Армысыздар құрметті қонақтар, ұстаздар мен оқушылар

Еске алу кешінің мәтіні

Ел маңдайындағы ерен жұлдыз — Еңбек Ері Зылиха

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ұйымдастырылған бұл кеш қазақ халқының мақтанышы, қоғам қайраткері, ауыл шаруашылығы өндірісінің білгір жетекшісі — Зылиха Жанболатқызы Тамшыбаева есіміне тағзым етуге арналған.

Негізгі ой

Ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, кемеңгер тұлғаның өмір жолын терең түсіну, өнегесін дәріптеу, рухани сабақтастықты бекемдеу.

Сенім

Зылиха Тамшыбаеваның өмірі мен еңбегі жас ұрпаққа жарқын үлгі болып, тарихта мәңгі қалады; өскелең ұрпақ оның өнегелі жолын жалғастырады.

Тұлға туралы тағылым

Зылиха апа — еліміздің, Жетісудың мақтанышы, еңбек майданындағы ұлағатты ұстаз. Ол қаршадай күнінен бастап еңбекке араласып, бар ғұмырын туған жерін көркейтуге, ауыл тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға арнады.

Бүгін — сол алып тұлғаның аңызға айналған жетістігі мен қажырлы еңбегін еске алып, биік болмысына құрмет білдіретін мәнді сәт.

Бағдарламадағы бөлім

Ауыл шаруашылығы саласының шебер көшбасшысы атанған Зылиха Тамшыбаеваның өмірбаянын 5-сынып оқушысы таныстырады (слайд көрсетіледі).

Музыкалық нөмір

«Жетісу жұлдызы» әні орындалады (әні мен сөзі — Темірбек Мизамбекұлы).

Марапаттар мен қоғамдық қызмет

Зылиха Жанболатқызы Тамшыбаева 1981 жылы ауыл шаруашылығындағы айрықша әрі жемісті еңбегі үшін Социалистік Еңбек Ері жоғары атағына ие болды.

  • Екі мәрте Ленин орденінің кавалері.
  • Октябрь Революциясы, Еңбек Қызыл Ту ордендерінің иегері.
  • «Парасат» және «Құрмет» ордендерімен марапатталған.
  • Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері.
  • Кеңес Одағы және Қазақстан Компартиясының бірнеше съезіне делегат.
  • Республика Жоғарғы Кеңесінің төрт мәрте депутаты болып сайланған.

Бұл — ел тарихында сақталған мұрағат қана емес, еңбегімен елге сыйлы болған тұлғаға көрсетілген зор құрметтің айғағы.

Шығармашылық мұра және әдеби монтаж

Зылиха Тамшыбаева өз өмірі туралы тәлім-тәрбиесі мол «Жер туралы жыр» кітабын жазды. Шығармада аяулы ананың, ардақты жанның ғұмыр жолы бейнеленіп, оқырманға үлгі-өнегенің шуағын төгеді.

Келесі бөлімде мектеп оқушыларының орындауындағы әдеби монтаж ұсынылады (өлеңдер мен арнаулар оқылады).

Еліміздің гүл-қызы, Жетісуда жағалай жасыл желек,
Қалаларын көркейткен биік терек.
Көк аспанға өзен-тау ұялайық боп,
Туған жердің әркімге орны бөлек.

Еліміздің гүл-қызы,
Маңдайдағы жұлдызы.
Көре берші қызығын,
Бақытты боп ұл-қызың.

Өнердегі бейне және ақындардың лебізі

Зылиха Жанболатқызының ғажап тұлғасы қазақ қыздарына өшпес өнеге боларлық прототип ретінде бірнеше туындыда айқын көрініс тапқан: Қуандық Шаңғытбаев пен Қанабек Байсейітовтің «Беу, қыздар-ай» пьесасында, Еркеғали Рахмадиевтің «Жетісудың қыздар-ай» әнінде, Файзолла Абсолямовтың «Ее время пришло» деректі фильмінде.

Күләш Ахметова

Таңданам кеңдігіне даламыздың,
Айналған арқауына ән-аңыздың.
Туғызған қазақ деген жомарт халық,
Бірісің ғасырдағы дана қыздың!

Ахмет Кендірбекұлы

Жасынан еңбек болып ән ұраны,
Еліктеп өсті елімнің сан ұланы.
Алыстан ақ ордадай көз тартады,
Құт қонған шат-шадыман шаңырағы.

Тіршілігінде ғұмырнамасы сан шығармаларға арқау болған Зылиха Жанболатқызы Тамшыбаева Жетісу өңірінің ғана емес, тұтас қазақ халқының мақтанышына айналды.

Қорытынды сөз

Құрметті көпшілік, қадірменді қонақтар! «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дегендей, алып тұлғалардың есімін, еліне сіңірген еңбегі мен үлгілі ісін насихаттау, оны ұрпақтан-ұрпаққа аманат ету — әрқайсымыздың азаматтық парызымыз.

Зылиха Жанболатқызы Тамшыбаеваға арналған еске алу кеші мәресіне жетті. Көріп, тамашалағандарыңызға көп рақмет.

Дайындаған

Ж. Ә. Сабырқұлова — математика пәнінің мұғалімі, Жапсарбаев атындағы орта мектеп (Көксу ауданы, Мұқыры ауылы).