атақты саяхатшы есімімен аталған бұл елде алтын мен асыл тастардың, әсіресе жақұттардың қоры мол. Астанасы Богота қаласындағы Мемлекеттік алтын мұражайында 25 мың көне алтын бұйым сақталған.

Эквадор

Экватор сызығы кесіп өтетін Эквадорда 30 әрекет етуші жанартау бар.

Перу

Инктер мәдениетінің ескерткіштері жақсы сақталғандықтан, Перу «ежелгі өркениет елі» әрі «Оңтүстік Американың археологиялық мұражайы» деп те аталады. Мұнда биік таулы Титикака көлі орналасқан. Ел аумағының шамамен 60%-ын ормандар алып жатыр, ал Тынық мұхиты жағалауы балыққа бай.

Боливия

Ел атауы азаттық үшін күрескен Симон Боливардың құрметіне қойылған. Астанасы Ла-Пас — теңіз деңгейінен ең биік орналасқан қалалардың бірі (3630 м). Ылғалды тропиктік ормандарында сүрегі қатты ағаштардың 2000-нан астам түрі өседі.

Чили

Материктің ең оңтүстігіндегі Анд елі — Чили. Ол дүние жүзіндегі ең ұзын ел ретінде белгілі. Мұндағы Атакама шөлінің ұзындығы 1000 км-ден асады. Оңтүстік жағалауы қатты тілімденген, апатты жер сілкінулер жиі қайталанады.

4) Шығыстағы жазық елдер

Шығыстағы жазық елдеріне Венесуэла, Гайана, Суринам, Бразилия, Парагвай, Уругвай, Аргентина және Франция иелігіндегі Француз Гвианасы жатады.

Осы аймақтағы ең ірі және халқы ең көп мемлекет — Бразилия. Оның аумағында Оңтүстік Америкаға тән табиғи және шаруашылық ерекшеліктердің көбі көрініс табады.

5) Бразилия

Ел туралы қысқаша

  • Ауданы мен халқы бойынша әлемдегі ең ірі 5 елдің қатарында
  • 22 штаттан тұратын федерациялық республика
  • Материктегі ең жоғары дамыған ел

Жер бедері және су желісі

  • Амазония ойпаты және Бразилия таулы үстірті
  • Әлемдегі ең мол сулы өзен — Амазонка
  • Шоңғалды-сарқырамалы өзендер гидроэнергияға бай

Пайдалы қазбалар

  • Темір кені, түсті металдар
  • Мұнай және табиғи газ
  • Алмас, уран

Табиғат зоналары мен өсімдік әлемі

Табиғат зоналары Амазониядағы ылғалды тропиктік ормандардан басталып, Бразилия таулы үстіртінің солтүстік-шығысында тікенекті бұталы саваннаға ауысады. Ормандарында Бразилия араукариясы, балауыз пальмасы, кебрачо, гевея, парагвай шайы сияқты бағалы өсімдіктер өседі.

Шаруашылық және өнеркәсіп

Табиғат қорларының молдығы Бразилия шаруашылығын дамытуға қолайлы жағдай жасайды. Амазония арқылы өтетін Трансамазонка тас жолының маңызы зор.

Өнеркәсіп

  • Тау-кен өндірісі
  • Қара және түсті металлургия
  • Машина жасау
  • Қант құрағынан алынатын этил спиртімен жүретін көліктер өндірісі

Ауыл шаруашылығы

  • Саванна мен пампада ірі қара өсіру
  • Плантациялар: кофе, какао, қант құрағы
  • Күріш, соя, банан, апельсин
  • Кейбір өнімдер бойынша әлемдегі алдыңғы орындар

Халық құрамы және ірі қалалар

Бразилия халқының нәсілдік және ұлттық құрамы күрделі. Үндістер мен метистердің көпшілігі елдің солтүстігі мен батысында тұрады. Саны жағынан еуропалықтар басым, сондай-ақ мулаттар мен негрлер де көп. Ел халқы жыл сайын шамамен 3 млн адамға артып отырады.

Халықтың басым бөлігі жағалаудағы ірі портты қалаларда шоғырланған. Рио-де-Жанейро мен Сан-Паулу — әлемдегі ең үлкен әрі көрікті қалалардың қатарында.

Бекіту тапсырмалары

  1. Кескін картаға Оңтүстік Америка материгіндегі мемлекеттердің шекараларын түсіріңдер.
  2. Атлас картасын пайдаланып, сызба-кестені толтырыңдар.

Қорытындылау, бағалау және үй тапсырмасы

Бағалау

Оқушылардың сабақ барысындағы жұмысы қорытындыланып, белсенділігі мен тапсырмаларды орындауына қарай бағаланады.

Үй тапсырмасы

  • §43 «Халқы және елдері» тақырыбын оқу
  • Реферат жазу (таңдау бойынша):
  • 1) «Амазонка кереметтері»
  • 2) «Анхель сарқырамасы»