Киіз үйдің жасалуы, тұрмыста қолданылуы туралы мәлімет беру
Сабақ туралы қысқаша мәлімет
Тақырыбы
Киіз үй (презентациямен)
Сабақтың түрі
Жаңа сабақты меңгеру
Сабақтың әдістері
- СТО элементтері
- Сұрақ-жауап
- Тапсырмалар
Ұйымдастыру формасы
Топпен жұмыс
Пәнаралық байланыс
Тарих, әдебиет
Көрнекіліктер
Суреттер, интерактивті тақта, тірек сызбалар
Сабақтың мақсаты
Білімділік
Киіз үйдің жасалуы мен тұрмыста қолданылуы туралы мәлімет беру. Киіз үйге қатысты түсінік-ұғымдарды кеңейтіп, білімді тереңдету.
Дамытушылық
Мәтінмен жұмыс арқылы тілдік қорды дамыту, сауатты жазу дағдысын қалыптастыру.
Тәрбиелік
Ұлттық мәдениетті құрметтеуге, ұлттық құндылықтарды сақтауға тәрбиелеу.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушылармен амандасу.
- Оқушыларды түгендеу.
II. Жаңа сабаққа кіріспе
1) Тренинг: «Жүректен шыққан жылы сөз»
Оқушылар бір-біріне жылы сөз айтып, жаңа сабақты меңгеру барысында жақсы көңіл күй қалыптастыруға тілек білдіреді.
Нұсқау: «Балалар, қазақта “Жылы сөз жанға қуат береді” деген сөз бар. Ендеше бүгін сабағымызды бастамас бұрын бір-бірімізге жылы сөз айтып, күнге жақсы тілек білдірейік».
2) Ой қозғау
Сынып үш топқа бөлінеді. Әр топқа төмендегі сұрақ қойылады:
«Шаңырағың биік, керегең кең болсын» деген сөзді қалай түсінесіңдер?
III. Жаңа сабақты меңгеру
1) Бейнемәлімет
Оқушыларға киіз үй туралы бейнемәлімет көрсетіледі. Мақсат — негізгі ұғымдарды көзбен көріп, түсінікті нақтылау.
2) ДЖИГСО әдісі арқылы мәтінмен жұмыс
Оқушылар түстер бойынша топтасады: қызыл, жасыл, көк. Әр түске мәтіннің бір бөлігі беріледі. Мәтінді оқып болған соң, оқушылар бастапқы орындарына оралып, топ мүшелеріне мазмұнын түсіндіреді.
I топ мәтіні
Қаңқа бөліктеріКиіз үйдің негізгі қаңқалары: кереге, уық, шаңырақ, сықырлауық. Бұларды киіз үйдің сүйектері дейді.
Киіз үйді тігу оңай емес. Алдымен керегені жаяды. Керегенің биіктігі шамамен екі метр болады. Керегенің әр бөлігін қанат деп атайды. Қанат саны үй көлеміне қарай көбейеді: киіз үй төрт, алты, сегіз, он екі қанатты болуы мүмкін.
Одан кейін бақанмен шаңырақты көтереді. Бақан — шаңырақты көтеруге арналған ашалы ағаш. Содан соң уықтар шаншылады.
Шаңырақтан кейін ерекше қастерленетін бөлік — босаға. Ол табалдырық пен маңдайшадан тұрады. Оған сықырлауық орнатылады.
Сықырлауық — киіз үйдің сәнді, әшекейленіп жасалатын есігі. Ол екі таянышқа ілмек арқылы ұстасады. Ашып-жапқанда сықырлап тұратындықтан, сықырлауық деп аталады.
II топ мәтіні
Киіз жабындарыОдан кейін үйдің киізі жабылады. Киіздің төрт түрі бар: туырлық, үзік, түндік, киіз есік. Олар қойдың ақ күзем жүнінен басылады.
Туырлықтары мен үзіктерінен жауын өтпейді. Ертеректе қазақта қой көп болғандықтан, киіз үйге қажетті материал жеткілікті болған.
Киіздер құр мен баулар арқылы тұтылады. Олар: туырлық-бау, түндікбау, үзікбау, желбау.
Туырлық-бау мен үзікбаулар кестелі, оюлы жалпақ құрдан жасалып, үйге көрік береді.
Киіз үйдің бір бөлшегі — ши. Ол жүнмен оралып, кілем мен текемет түстеріндей оюлармен безендіріліп тоқылады. Ши кереге мен туырлықтың арасына тұтылады: әрі әсемдік береді, әрі жылылықты арттырады. Сондай-ақ ши тұрған кезде сырттан жәндіктердің кіруі қиын болады.
III топ мәтіні
Киіз үй түрлеріКиіз үй маңызы мен көлеміне қарай бірнеше түрге бөлінеді:
-
Орда — салтанатты, мәртебелі адамдар бас қосатын, хан, би, сұлтандар отыратын үй.
-
Алтын орда — 30 қанаттан тұратын ханның мәжіліс ордасы.
-
Ақ ала орда — 8 қанатты дәулетті байдың үйі.
-
Ақ үй — 6 қанатты дәулетті адамдар тұратын үй.
-
Боз үй, қоңыр үй, қараша үй — 4–5 қанатты қарапайым адамдар тұратын үй.
-
Отау үй — жас жұбайлардың үйі.
-
Жолым үй, абылайша үй, жаппа — уақытша тігілетін шағын немесе жартылай тігілетін үй.
-
Ақ шаңқан үй — сүттей ақ, аппақ киіз үй.
-
Ұраңқай — уық тәрізді сидаң ағаштардың басын түйістіріп тігілетін киіз үй.
3) Тақырып пен жоспар құрастыру
Оқушылар оқылған мәтіндерге тақырып қояды. Нәтижесінде сабақтың тақырыбы анықталып, мәтін жоспары құрастырылады.
Сабақтың тақырыбы
Киіз үй
Мәтіннің жоспары
- Киіз үйдің бөліктері
- Үйдің киіз қаптаулары
- Киіз үйдің түрлері
4) Бағалау
Оқушылар өзара бағалау жүргізеді: 1-топ 2-топты, 2-топ 3-топты, 3-топ 1-топты бағалайды.
Қорытынды: бүгін біз сабақтың тақырыбын анықтап, мәтін мазмұнын талқылап, киіз үй туралы маңызды мәліметтермен таныстық.