Жауапкершілік жаттығуы

Мен өміріме және мамандығыма жауаптымын

Бұл материал педагогтердің жауапкершілік туралы түсінігін кеңейтуге, өз әрекеті мен өз өміріне, кәсібіне жауапты екенін ұғындыруға және жауапкершілік дағдыларын дамытуға арналған.

Негізгі мақсат

Жауапкершілік ұғымын жан-жақты түсіндіру және оны күнделікті кәсіби әрекетке енгізу.

Нәтиже

Қатысушылар өз таңдауы мен шешімінің салдарын бағалап, саналы түрде жауапкершілік алуға бейімделеді.

Формат

Әңгіме-сұхбат, қысқа лекция, тәжірибелік жаттығулар, ойын және медитация.

Бастау: сәлемдесу және танысу

«Менің есімім және танымалдылығым» техникасы

Әр қатысушы өзін қысқаша таныстырып, Қазақстандағы танымал тұлғалардың біріне теңеп айтады.

Мысал: «Менің есімім Фарида. Мен әнші Бибігүл Төлегеновамын».

1) Жауапкершілік туралы әңгіме-сұхбат

Төмендегі сұрақтар арқылы ортақ талқылау жүргізіледі. Мақсат — жауапкершіліктің жеке өмір мен кәсіби қызметтегі орнын анықтау.

  • Жауапкершілік дегеніміз не?
  • Оны қай уақытта ерекше сезінесіз?
  • Жауапкершілік адамның жағымды қасиеттерін қалыптастыруға әсер ете ме? Қандай әсері бар?
  • Өз өміріне жауапкершілік алу дегенді қалай түсінесіз?
  • Жауапкершілік ала алатын адамның бойынан қандай қасиеттерді байқайсыз?

2) Қысқаша лекция (5–7 минут)

Жауапкершілік — адамның өз әрекетіне жауап беруі, міндетін орындау қабілеті. Мұндай адамға сеніп іс тапсыруға болады: ол тапсырманы ойдағыдай орындап, өзгені ыңғайсыз жағдайға қалдырмайды.

Адамда әрдайым таңдау бар: жауапкершілік алу немесе өзгені кінәлау. Ең маңыздысы — кейде міндетті өз мойныңа алғың келмесе де, оның соңғы нәтижесін бәрібір өзің көресің.

100% жауапкершілік неге маңызды?

  • Оқиғаны дұрыс бағалап, жағдайға сай әрекет етуге көмектеседі.
  • Нәтижені алдын ала болжау қабілетін күшейтеді.
  • Өмір сапасын арттырады: бақылау мен жауапкершілік қатар жүргенде жүйелілік пайда болады.

3) «Соқыр және жетекші» жаттығуы

Мақсаты

Өзіне және серіктесіне жауапкершілікпен қарауға, сенім мен қауіпсіз әрекет дағдыларын дамытуға үйрету.

Қажетті құралдар

  • Орындықтар
  • Көз байлайтын орамал

Нұсқау

  1. Қатысушылар жұпқа бөлінеді.
  2. Орындықтар «жылан» сияқты ирелеңдеп қойылады.
  3. Жұптың біреуінің көзі байланып, екіншісі оны орындықтарға соқтықтырмай алып өтеді.
  4. Кезекпен қайталайды, кейін рөлдер ауыстырылады.

Талқылау сұрақтары

«Соқыр» рөлінде қандай күйде болдыңыз?
Жетекшіге қаншалықты сендіңіз?
Қайда екеніңізді, қайда бара жатқаныңызды сездіңіз бе?
Өзіңіз жауапкершілік алған кезде қандай күйде болдыңыз?
Досыңыздың сізге қорықпай сенуіне қандай жағдай жасадыңыз?
Қай рөлде өзіңізді жақсы сезіндіңіз: «соқыр» ма, әлде «жетекші» ме?

4) «Жауапкершілік» жаттығуы: сөйлемді аяқта

Қажетті құрал

Әр қатысушыға сөйлемдер жазылған ақ парақ.

Нұсқау

Төмендегі сөйлемдерді өз ойыңызбен аяқтаңыз:

  • Жауапты адам болу дегеніміз — …
  • Жауапты адам мен жауапкершілігі жоқ адамның айырмашылығы — …
  • Мен өз жауапкершілігімді … арқылы көрсетемін.
  • Мен үшін ең қиын жауапкершілік — …
  • Жауапкершілігі бар адамды мен … арқылы танимын.
  • Менің жауапкершілігім артқан сайын, өзімді … сезінемін.
  • Мен мынадай … жауапкершілікті алудан қорқамын.
  • Мен өз өміріме жауаптымын, себебі …
  • Мен өз мақсатыма жету үшін … жауапкершілігін ала аламын.

5) «Мен өз әлемімнің қожайынымын» жаттығуы

Мақсаты

Өзіне деген сенімді күшейту, жауапкершілікті болуға дағдыландыру.

Нұсқау

  1. Қатысушылар бір-бірлеп орнынан тұрады.
  2. Омыртқаны тік ұстап, иықты түзулеп, ішкі қуаныш пен мақтаныш сезімін қалыптастырады.
  3. Төмендегі сөздерді анық, сенімді түрде айтып, алға бір қадам жасайды:

«Мен — өз әлемімнің қожайынымын. Өмірімнің әр сәтіне жауапкершілік аламын және арманымның жүзеге асуын өз міндетім деп білемін».

6) «Портрет» ойыны

Мақсаты

Адамды тану, жеке қасиеттерді бағалау және ортақ көзқарасты анықтау.

Нұсқау

  1. Бір қатысушыны есіктің сыртына шығарасыздар.
  2. Қалған қатысушылар іштерінен бір адамды таңдап, сол адам туралы пікір айтып, мінездеме береді (портрет жасайды).
  3. Сыртта тұрған қатысушыны шақырып, сипаттама қай адамға қатысты екенін табуын сұрайсыздар.

7) «Арманға апаратын басқыш» медитациясы

Нұсқау

  1. Баяу әуен қосылады. Ыңғайлы отырыңыз.
  2. Арқаны орындық арқалығына сүйеуге де, еркін ұстауға да болады.
  3. Көзіңізді жұмыңыз. Мұрынмен тыныс алыңыз. Қолды іш тұсына қойып, тыныстың ішті толтырып жатқанын сезініңіз.
  4. Ауаны 3 секунд ұстап, мұрын арқылы шығарыңыз. (Жаттығуды 3 рет қайталаңыз: екіншіде 5 секунд, үшіншіде 7 секунд ұстаңыз.)
  5. Көзіңізге 10 басқышты елестетіңіз. Ең жоғарысында сіздің арманыңыз тұр.
  6. Әр басқыштағы сөздер сізге қуат беріп, сенім ұялатады. Арманыңызды іштей нақтылап көріңіз.
  7. Сіз арманның төріне көтерілдіңіз. Зал сіздің жетістігіңізді қол соғып қарсы алып жатыр.
  8. Сіз барлық технологияны меңгеріп, елордадан «білікті тәрбиеші-педагог» марапатын алып келдіңіз.
  9. Осы мақсаттың орындалатынына ішкі сенімді бекітіңіз.

8) «Тілек торы» жаттығуы

Нұсқау

Қолда дөңгеленген жіп болады. Бір қатысушы жіпті тілек айтып келесі адамға лақтырады. Жіпті алған адам өз тілегін айтып, басқа қатысушыға береді. Осылайша ортақ «тор» пайда болады.

Бұл тор — бірліктің символы. Кәсібімізді де дәл осылай өзара байланыста, қолдауда дамытайық. Жақсы педагог болудың негізгі тіректерінің бірі — жауапкершілік екенін ұмытпайық.

Дайындаған: Тлеумбетова Фарида Абелхановна