Қырдың гүлі қырмызы
Кездесу (2-сынып)
«Желтоқсан жаңғырығы – Тәуелсіздік!»
Бұл кездесудің өзегі — Тәуелсіздікке жету жолындағы тарихи сабақтастықты таныту, елдіктің қадірін ұғындыру және жас ұрпақтың жүрегіне отаншылдық рухын сіңіру.
Мақсаты
- Қазақстан Республикасының Тәуелсіздікке жету жолындағы маңызды қадамдарына шолу жасап, оқушыларға түсінік беру.
- Ойлау мен есте сақтау қабілеттерін дамыту, сөйлеу мәдениетін арттыру.
- Елін, жерін сүйетін, ұлтжанды азамат етіп тәрбиелеу.
Қажетті материалдар мен тәсілдер
Көрнекілігі
Қазақстан Республикасының рәміздері, кітаптар, слайдтар, нақыл сөздер.
Әдіс-тәсілдер
Салтанатты жиын, кездесу, өлең оқу.
Іс-шараның барысы
Жүргізуші сөзі
Тәуелсіздік түскен жоқ қой аспаннан,
Тарихы оның тым әріден басталған.
Бодандықтан құтқарам деп елімді,
Талай боздақ қара жерді жастанған.
Жылдар бойы бостандыққа шөлдеген,
Халқым менің не қасірет көрмеген?!
Тәуелсіздігімізді тәу етіп, егемендігімізді ту етіп желбіреткен мереке құтты болсын! 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне арналған іс-шараны ашық деп жариялаймын.
Әнұран орындалады.
Жүргізуші сөзі
Биыл тәуелсіздігіміздің арайлап атқан таңының атқанына 22 жыл толды. «Елу жылда ел жаңа» демекші, 22 жылда да өмірімізде көп өзгеріс болды.
Тәуелсіз еліміз болашаққа айқын бағдар түзеп, өркениетті елдер қатарына қосылуға нық қадам жасады. Біз Тәуелсіздікке қол жеткізу арқылы мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді, дінімізді, тілімізді қайта жаңғырттық.
Егемендігіміздің айғағы саналатын Әнұран, Ту, Елтаңба қабылданып, ұлттық валютамыз — теңге айналымға енді. Көптеген елдермен экономикалық байланыс орнатып, бүкіл әлемге қайтпас қайсар қазақ халқының бар екенін таныттық.
Желтоқсан ерлері — мәңгі жадымызда
Еліміздің жері, болашағы, үміті үшін Желтоқсанда жас ғұмырын құрбан еткен қазақ қыздары мен ұлдарының есімдері — Ләззат Асанова, Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатайұлы, Сәбира Мұхамеджанқызы — ешқашан ұмытылмайды. Олар жүрегімізде мәңгі сақталады.
Оқушылардың өлең жолдары
Кетпес мәңгі көңілден,
Қырдың гүлі қырмызы.
Ағып түскен көгінен,
Желтоқсанның жұлдызы.
Қайрат пен Ербол —
Қайсар туған ұлдары.
Булықтың да бұлқындың,
Жанды қарып ызғары.
Қара ормандай жұртымның,
Ләззат пен Сәбира —
Қайсар туған қыздары.
Он алтыншы желтоқсан —
Тәуелсіздік алған күн.
Ерекше боп мәңгілік,
Ел жадында қалған күн.
Он алтыншы желтоқсан —
Ел мерейі тасыған.
Қазақ деген қалың жұрт
Бәрін кешті басынан.
Әр қазақтың есінде сақталады,
Желтоқсандық өрендер ақталады.
Ел намысын қорғаған сарбаздарым,
Ерліктерің мәңгілік сақталады.
Қонақпен кездесу
Бүгінгі қонағымыз — Желтоқсан оқиғасына қатысқан Қожабергенова Гүлжанат Сүлейменқызы. Қадірлі қонағымызға сөз кезегін береміз.
Қонақ әңгімесі
Естелік әңгіме айтылады.
Оқушылардың сұрақтары
Сұрақ-жауап бөлімі ұйымдастырылады.
Қорытынды
Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, халқымыздың еңсесі жоғары, егемендігіміз баянды болсын! Назарларыңызға рақмет. Сау болыңыздар!